Алып құрылыс алаңы

   Құрылыс саласы – ел экономикасының көрсеткіші. Қарағанды облысында да солай… 1936 жылдың 3 тамызындағы КСРО ХКК қаулысымен облыс орталығы мәртебесін алған сәттен бастап құрылыс қарқынды жүрді.

Мәскеу «Мособлпроект» институтының жобалаушыларымен әзірленген қаланың бас жоспары әзірленіп, таңдалған аудан астында 500 метр тереңдіктегі көмір қорының барына қарамастан, қала құрылысын бастау жоспарланды.

Бұл қағаз бетіндегі жоспар болатын, ал жұмыс іздеп, Қарағандыға жан-жақтан ағылғандар легімен бірге Бұқпа өзенінің бойында Қарағанды қаласының құрылысы көз ілеспес шапшаңдықпен өсе берді. 5-6 жылдың өзінде қала үшін қажетті көп қабатты үйлер, мектеп, қонақүйлер, әкімшілік ғимараттар қарқынды түрде жүрді. Жолдарды салуға, көшелерді абаттандыру, кәріз жүйелері мен су құбырларын тартуға ерекше назар аударылды.

Осы жылдары Қарағанды алып құрылыс алаңына айналды.

1968 жылы Қарағанды құрылысының жаңа бас жоспары бекітіліп, 1969 жылы Оңтүстік-Шығыс бөлігінің құрылысы басталды. Әкімшілік, сауда, мәдени-тұрмыстық ғимараттары орналасқан Оңтүстік-Шығысты Қарағанды қаласының орталығына айналдыру сол кезде жоспарланған болатын.

№№16, 27, 57 мектеп ғимараты, балабақша, қазіргі Университет көшесінің бойындағы №№25, 23, 27 тұрғын үйлері бой көтерді. Мамандандырылған «Океан» дүкені бой көтерді, «Алтын дән» нан дүкені ауданның көркін кіргізді.

4 шағын ауданнан тұратын Степной тұрғын үй массиві бой көтеріп, 2 қабаттан бастап, 16 қабатқа дейінгі тұрғын үйлер салу жоспарланды. Ал 1985 жылдары «Гүлдер» шағын ауданының құрылысы басталды.

Ағылшын стилінде салынған Қарағандының «түрлі-түсті шағын ауданы», 44 мың тұрғынға арналған «Орбита» туралы айта кетпеске болмайды. Осы жерде 1986 жылы жергілікті тауарларды жарнамалайтын орынға айналған «Карагандинец» дүкені ашылды.

«Орбита» шағын ауданынан өзі жеке бой көтерген «Созвездие» халықаралық орталығының нысанын тамашалауға болатын еді. Ғимарат 1986 жылы «Валют-Транзит» қолға алып, әлемдік стандартқа сай үш жұлдызды қонақ үйге айналдырды.

Мәдени-ағартушылық нысандағы Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың бас корпусы бой көтерді.

1977 жылы «Сарыарқа» мәдени-сауық орталығы салынды. 1990 жылы салу жоспарланған Қарағандыда мешіт пен шіркеу ғимаратының бой көтеруі Қазақстан халықтарының ұлтаралық келісімінің үлгісіне айналды.

Кеңес Одағы келмеске кеткеннен кейін құрылыс индустриясы 1960 жылдармен салыстырғанда біршама бәсеңдеді. Бірақ, қаржылық-экономикалық ахуалдың жақсаруы мен мемлекеттік саясаттағы басым бағыттардың алмасуы отандық құрылыс ісінің бір жолға қойылуына жол ашты.

Елбасының тапсырмасы бойынша өңірді бала бақша және орта білім беру мекемелерімен қамтамасыз ету мақсатында Теміртау қаласында, Бұқар жырау ауданында, Нұра мен Жаңаарқа, Осакаров аудандарында мектеп құрылыстары салынып, пайдалануға берілді.

«100 мектеп және 100 аурухана» жобасының аясында Қарағанды об­лысында 6 нысанның іргетасы қаланды, Балқаш, Жезқазған қала­ларында емхана салынды.

Құрылыс жобасында әлеуметтік сала да тыс қалған жоқ. Осы мақсатта Саран қаласында жүйке ауруымен ауыратындарға арналған 500 орындық аурухана құрылысы салынып, 2010 жылы пайдалануға берілді.

2011 жылы Нұра ауданы, Киевка кентінде тарихи-өлкетану мұражайы салынды.

Кейінгі жылдары Қарағанды об­лысында халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі дұрыс жолға қойылып, «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы аясында соңғы үш жылдың өзінде 1207 мың шаршы метр (9745 пәтер) тұрғын үй пайдалануға берілді.

Жезқазған, Приозерск, Абай, Қар­қаралы қалаларында ҚР Ұлттық қор ыесебінен инженерлік-коммуникативтік инфрақұрылымының құрылысы қарас­тырылуда.

Кеңсе үй-жайларына сұраныстың өсуіне байланысты соңғы жылдары ресми орталықтардың қарқынды түрде салынуы Қарағанды облысына да тән. Қарағанды қаласынан бастап, аудан орталықтары, шағын қалаларда бой көтерген сауда, сауықтыру орталықтары кейінгі жылдары Кеңес өкіметінің көнерген шағын аудандарының орнына көп қабатты үйлер тұрғызылып, алып супермаркеттер шағын сауда орындарын ығыстырды.

Салтанат ИЛЬЯШОВА

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.