Алаштың бұлбұлы

     Қандай да бір елдің әлемге әйгілі болуы – сол елдің білімді де өнерлі ұл-қыздарының ізгілікті іс-әрекеттеріне, жеткен жетістіктеріне тікелей байланысты. Ел мәртебесін көтерген сондай саңлақтың бірі, заманында екі мәрте КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған теңдессіз әнші Күләш БАЙСЕЙІТОВАНЫҢ биыл – 105 жылдығы.

«Ірілер берер алыстан елес…»

Төрт мүшел өмір шегіне жетпей, 45 жасында бақилық болса да, оның өмір жолы жырдың күйіндей дастан, ұлы тарих, ел есіндегі ерлік. «Бетке бет тақасса бет көрінбес, ірілер берер алыстан елес» (С.Есенин) дегендей, Күләш анамыз алыстаған сайын биіктей береді. Өрелі өнер иесіне халқының берген бағасы дөп те дәл, нық та нанымды: «Қазақ халқының бұлбұлы», «Күміс көмей, жезтаңдай әнші», «Шығыс халықтары өнерпаздарының жарық жұлдызы», «Өнер саласындағы теңдесі жоқ Тұлға», «Қазақ опера өнерін дамытушы дарабоз дарын», «Опералық бейнелерді беріле де берік сомдаудың көшбасшысы», «Ұлы Отан соғысына өзіндік үлесін қосқан қайсар қыз», «Аты аңызға айналған өнер иесі» болып жалғаса береді. Күләш Жасынқызы кезінде тіпті, ұран сөздерге, жарнамаларға, мыңдаған мақалаларға арқау болды. Радио, теледидарлардан үзбей жарияланып, Театрда опералық көріністердің ортан белінде жүрді. Иә, өнерімен өзін де, елін де жер жүзіне таныта білген сирек тұлға.

Күләштің (Гүлбаһрам) ата-анасы тобықтыдан, арғы атасы Мәнжіғұл батырдың мүрдесі киелі Түркістанда жерленген. Кіндік қаны тамған жер – бұрынғы Тоқырауын болысының 2-ші ауылы, қазіргі Қарағанды облысының Ақтоғай ауданы. Дадан тобықтыдан (Өмір) – Асан, ал оның балалары Дәулетбақты, Есенбақты Тоқырауын бойын жайлаған азаматтар. Күләштің әкесі – Жасын Дәулетбақтының, ал, шешесі Зибажан Есенбақтының (жобамен) 10-шы ұрпақтары. Мәнжіғұл – Қожа-Ахмет Иассауи кесенесінде жерленген қазақтың атақты батыры, Күләштің шешесінің атасы Айдарханның әкесі. Жасын сол кездегі ел жақсыларымен қатарлас, өнер иелерімен аралас жүрген. Өте ширақ, сері де сыйлы азамат болған. Жүзі жарқын, үнемі күлімдей қарайтын, әнге жасынан бейім сүйкімді бүлдіршінің әкесі Күләш деп еркелеткен. Баласының бойындағы табиғи дарынды, өнерге ұмтылысын, әнге әуестігін, еңбекке деген талабын танып, оның болашағын ойлай келе сол кездегі ауылға, ел басына түсер ауыртпалықты ерте сезінген әке 1925 жылы Күләшті Верный (Алматы) қаласына оқуға апарған.

Білім мен өнер жолында

Күләш Алматы педагогикалық институтына түсіп, осындағы көркем өнерпаздар үйірмесінде, қалалық байқауларда ән салып көзге түседі. Іле 1929 жылы Қазақ драма театры жанындағы музыкалық драмалық студияда оқып, 1930 жылы Қазақтың тұңғыш драма театрына қабылданады. Ол кезеңдерде театрда Қ.Жандарбеков, Қ.Байсейітов, М.Ержанов сынды тума таланттар қызмет ететін. Күләш әу баста концерттерде әншілік өнерімен танылады. «Күләш екеуміз театр табалдырығын бірге аттадық. Әуелгі кезде, неге екені түсініксіз, бізге ешбір роль берілмеді…» (Шара Жиенқұлова, «Өмірім менің – өнерім»). Екеуіне ең алғаш рет берілген рөл – М.Тригердің «Сүңгуір қайығындағы» матрос бала. Кейінде жер жүзіне танылған әнші мен биші матрос баланың рөлін кезек-кезек ойнап, армандарына жеткендей күйге бөленіпті. Осылайша, театрда өткізілетін кештерде қойылатын шағын пьесалар мен спектакльдердегі көріністерде ойнап, драмалық әртіс ретінде сахнаға алғаш шыққан Күләштің өнер өрісі кеңейе бастайды. Ол, 1930-1934 жылдары Б.Майлиннің «Майдан» пьесасында Пүліштің, Н.Гогольдің «Үйлену тойындағы» Агафия, Қ.Байсейітов пен А.Шаниннің «Зәуресіндегі» Зәуре, М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегіндегі» Еңліктің, тағы басқа рөлдерді ойнауда әншілік-артистік қабілетімен жұртшылықтың ықылас-ілтипатына бөленді. Жаңа-жаңа қаз басқан қазақ сахна өнерінің шын мәніндегі тірек-тұғырына айналды.

1933 жылы Қазақстан К(б)П Өлкелік комитетінің қаулысымен еліміздің астанасында тұңғыш музыкалық театр ашылатындығын Республика халық ағарту комиссары, нарком Темірбек Жүргенов жариялай келе, ол драмалық театр әртістерінің негізгі құрамын жаңадан ашылмақ музыкалық-опера театрына жіберу туралы ой-түйінін білдірген. «Опера» өнерін әлі де болса түсіне бермеген әртістердің көпшілігі бас тартады. «Опера деген – ешбір қара сөзі жоқ, басынан аяғына дейін әнмен айтылатын спектакль, жүз шақты музыкант әндерді, арияларды жетелеп, әншіге сүйемел жасайды. Опера – өнердің ең жоғары сатысы» деген Құрманбектің сөзін естіген Күләш жаңа ашылмақ театрға бармаққа бекінді.

Опера және балет театрының негізі қаланып, өнер әлеміне қазақ операсының алғашқы дәні себіледі. Әрине, Мәскеуден өнер майталмандары шақырылып, әнші мен бишілердің өнерлері жетілдіріле де шыңдала түседі. 1934 жылы шымылдығы «Айман-Шолпан» (М.Әуезов, И.Коцых) музыкалық комедиясымен ашылып, Айман бейнесі арқылы қазақ қыздарының ибалы да инабатты болмысын, ақылды да арлы жаратылысын таныта білген Күләш Байсейітова опера театрының жарық жұлдызына айналады. Оның жиірек айтатын «Опера бұл – музыка мен драманың синтезі, біз оны сахнада аша білуіміз керек» деген қанатты сөзі – театр актерлері мен әншілерінің жадында ұстар қағидасына, өзі – жас таланттардың ұстазына айналған. Ол осында сомдаған Қыз Жібек, Хадиша, Ақжүніс, Ажар, Сара, тағы басқа рөлдер сол кездегі көрермен жүрегінен орын тауып, «қазақ операсының патшайымы» аталды.

Есімімен елін танытты

Әуелде мецо-сопраномен ән шырқаған әйгілі әнші даусының ерекшелігі ел назарын аударды. Күләштің аса жоғары ноталарды қиналмай-ақ айта алатын шынайы да табиғи дауысы жіңішке колоратуралық сопрано екені анықталады. Осындай қайталанбас дауыспен ән салып, талай елдің өнер иелерін тамсантушы – ең алғашқы шығыс халқынан шыққан әнші Күләш Байсейітова болыпты. Оның даусының ерекшелігін Кеңес елі ғана емес, басқа елдердің дауыс танитын өнер иелері де мән бере зерттеп, жаза бастаған.

Әрине, жезтаңдай әнші тек қазақ композиторларының туындыларымен шектелмеген. Музыкалық терең білімі болмаса да, ұлттық операмен қатар орыс халқының да, басқа елдердің де шығармашылығына ден қойған. «Евгений Онегиндегі» өр мінезді Татьянаны, грузиннің «Даиси» операсындағы мейірімді Мароны, «Чио-Чио-сандағы» аянышты Батерфляйді ойнағанда қазақтар ғана емес, Ресейдің, басқа елдердің көрермендері, журналистері баспа беттерінде Күләштің әйелдер бейнесін мен психологиясын, олардың жан-дүниесін шынайы да нақты көрсеткенін жарыса жазды. «Біздің үйімізге басқа қалалардан, тіпті, шет елдерден келген құттықтауларды, бума-бума газет-журналдарды ашып-оқып, әке-шешеміздің жетістіктеріне масайрайтын кездеріміз болатын, бірақ олардың бәрін оқуға, әсіресе, анамыздың уақыты болмайтын» (Құралай Байсейітова).

«Мен кімді ойнасам да, әдемі де асқақ Жібекті ме, салиқалы да сайқалдау Ақжүністі ме, болмаса, мейірімді Маро не қайғылы Баттерфляйды ма, менің алдымда АДАМ бейнесі тұрады. Мен сол адамды көрермендерге таныта білуім керек…» (Күләштің өз естелігінен). Гастрольдерге шақырылған мемлекеттер сахнасында әйгілі әнші әндерді қазақ тілінде ғана емес, дүниежүзі халықтарының тілінде де нақышына келтіре қалықтатқан.

Қазақ елінің өнерін әлемге паш етіп, даңқын асқақтатқан бір ғаламат шара – 1936 жылы Мәскеу қаласында өткен «Қазақ өнерінің 10 күндігі». Сол жылы осы қалада Ресей, Украина, Грузия, Өзбекстан елдерінің де декадалары өтіп, олардың атақты да танымал композторлары мен режисерлері (әрине басқа елдер классиктері де) қоса тыңдаған қазақ әнші-бишілері мен актерлерінің өнерлері ең жоғары бағаға ие болды. Осы жолы орыс шеберлерінің нелер ғаламаттары дайындаған мәскеулік әншілер де қазақтың өнер дүлдүлдеріне жол беруге мәжбүр болыпты. «Қыз Жібек» операсындағы «Гәкку» әнін шырқаған Күләштің даусы КСРО Орталық Комитетінің бас хатшысы И.Сталиннің өзін қайран қалдырып, тыңдармандармен бірге ұзақ қол соққан. Сол шаралар қорытындысында Күләш Байсейітованың кеудесіне КСРО старостасы М.Калининнің қолымен «Еңбек Қызыл Ту» ордені тағылып, сол жылы «Кеңес Социалистік Республикалар Одағының халық әртісі» атағы берілді. Ғажап дауыс пен қабілеттің, ғаламат патриотық рух пен еңбектің нәтижесі де жемісі.

Қазақтың қайраткер қызы

Күләш Жасынқызының қайраткерлік еңбегі де тарих бетінде таңбаланған. Өнерін өбектеумен қатар ол ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Мемлекеттік сыйлық тағайындау, Дүниежүзілік Бейбітшілікті сақтау комитеттерінің мүшесі сияқты қоғамдық жұмыстар атқарған.

Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақ бұлбұлының барша халықты, оның ішінде солдаттарды рухтандырар әндері радио торабынан, ел аузынан жиі естіліп, есімі баспа беттерінде көптеп жарияланды. 1941-1945 жылдардағы ел басына түскен, тіпті, жер жүзін жайлаған аласапыранда сарбаздарды жігерлендіруден танбады. Қан майданда концерттерін өткізіп, әндерінің құдіретімен жауынгерлердің жүректерін жалындатып, рухтандырды. Өнерімен – бұлбұл үнді әнші, ерлігімен – қазақтың қайсар қызы атанған тұс осы.

Соғыс аяқталған соң Одақтық республикалардың басына түскен тауқыметті жоюға, халықтың әл-ауқатын көтеруге белсене арласқан. «Өз республикамызды ғана емес, КСРО үкіметінің «Қаусаған қалалары мен қираған зауыт-фабрикаларын қалпына келтіру» шешімімен құрылған комитеттің Михаил Шолохов, Күләш Байсейітова сынды мүшелерінің халықтың мәдени өмірін, театр мен оқу орындарын бір жүйеде өркендетудегі іс-әрекеттері де аз болмады…» деп жазды сол комитеттің мүшесі, Қазақстанның Орал (қазір Батыс Қазақстан) облыстық, кейінде Қарағанды облыстық партия комитетінің хатшысы Шайзарат Хасенов өзінің досы М.Шолохов туралы естелігінде. Күләш Байсейітованың сол М.Шолоховпен бірге Варшавада өткен Дүниежүзілік Бейбітшілікті сақтау II Конгресіне қатысып, жер жүзі халықтарын бірлікке, ынтымақшылдыққа шақыра сөйлегені де белгілі.

Сондай-ақ, ол халқымыздың өмірін жақсарту, мәдениетін көтеру, жаңа оқу орындарын ашу, жастарды оқыту, жас отбасыларына көмек көрсету, соғыс мүгедектеріне, ес қабілеті мен дене бітімдері кемістерге жағдай жасау сияқты келелі істерге ерекше назар аударған. Әрине, халық жағдайын ойлап, ауқымды мәселелерді ашық айтқаны кейбір белді белсенділерге ұнамағанын сезінген сәттері де аз болмаған. Мүмкін өмірінің қысқа болуына, сондайлардың кертартпа кесел мінездері мен оғаш қимылдары әсер еткен де болар. Бірақ, халқы аялаған, елінің, ұрпағының болашағын ойлаған ол өз ойлағандарын іске асыру барысында тайсалмай бар күшін салған.

