«Алтын арба»: делдалсыз сауда, таза өнім
«Алтын арба» сауда-фермерлік орталығының ресми ашылуы жексенбіде кеншілер күнімен тұспа-тұс келді. Қарағанды аймағының танымал сауда орны халықаралық стандарттарға сайма-сай. Заманауи талаптарға жауап беретін жаңа фермерлік орталыққа облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ барып, сауда орнының жай-жапсарымен танысты.
«Алтын арбаның» – сәулеттік тұжырымдамасын чех инженерлері жасаған. Ал, жобасы финдік сәулетшілердікі. Жобаның құны – 4 млрд. теңгеге жуық. Бүгінгі таңда фермерлік-сауда орталығында 150 саяжайшы мен фермерлер өнімін саудаға шығарған. Жалпы, мұнда 400 сауда нүктесі көрігін қыздырмақ. Фермерлік өнімдермен қатар, «Алтын арбада» күнделікті тұтынатын тауарлар, балаларға, ер-әйел адамдарға арналған киім-кешектерді табуға болады. Қалтаға қонымды кез келген тауарды алуға мүмкіндік жасалған. Бұдан бөлек, көпшілік тамақтанатын орындар да бар. Ең бастысы, фермерлік өнімдерді тікелей нарыққа шығаруда делдал жоқ.
Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ, облыс әкімі:
– Қарағандының бұл ауданы бөлшек және көтерме сауданың ірі орталығы болып табылады. Ал, «Алтын арба» және «Шығыс» секілді сауда алаңдарын қайта жаңғырту – қажеттіліктен туындады. Ірі базарлардың инфрақұрылымын дамыта отырып, біз өркениетті саудаға, көлеңкелі экономикадан алшақтауға алғышарттар жасаймыз. Сонымен қатар, Қарағандының келбеті де жақсара түсуде.
Аймақ басшысы, кеншілер мекені күннен-күнге, ел Тәуелсіздігінің 25-жылдығы қарсаңында, ерекше көріктенуде екенін де атап өтті.
«Алтын арба» – «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының шарапатын көрген жобаның бірі. Қайта жөндеуден өткен базар – үр жаңа форматта. Орталықтың басты ұстанымы – жаңа мәдени-сауда орталығын құру. Базарға келген тұрғындардың демалыс орнын және бір мезетте барлық сапалы қызмет түріне қол жеткізуге мүмкіндік жасау дейді базар басшылығы.
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА