Алаяқ аяғын тартсын десек…
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерге айрықша назар аудару керектігін атады. Сондай-ақ, құқық қорғау органдарына мұндай қатерлерді анықтап, қылмыскерлерді құрықтау үшін ақпараттық-сараптама жұмысына барынша ден қоюды да тапсырды. Бірақ, полиция қызметкерлері интернет алаяқтықпен жұмыс жүргізіп, тамырына балта шабуға қанша тырысқанымен, Қарағанды облысында жасалатын қылмыстардың басым бөлігі осы алаяқтыққа қатысты тіркелуде. Бұл ретте құзырлы орган, атап айтқанда, полиция департаментінің өкілдері тұрғындар құқықтық және қаржылық сауат жүйелі түрде күшейтілмейінше, істен нәтиже шығуы екіталай екенін айтады.
Интерполдың 2022 жылғы қарашада ұсынған деректеріне сәйкес бүгінде интернет арқылы жасалатын фишинг және басқа да онлайн қылмыстар есірткі айналымы мен ақшаны жылыстату сияқты қатерлердің қатарында. Мәселен, 2025 жылға қарай кибершабуылдардан келетін залал 10,5 трлн. долларға дейін жетуі мүмкін екенін жасырмайды Интерполдың Бас Хатшысы Юрген Сток. Ал, ұрланған қаржының бір пайызы ғана иелеріне қайтады екен. Қалған ақшаның 99%-ы – қылмыскерлердің қолында қалады.
Қарағанды қаласы полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Шахназар Салин полиция қызметкерлерінің негізгі күш-жігері қоғамдық тәртіпті және азаматтардың қоғамдық қауіпсіздігін қорғауды қамтамасыз етумен қатар, қылмыстық құқық бұзушылықтарды, оның ішінде, интернет-алаяқтықтарды анықтауға бағытталғанын айтады. Мәселен, биылғы соңғы үш айда Қарағанды қаласында 2631 қылмыс тіркелген. Бұл – облыста тіркелген қылмыстардың 74,4%-дан астамы.
– Бүгінде жасалатын қылмыстардың басым бөлігі – алаяқтық. Яғни, 57,0%-ы, оның ішінде, интернет-алаяқтық – 46,1%.Биылғы жарты жылда Қарағанды қаласының полиция қызметкерлері бірқатар жұмыстар атқарды. Қабылданған шаралар нәтижесінде алаяқтықтардың саны өткен жылмен салыстырғанда 3,4%-ға азайды. Бірақ, дәл осы алаяқтық бойынша жасалатын ауыр қылмыстар 22,3%-ға өсті, – дейді Шахназар Салин.
Жалпы, интернет алаяқтық облыс орталығында көп тіркелетінін жеткізді полиция полковнигі. Мәселен, 610 іс тіркелсе, оның 14-і – ауыр қылмыстар санатына, 596-ы – орташа ауырлықтағы қылмыс санатына жатқызылған.
– Цифрлық технологиялардың дамуы өмірімізді жақсартқанымен, алаяқтарға қылмыс жасауға жақсы мүмкіндік ашып берді. Бұл, әсіресе, коронавирус инфекциясының таралуына байланысты 2020 жылғы карантин режимінде белең алды. Дәл осы кезде халықтың көпшілігі қаржылық операцияларды онлайн жүзеге асырып, түрлі тауарларды да онлайн сатып алып отырды. Одан бөлек, түрлі қызметтер де Интернет арқылы ұсынылды, – дейді Шахназар Әбдәшімұлы.
Полиция қызметкерлері тұрғындар өздері алаяқтарға сақ болса, олар да ештеме жасай алмайтынын айтады. Көп жағдайда азаматтар жалған қоңырауларға сеніп, деректерді өздері беріп жібереді.
– Орталық полиция бөліміне қоңырау шалған жәбірленуші «Халық банкінің» қызметкерімін» деп таныстырған белгісіз адамның қоңырау шалғанын мәлімдеген. Ол жәбірленушінің аталған банктегі жеке кабинеті бұзылғанын, ақшасын сақтап қалғысы келсе, «HopToDeask» қосымшасын жүктеу қажет екенін хабарлаған. Содан кейін белгісіз тұлғалар жоғарыда көрсетілген қосымшаны пайдалана отырып, 10 миллион теңгеден астам соманы шоттарға аударған. Одан бөлек, «Хоум Кредит Банкке» АҚ-дан кредит рәсімдеген. Жәбірленуші интернет-алаяқтық туралы білген. Бірақ, қоңырау шалғандардың айтқаны сенімді болғаны сонша, өз еркімен деректерді беріп жіберген. Осындай сәттерде асығудың қажеті жоқ. Алаяқтарға да керегі сол асығыстық, – дейді Шахназар Салин.
Айта кету керек, құрамына қаланың аумақтық бөлімшелерінің тергеушілері, жедел уәкілдері мен криминалистері бар «Киберпол» соққы-нысаналы тобының жұмысы «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Ал, интернет-алаяқтықтарға қатысты шұғыл тергеу әрекеттерін қызметкерлер бір жерде және бір уақытта жүргізеді. «Киберпол» қажетті базалық материалдық-техникалық құралдармен, IT зертханалармен жабдықталған. Қазіргі уақытта топқа аумақтық бөлімшелердің 48 қызметкері жұмылдырылған. Оның 12-і – жедел уәкіл, 12-і – тергеуші, 12-і – криминалист және 12-і – учаскелік полиция қызметкері.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz