Руханият

Алтын қолды шебер

Қарағанды қаласының 90 жылдық мерейтойына орай қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен М.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапханада «Өлкетану» бөлімінің ұйымдастыруымен кездесу өтті. Кездесудің қонағы – Жаңа Майқұдық мәдениет үйіндегі қазақ қолөнер шеберлері қолданбалы қол­өнер үйірмесінің жетекшісі, белгілі шебер Қылышбек Жұматұлы.

Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан

Аталған кездесу көпшілікке қазақ халқының ұлттық құндылығы қолөнер бұйымдарымен таныстыра отырып, халық өнерін қастерлеуді, шебердің зергерлік өнерін насихаттауды көздеді.

Қолөнер шебері Қылышбек Жұматұлы – республикаға танымал шебер. Әулетіндегі бес ғасырдан бері үзілмей келе жатқан ұсталық өнерді қайта жаңғыр­тып жүрген ұста-зергер. Ол – қазақ көне ағаш шебері, темір ұстасы, зергер, өрімші, ерші. «Экспо-2017» көрмесінің күміс жүлдегері, республикалық «Алтын сапа» сыйлығының иегері.

Кездесуде Қазақстанның Құрметті журналисі, жазушы Төрехан Майбас облыстық ғылыми-техникалық құжаттама жөніндегі архив басшысы Темірғали Аршабеков, Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының ғылыми қызметкері Елеужан Серімов, «Egemen Qazaqstan» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Қасымхан Ғалым, «Орталық Қазақстан» газетінің өңірлер бойынша тілшісі Е.Имаш, «Серпер» домбыра үйірмесі жетекшісі Қ.Бақыраев, Е.Бөкетов атындағы университетінің оқытушысы Ернар Кейкин, күйші Сепбосынов, өлкетанушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Аңғар Смағұлов қатысып, кездесу кейіпкері туралы ойларын ортаға салды. Кәсіби шеберлігімен қоса, азаматтық болмысын, адамгершілік қасиеттерін, ұстаздық қырын тілге тиек етті. Оның жасаған бұйымдарындағы әрбір детальдың орынды пайдаланылуына тоқталып, мән-маңызын айрықша атап айтты.

Қарағанды қаласының қоғам белсенділері, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті тарих факультетінің студенттері, мектеп мұғалімдері, кітапхана оқырмандары, Абай атындағы мектеп-гимназияның музыка пәні мұғалімі Жұмагелді Әбдіров бастап келген озат оқушылар тілектерін білдіріп, ән мен күйден шашу шашты.

Қылышбек Жұматұлы кездесуге қатысқан көпші­ліктің ұлттық өнер жайлы сұрақтарына жауап берді.

– Мені кездесуге шақырып, жұртшылықпен пікір алмасуға, сұрақтарына жауап беруге, білгеніммен бөлісуге мүмкіндік туғызған кітапхана басшылығына алғыс айтамын. Ұлттық қолөнерге қолдау көрсетіп келген қонақтарға ризамын, – деді Қылышбек Жұматұлы.

Кеш соңында ұйымдастырушылар кездесуге келген қонақтар мен оқырмандарға рақмет айтып, Қылышбек Жұматұлына кітапхана атынан «Алғыс хат» тапсырды. Өнер жолына, елеулі еңбегіне мол табыс тіледі.

Ғазиза СМАҒҰЛОВА
ҚАРАҒАНДЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button