Рухани жаңғыру

Ғалымның ғажайып әлемі

Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде «Өлке тұлғалары» тележобасы аясында «Болашақ бізден басталады» атты кездесу кеші өтті. Кеш қонағы – филология ғылымдарының кандидаты, доцент Азат БАБАШЕВ.

Жобаның мақсаты – дәстүрімізді дәріптеп, салтымызды сақтауда аянбай еңбек етіп жүрген, бар күш-жігерін халқына арнаған өлкемізге танымал айтулы азаматардың еңбектерін оқырмандарға таныстыру. Шараға ақын Қайрат Асқар, «Қарымды қаламгер» клубының белсенді мүшесі Майрол Оразай, №12 орта мектептің ұстазы Жангелді Тоқтамұрат және тағы да басқа жастар офлайн қатысса, көпшілік көрермен ZOOM платформасы арқылы қосылды. Шарада карантин талаптары толық сақталды. Кітапхананың жұмысын коғам мен адамнан бөліп қарауға болмайды.

Кітапхана рухани қазынаны жинақтайтын киелі орын. Сол себепті кітапхананың жас ұрпаққа тәрбие берудегі рөлі өте зор.

Расул Ғамзатов: «Өзіңді өзің тану үшін кітап керек, өзгені тану үшін де кітап керек» деген тамаша сөз айтқан. Адамның айнаға қарап бет жүзін көретіні сияқты кітап оқу арқылы жаңа әлемді таниды, басқа ұлттың, басқа халықтың, басқа бір елдің, қоғамның мәдениетін, тілін, тұрмысын, салт-дәстүрін біледі.

Шара Азат Мақсұтбекұлының өмірбаяны мен жеткен жетістіктерін таныстырудан басталды. Ол аймаққа танымал ұлағатты ұстаз, терең білімді ғалым. Жастардың қамқоршысы, ақылшысы. Бүгінде елінің абыройлы перзентіне айналып отырған ғалым 80-нен астам ғылыми еңбектің, 1 монографияның, 2 оқулықтың авторы. Жапония, Қытай, Башқұрт мемлекетік универистеттерінде дәріс оқып, Түркия, Моңғолия, Өзбекстан елдерінде халықаралық семинарларға қатысқан.

Шара барысында жастар көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, тұщымды жауап алды. Кеш қонағы жастармен жылдам тіл табысып, еркін форматта әңгіме өрбітті.

Сонымен қатар, Азат Мақсұтбекұлының өмірі мен шығармашылығы туралы бейнежазба жұрт назарына ұсынылды.

Ақын Қайрат Асқар жырдан шашу шашса, кешті тізгіндеген Айткүл Төлеуханқызы әңгімені іліп әкетіп, тұздықтап отырды.

Шара соңында кеш қонағына кітапхана ұжымы естелік сыйлық табыс етіп, қолтаңба алды. Белгілі ғалымның ғажап әлемімен жақын танысқан жастар алдағы өміріне қажетті көптеген ақпарат алғаны сөзсіз.

Жәлел ШАЛҚАР

Басқа материалдар

Back to top button