Жаңалықтар

Ғалым. Жолдас. Азамат

   2017 жылдың 7 қаңтарында  техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент – мүшесі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ғалым, Ж.Әбішев атындағы Химия-металлургия институтының директоры – Манат Жақсыбергенұлы кенеттен өмірден озды. Ол атақты ғалым, ірі ұйымдастырушы ретінде институт тарихына енді. Оның тағдыры – институт тағдыры, отыз жылдан аса өмірін институтқа арнады.  Бұл шығармашылық шабытының, өз ойын жүзеге асырудың және алға қойған мақсаттарын орындай білудің жылдары деп айтсақ болады. Бұл – талантты, дарынды және іскер адамның бейнесі.

Манат Жақсыбергенұлы Қарағанды облысы Қарқаралы қаласында дүниеге келген. 1964-1974 ж.ж дейін Қарқаралы орта мектебінде оқыды. Өзінің еңбек жолын 1974 жылы Қарағанды қаласындағы Ж.Әбішев атындағы Химия-металлургия институтының пирометаллургия зертханасында зертханашы қызметінен бастады. 1976 жылы Теміртау қаласы Қарағанды металлургия институты жанындағы ЖТОО зауытына «Қара металдар металлургиясы» мамандығы бойынша оқуға түсті. Осы жоғарғы оқу орнын тәмамдағаннан кейін 1981 жылы «Черметавтоматика» ОКПБ ҒӨБ-нің болат балқыту өндірісінің автоматизациясы бөліміне инженер қызметіне жіберілді.

1984 жылы жолдамамен Донецк политехникалық институтының аспирантурасына жіберілді, онда атақты ғалым-теоретик, профессор А.Пономаренконың жетекшілігімен алғашында Украина кен орындарында, содан кейін Қазақстанда марганецті кенді пайдалану арқылы болатты марганецпен легирлеудің технологиялық және теориялық аспектерін жасады. Сол кезде аспират болып жүріп-ақ М.Толымбеков мақсатты таңдауда және оған жетуде өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсті. СССР-дың қара металлургия Министерствасының дәлізінде «Союзспецсталь», «Союзферросплав», «Главруда» сияқты қуатты басқармаларда басшылық етті, сол кезде Қазақстандағы марганецті салалардың дамуына қарсылық танытқандар болды, алайда М.Толымбеков Орталық Қазақстанның марганец кенді кен орындарының аясында Қазақстанды құрайтын және СССР марганецті саласының дамуын қамтитын масштабты министрліктің бағдарламасына енгізілуіне қол жеткізді. Тікелей М.Толымбековтің қатысуымен «Үшқатын-III», «Богач», «Жомарт», «Западный Камыс», «Восточный Камыс» сияқты марганецті кендердіне күрделі ғылыми және технологиялық зерттеулер басталды.

Әрине, оның техника ғылымының докторлары Т.Ғабдуллин Т.Такенов,  ЖТОО зауытының болат кафедрасының меңгерушісі К.Умаров сияқты ізашар ғалымдары болды. Алайда, өндірісте болатты марганецпен лигерлеу және марганецті ферроқорытпаларын қорыту бойынша дайындалған технологияларды енгізу және олардың өндірістік сынамалары М.Толымбековтің атымен байланысты.

Болашақ ДПИ аспиранты, содан кейін ҚазССР ҒА ХМИ металлургиялық балқымалары зертханасының ғылыми қызметкері М.Толымбеков Өзбекстан, Қазақстан және Орал металлургиялық кәсіпорындарында қазақстандық марганецті рудалары және концентраттарымен болатты тікелей лигерлеу технологиясын дайындауға қатысты. Сол кезде 80-ші жылдары М.Толымбековтің басшылығымен әртүрлі балқыту агрегаттарында Нижнетагиль танк зауыты мен Павлодар трактор зауытының электр пештерінен Өзбек металлургия зауытының жоғары қуатты доғал болат балқыту пешіне, Қарағанды металлургия­лық комбинатының 300 тонналық конвертерлік және 600 тонналық мартендік пешіне дейін жүздеген болатты балқы­ту жұмыстары жүргізілді.  Атап айтар  болсақ, сол кездегі жетекшілік еткен СССР металлургиялық кәсіпорындарының цех­тарында, қуатты пештер алаңында және оларды басқарудан тетіктерін қолға алғаннан бастап М.Толымбековтің ерекше ғалым-тәжірибеші ретінде қалыптасуы болды.

СССР құлағаннан кейін Қазақстанның тау-металлургиялық кешеніне де ауырлық түсті, оны ешқандай мемлекеттік қаржыландырусыз әрі қарай дамытуға тура келді. Осы қиын уақытта  «Ферроқорытпалар және тотықсыздандыру үрдістері» зертханасын жас, бірақ тәжірибелі техника ғылымдарының кандидаты М.Толымбеков басқарды. Ғылыми білімі, тәжірибесінің арқасында академиялық зертхананың теориялық ұсынымы оның жемісін бере бастады.

1997 жылы оның зертханасы Ақтөбе ферроқорытпа зауытында жоғары күлді көмірді пайдалану бойынша ғылыми-технологиялық жұмыстарды орындап, кокстың жетіспеушілік мәселелері шешілді және хромды қортпалар өндірісі үрдістерінің техникалық-экономикалық көрсеткіштері біршама жақсарды.

Сол жылдары оның жетекшілігімен «Үшқатын-III», «Жомарт», «Богач» және «Есімжал» кен орындарының марганецті кендерінің металлургиялық бағасымен төмен кремнийлі ферромарганецті қорытуларда зерттеулер басталды. Осы сәттен бастап Қазақстан металлургиясы үшін марганец дәуірі басталды. Технологияны меңгерген алғашқы кәсіпорындардың бірі Ресей ферроқорытпашылары болды, атап айтқанда,1994 жылы Ресей ферроқорытпа индустриясының Челябинск электрометаллургиялық комбинатының мамандары директор Ф.Исхаков­тің басшылығымен ХМИ еңбектерімен танысып, «Үшқатын-III» және «Жомарт» кен орындарының марганецті концентратын пайдаланып, ферросиликомарганец және ферросилиция қорытпаларын 6 қуатты ферроқорытпа пештеріне ауыстырды және осылайша Ресей Федерациясының болат балқыту өндірісінің коллапсынан құтылды. Өз кезегінде, бұл Қазақстанның кеншілеріне көп көмек болды, осы кен орындары түсті металдар өндіру және қайта өңдеуге бағытталған барит пен қорғасын  Жәйрем ТКБК құрамына кірді. ЧЭМК тәжірибесіне сүйене отырып, Ақсу ферроқорытпа зауытының  тәжірибелі технологтары мен менеджерлері зауыт директоры Б.Святовтың басшылығымен «Шығыс Қамыс» және «Тур» кен орындарына өздерінің бірнеше пешін әкелді. Бұл отандық марганецті кендерден жоғары сапалы қорытпаны қорыту мүмкіндігін дәлелдеген Қазақстан ферроқорытпашыларының жеңісі болды. Алайда, М.Толымбеков масаттанған жоқ, өйткені оның зертханасы ғылым докторы С.Байсанов  басқарған металлургиялық балқымалар зертханасымен бірлесе металлургия саласындағы жаңа серпінге дайындалып жатты – олар сұйық болатта ерітілген оттегіні жою үшін қолданылатын қорытпа, ферросиликоалюминийді (ФСА) өндіру технологиясын жасап шығарды.

Технологияның бірегейлігі көмір жынысты Екібастұз көмір бассейнінің кентермикалық пештерінде қайта балқыту жолымен көмір шығару қалдықтарынан темір, кремний және алюминийдің аса бағалы қорытпасын алуда болды. Осы технология бойынша ХМИ ғалымдары және Екібастұз қаласы Кәсіпкерлері 1998 жылы ФСА өндірісі бойынша зауыт салды. М.Толымбеков жобаның басы-қасында болып, қорытпашыларды оқыту кезеңінде және тәулік бойы қуатты электр пешінің басқару тетігінде кезекші болды.

«Ферросиликоалюминий (әлемде алғаш рет) және күкірт қышқылының таза сорттарынан әлемдік деңгейге сай өнімді шығару, техногенді шикізатты қайта өңдеу бойынша өндірісті ұйымдастыру және технологияларды жасауда» Қазақстан үшін ғылыми, әлеуметтік және өндірістік мағынаға ие жұмысы үшін ғалымдар тобында  М.Толымбековке білім, ғылым және техника саласында  Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері атағы берілді (2001 ж.).

Ғалым ретінде М.Толымбековтің қарапайымдылығы және ғылыми объективтілігі туралы айтпасқа болмайды. Осы уақыт аралығында докторлық диссертация жазу үшін оның теория­лық және практикалық қоры жеткілікті болды. Бірақ, уақыт тапшы еді. Алда «Карбид» ӨБ реанимациялау бойынша үлкен жұмыс тұрды, бұл жерде Қазақстандағы ең күшті карбид кальцийге сұраныстың болмауынан қуаттылығы 60 мегаватты  (РПО-60) кен термикалық пеші бос тұрған еді. 1999 жылы бұл кәсіпорынды сатып алған  ХМИ және «Алаш» акционерлік қоғамы «Есімжал» және «Богач» кен орындарының кендерін пайдаланып, осы жерде төмен кремнийлі ферромарганец және ферросиликомарганец өндірісін ұйымдастыруды шешті.

Бірақ бұл жоспарды жүзеге асыруда кейбір объективті мәселелер кедергі жасады. РПО-60 «Сименс»  батыс-неміс концернімен 80-ші жылдары құрастырылған және жоғары температуралы қорытпаны қорытуға арналған кальций карбиді осындай болды және Қазақстан кен орындарының тез балқитын кендерінен  марганец қорытпаларын балқытуда оны аудару күрделі процесс болды. Бұл мәселені қымбат және көп тонналы трансформаторды марганец қорытпалары үшін параметрлерімен сай келетін трансформаторға ауыстыру арқылы шешу қажет болды. Алайда, бұл жерде Толымбеков мәселеден шығудың  ең оңай және тиімді тәсілін тапты. Бір қатар техникалық және электр техникалық есептеулерден кейін онымен силикомарганец және ферромарганецті қорыту үшін пештердің жеткілікті қуаттылығында шихталық материалдардың электр қарсылықтарына жұмыс істеуге мүмкіндік беретін, анықталған, белгіленген шекарада пештердің электродтарын қозғалту ұсынылды.

М.Толымбековтің басшылығымен пештерді қалпына келтіру және құю бөлімшелерін салудан кейін «Карбид» ӨБ үшін жаңа технологияны игеру басталды. Оның зертханасының қыз­меткерлері бұрынғы карбитшілерге ферромарганецті қорытудың қыр-сырын үйретіп, тәулік бойы пештерде кезекшілік етті. Сол кезде пештерде ХМИ қызметкерлері мен пультпен басқарушыдан басқа ешкім болған жоқ еді.

Тек пешті қосудағы  ең қиын және қауіпті кезеңдер өткенен кейін ғана, жиырма метрлік электродтардың жұқа қаңылтыр ернеушесінен тұратын ерітілген смалалы электродты массасының пісуі, қажетті химиялық құрамды ферроқорытпаның бірінші тонналарын ал­ғаннан соң, адамдар жаңа қорытпаны алу мүмкіндігіне сенді. Бұл көлемді жұмыстың нәтижесі Қазақстанда алғаш рет фосфордың ультратөмен құрамымен жоғары сапалы төменкремнийлі ферромарганец өндірісін ұйымдастыру болды.

Ғалымның өмірінің келесі кезеңі оның 2001 жылы кезінде әйгілі ғалым Е.Бөкетов директор болған жетекші институттардың бірі – Ж.Әбішев атындағы Химия-металлургия институтының директоры қызметіне тағайындалуы болды. Осы тағайындаудың артында  оның академиялық қоғамдастықтардың аясында  талантты ғалым және көшбасшы ретінде танылуы тұрды. Зерттеу материалдары бойынша  Манат Жақсыбергенұлы  «Фазовые равновесия в высокоосновных шлаковых системах и разработка рациональных технологических процессов металлургической переработки марганцевого сырья Казахстана» тақырыбы бойынша техника ғылымдарының докторы ғылыми атағын ізденушісі ретінде Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҒТУ-да 2003 жылдың қарашасында диссертациясын қорғады.

Қазақстан Республикасының үкі­ме­тінің (2003-2006 жж.) тапсырмасы бойынша Қазақстанда алғаш рет электртермия әдісімен отандық шикізаттан кристалдық кремнийді қорыту технологиясын жасау бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарының кешені оның ғылыми жетістігі болды. Дайындалған технология кристалдық кремнийді, металды өндіру бойынша салынған екі кіші зауыттарда қолданылады, және ол Қазақстанға дуралюминий және силуминдер-машинақұрастыру үшін қажетті қорытпалардың жаңа түрлерін меңгеруге мүмкіндік береді, ал келешекте осының негізінде күн батерияларының өндірісі ұйымдастырылатын болады.

М.Толымбековтің жетекшілігімен алынған нәтижелер Химия-металлургия институтына ТМД елдері және Қазақстан республикасының тау-металлургиялық кешендерінің жетекші өнеркәсіптерімен жоғары деңгейдегі қызметке шығуына мүмкіндік тудырды.

Оны ТМД маштабындағы жетекші ғалым-металлург ретінде мойындауы – ферроқорытпа өндірісін мәселелер және келешегі бойынша ТМД ғылыми-техникалық кеңесінің құрамына сайлануы болды (Мәскеу қ.). 2006-2007 жылдары М.Толымбеков РВ ақпараттық үрдістер, ақпараттар және технология­лары Халықаралық ғылым академиясының, Украинаның жоғарғы мектебі академиясының, сонымен қатар ҚР минералды ресурстары Академиясының академигі болып сайланды. М.Толымбековтің ұйымдастырушылық және кәсіби қабілеттілігі үшін Халықаралық ферроқорытпа бойынша комитетінің шешімі бойынша (InternationalCommitteeonFerroAlloys – ICFA) Он үшінші дүниежүзілік Ферроқорытпашылар Конгересінің, INFACONXIII«Efficient technologies in ferroalloy industry» төрағасы етіп сайланды.

М.Толымбеков 5 монографияның, 450-ден аса ғылыми еңбектердің авторы, 45 патент пен өнертабыстық авторлық куәліктердің иесі. Оның ғылыми жетекшілігімен 9 диссертация қорғалды. 12 металлургия магистрін және 1 доктор PhD дайындады.

Ә.АХМЕТОВ,

техника ғылымдарының кандидаты

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button