Жаңалықтар

Алаяққа алданбаудың амалы бар

2024 жылғы үш айдың қорытындысы бойынша Қарағанды қаласында 1195 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелсе, оның 291-і – интернет алаяқтық. Мұндай қылмыстардың дені Оңтүстік-Шығыс секторында жиі тіркеледі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қарағанды қаласы полиция басқармасының бас­тығы Шахназар Салин мәлімдеді.

Сурет: almaty.tv сайтынан

– Қарағанды облысының тұрғындарының киберқылмыс­керлердің қулықтарына түсуі әлі де жалғасуда. Құқық қорғау органдары сақтық танытуды сұрайды. Бұл – интернет алая­қтардан қорғанудың ең жақсы тәсілі, – деді Шахназар Салин.

Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімінің бастығы Ерлан Мұсабеков болса, виртуалды алаяқтармен бетпе-бет келгенде өзін қорғау үшін қандай алдын алу шаралары қолданылатыны және не істеу керектігі туралы айтты.

– Ақша ұрлаудың алаяқтық тәсілдері өте көп. Банктен жалған қоңыраулар, табысы жоғары деп уәде беретін желідегі жарнама, конкурсқа қатысу туралы ұсынысы бар фишингтік хабарламалар, туысқандарына дауыс беру, іс жүзінде жоқ құқық бұзушылық жасалды деп телефонмен қоңырау шалу және тағы басқалар. Киберқылмыс­керлер екі ай сайын қылмыс схемаларын өзгертіп отырады, – дейді Ерлан Мұсабеков.

Айтуынша, үш айдың ішінде Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімінде WhatsApp қосымшасын бұзу арқылы қылмыскерлер жәбірленушінің байланыс тізіміндегі барлық адамдарға ақшалай көмек сұраған сегіз факт тіркелген. Одан бөлек, қоңырау шалып, сим-картаның мерзімі аяқталғанын хабарлаған бес факт тағы бар.

Шахназар Салин киберқылмыстарға, оның ішінде, интернет алаяқтарға қарсы іс-қимыл жасау үшін Қарағанды полиция басқармасының аумақтық бөлімшелерінде «Киберпол» соққы-нысаналы топтары құрылғанын да айтты. Жұмыс «бір терезе» қағидаты бойынша жүргізіледі. Ал, тергеуші іс тергеп-тексерілу сәтінде әрдайым жәбірленушімен байланыста болады.

– Деректерді қылмыстық пайдаланудан қорғау үшін бірнеше кеңестер бар. Алдымен, төлем картасының деректемелерін, атап айтқанда, жарамдылық мерзімі, CVV/CVS, ПИН-кодты ешкімге беруге және айтуға болмайды. Сондай-ақ, телефонға келген SMS-кодтарды хабарламау керек. Біреу өтініш еткен жағдайда мобильді банкингтегі телефон номерін де өзгертпеу керек, – дейді Ерлан Мұсабеков.

Полиция қызметкерлері айтқан сақтық шараларының қат­арында мобильді банкингтен логин мен парольді бермеу, белгісіз біреулердің жіберген хаттарындағы сілтемелер бойынша өтпеу, сондай-ақ, ресми сайттардан жүктелмеген болса, белгісіз бағдарламалар мен қосымшаларды орнатпау да бар.

– Деректеріңіз зиянкестердің қолына түсті деген күдік туындаса, 102 нөміріне қоңырау шалу керек. Егер өзіңіздің шоттарыңызбен сіздің қатысуыңыз­сыз операциялар жүргізіліп жатқанын байқасаңыз, дереу банктің байланыс орталығына хабарласыңыз, – дейді Ерлан Мұсабеков.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button