Бірегей талантқа-биік баға

Күләш Байсейітованың адамгершілігі қандай асқақ болса, істеген іс-әрекеттері сондай салиқалы да кесек. Оның эстетикалық эмоция­лық қуаты мейлінше тегеурінді, иірім-қайырымы әралуан кереғар образдар галереясын шығарып, басты вокалдық партияларды орындап, соның бәрін тыңдармандарына өз мәнінде жеткізу, олардың ықылас-ілтипатына бөлену – тек һас шебердің дуалы дауысымен, дара дарынмен, талмас талабымен, ерінбес еңбегімен іске асады. Ол еңбегіне қарай, халқына бергеніне қарай елінің сүйікті әртісіне айналды. Мемлекет тарапынан жоғары бағаланған теңдесі жоқ тұлға – Қазақ Кеңес Социалистік Республикасының халық әртісі (1934ж.), Кеңес Социалистік Республикалар Одағының халық әртісі «1936ж.), «Еңбек Қызыл Ту» (1936ж.) және «Ленин ордені» (1938ж.) иегері, Кеңес Социалистік Республикалар Одағы мемлекеттік сыйлығының лауреты» (1948ж., 1949ж.), Ұлы Отан соғысы Жеңісінің құрметіне арналған мерекелік медальдардың иегері (1945ж., 1950ж.,1955ж.).

Күләш фәниден кетсе де асқа үні мен ұшан теңіз еңбегі қалды. Баяғы жасөспірім кезінде Тоқырауын бойындағы ауыл-аймақта алғаш танылған қоңыр дауыс, жер бетінің сан қилы сайыс-жарыстарында шыңдалған, әлемдік сахналарда бұлбұлша сайраған қайталанбас колоритке ие сиқырлы да дара дауыс әлі де кең аспанда қалықтауда. Өшкен емес, өшпек те емес. Өшпейтіні, халқының қалауымен, елінің елеуімен ашылып жатқан оқу-мәдени орындары, өткізіліп жатқан шаралар, қойылған ескерткіштер. Алматыдағы дарынды балаларға арналған музыка мектеп-интернаты, Астанадағы ұлттық опера-балет театры, Қарағанды облысы Ақтоғай ауданындағы мектеп-ресурстық орталық, Алатаудағы 3450 метр биік шың, ұлы әншінің құрметіне «Күләш Байсейітова атындағы Қазақ КСР-ің мемлекеттік сыйлығы», Алматы, Қарағанды, Талдықорған, тағы басқа қалалардағы көшелер мен кітапханалар – осылардың бәрі Күләш есімінде. Сондай-ақ, «Қазақфильм» киностудиясы «Күләш ауылы» атты кино (режисер М.Мусин, 2004ж.), «Біздің Күләш» атты деректі фильм (Е.Есмұханова, И.Бабаев, 2012ж.), Орал және Мәскеу қалаларындағы материалдардан «Хабар» агентігінің жобасымен жаңа фильм түсірілген. Осы фильмдерде Күләш Жасынқызының жылнамалары, естеліктері, өзінің «Туған елім» толғауы (1936ж.), жарияланбаған фотосуреттер мен мақалалары, мараппаттық құжаттары, жеке заттары, мұражай мен мұрағат материалдары және Қанабектің «Құштар көңіл», Шара Жиенқұлованың «Өмірім менің – өнерім», Сара Латиеваның «Бұлбұл» тарихи-ғұмырнамалық кітаптарынан, тағы басқалардың естеліктерінен келтірілген деректер пайдаланылған.

Күләштің ізбасарлары

Ұлы актрисаның бишілік үйірмеге өзі жетектеп апарып, үміт күткен нағыз ізбасары – Раушан Қаныбекқызы Байсейітова (16.09.1947 ж.). Ол КСРО Үлкен театры жанындағы Мәскеу академиялық хореография училищесін бітірген. Абай атындағы опера және балет театрының биші-солисі болған танымал балерина. Қазақстанның халық әртісі (1978 ж.), мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор. Бүкілодақтық балет әртістері байқауының лауреаты (1968 ж.). Әлемнің көптеген елдерінде – Польшада (1972 ж.), Венгрия және Германияда (1973 ж., 1980 ж., 1984 жж.), Анголада (1976 ж.), Жапонияда (1978 ж.), Португалияда (1979 ж.), Швейцарияда (1981 ж.), Филиппинде (1981 ж.) өнер көрсеткен танымал тұлға. «Халықтар достығы», «Құрмет» орденінің кавалері.

Аты аңызға айналған аяулы әншінің ізбасарлары қазақ жерінде жүздеп, мыңдап саналады. Олардың бәрін тізіп жазу мүмкін емес. Өзінің туған жерінен өнер саласын дамытуға, апаларына ұқсауға ұмтылған ұрпақтары да жеткілікті. Олар: Гүлдана Сапарғалиева, Рымкеш Жұмаділова, Дариға Ақатаева, Ғалия Сатенова, Төлеу Аяғанова, Күліш Төлеуханова, Тұрған Түсіпбеков, Оралтай Сүлейменов, Асылмұрат Аханов, Садық Таласбаев, Қуат Қожамбаев, Алтын Балтабаева, Дана Мақшонова, Назерке Уәлиева, Дәурен Әркенов, тағы басқалары.

Тілеуғалы ӘМІРТАЙҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.