Бас тақырып

Алтын күн. Алтын адам. Алтын Елтаңба

Әлемдік рейтинг бойынша ең әдемі Елтаңбалар арасында тоғызыншы орынды иеленген Елтаңбамыз алтыннан жасалады. Бұл алыпқашпа әңгіме емес. Тіпті, еліміз бойынша Мемлекеттік рәміздерді дайындайтын жиырмадан астам фирманың ішінен шоқтығы биік қарағандылық «Ақ бастау KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі дайындық жұмыстарын бастап та кеткен. Бірақ, қазір бәлен деп болжам айту қиын. Себебі, абыройымен қатар, жауапкершілік жүгі де ауыр бұл істің. Дегенмен, жақсылықтан үміттіміз… Ал, егер идея табысты жүзеге асар болса, Қазақстан өзінің Елтаңбасын таза алтыннан жасаған тұңғыш ел болмақ.

Бұлай деуімізге де негіз бар. Бұған дейін Елтаңбасын алтыннан жасаған ел бар ма екен деп, интернетті бірнеше мәрте ақтарғанымыз­бен, мұндай ақпаратқа жолықпадық. Тіпті, алтын саудасында әлем бойынша жетекші алаң ретінде танылып, тоқсаныншы жылдары жарты миллион тоннаға дейін қымбат металл экспорттап, алтынның символына айналған Швейцарияның өзі Елтаңбасын алтыннан жасамаған екен.

Израильдің де Елтаңбасы алтыннан болар деген ой келді. Себебі, элементтері аса көп болмаса да, қалқан түріндегі рәміздің қақ ортасында Елтаңбаның негізгі элементі – менора бейнеленген. Тарихшылардың айтуынша менора – жеті майшамға арналған шырағдан шынымен өмірде болған және алтын құймадан жасалған-мыс. «Әлемнің жеті күнде жаралғанын білдіретін «Алланың нұры» немесе «Өмір символы» ретіндегі шырағдан басқа металдан жасалмауы тиіс. Ол тек алтын құймадан ғана болуы керек» делінген жазбаларда.

Менора жалпы еврей халқына ғана тиесілі, себебі, басқа мәдениетте кездеспейді. Ол – адамдар арасында Құдайдың болуының символы. Бірақ, Израильдің Елтаңбасындағы көне жазба бойынша тек алтыннан ғана құйылуы тиіс менораның қымбат металдан жасалғаны туралы ешқандай дерек жоқ.

Елтаңба элементтерінде алтын бояудан бөлек, сусальды алтын, яғни, алтын жалату арқылы жасауға болатыны туралы Ресейдің Мемлекеттік рәміздерді жасау стандарттарында да жазылған. Бірақ, таза алтыннан емес.

Жалпы, Елтаңбаны алтыннан жасау идеясын ұсынған – Жандарбек Мәлібеков. Сәуірде облысымызға іссапармен келген Елтаңба авторы оны алтыннан жасауға «Ақ бастау KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне рұқсат қағазын да ала келген еді сол кезде.

«Менің халқым Елтаңбасын алтыннан жасайды деген ой мен үшін үлкен мәртебе болар еді. Өзім отыз жылдан бері Елтаңбаға жұмыс істеп келемін. Біз Президентке алтын Елтаңба беруіміз керек. Ақордада алтын Елтаңба, әр мекемеде алтын жалатылған Елтаңба тұруы керек» деген еді Жандарбек Мәлібекұлы.

Алтын Елтаңбаны жасауды автор «Ақ бастау KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне сеніп тапсыруы да тегін емес. Серіктес­тік – республикадағы Мемлекеттік рәміздердің жетекші өндірушісі. Жиырма жылға жуық аралықта компания өзін осы өнімді өндірудегі өз қызметін толық дәлелдеп, нарықта берік орныққан.

– Алтын Елтаңбаны жасауға дайындық жұмыстары жүруде. Бұл – әлбетте, біз үшін үлкен мәртебе. Дегенмен, жауапкершілік жүгі – ауыр. Сол себепті дәл қазір ештеңе айта алмаймыз. Түрлі факторлар орын алуы да мүмкін ғой. Себебі, бұған дейін рәмізді алтыннан жасау тәжірибесі болмаған, – дейді «Ақ бастау KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Жанат Киембаев.

Шындығында, Жанат Жұмағалиұлының сөзінің жаны бар. Қазақстанды айтпағанның өзінде, әлемде мұндай тәжірибе болмағандықтан, Елтаңба қалай жасалуда әрі қашан дайын болады деген сұрақтың жауабын нақты бере алмаймыз деуі де орынды. Ол – уақыт еншісінде.

…Швейцария тәрізді тонналап алтын экспорттамаса да, Қазақстанның Елтаңбасы алтыннан болуы – қисынды. Себебі, еліміздің әр өңірінен табылған Алтын адамдар бабаларымыздың алтыннан сауыт киініп, күмістен жебе тарқанының дәлелі. Тіпті, Жандарбек Мәлібекұлының өзі Есік қорғанынан табылған Алтын адамның төбе бөркіндегі қанатты тұлпарлар бейнесін рәмізге енгізді емес пе?!

Мемлекеттік нышан – Елтаңбаның алтыннан болуы сөзсіз екенін осының өзі-ақ дәлелдеп тұрғандай.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button