Руханият

Алаштың ақселеуі – ел жүрегінде

Биыл елімізде әдебиет зерттеушісі, этнограф, ғалым, филология ғылымдарының докторы, жазушы, композитор, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ақселеу Сейдімбектің 80 жылдығы жыл басынан бері аталып өтуде. Осыған орай мәдениет ошақтары мен білім шаңырақтарында түрлі мазмұндағы рухани шаралар ұйымдастырылды. Жазушының өмірі мен шығармашылық жолы жалпы жұртқа жан-жақты насихатталды. Осындай әдеби шараның бірі – «Алаштың Ақселеуі» атты еске алу кеші Шет ауданы, Ақадыр кентінің мәдениет үйінде өтті.

Жазушы Өмір Кәріпұлының мұрындық болуымен ұйымдастырылған шарада қаламгер жайлы зиялы қауым өкілдері мен өмірде, өнерде сыйласқан азаматтар естелік айтып, сағынышын жеткізді.

Елімізге танымал ғасыр адамы, әйгілі академик Темірғали Көкетаев: «Өткізіліп жатқан шаралар Ақселеудің өзіне енді керек емес. Ұлтымызға, жұртымызға, кейінгі жастарға керек дүние. Ақселеу қазақтың жоқшысы, нағыз қазақ еді. Мен физика ғылымының соңынан кетіп, қазақтың салтынан, дәстүрінен, асыл мәйегінен алыстап қалған кезімде мені қайта қазақ қылған Ақселеу еді. Мен Ақселеуге қарыздармын»,– деп ой түйді. Этнограф, жазушы Төрехан Майбас «Ақселеуді тану – қазақты тану» екендігін тарқатып айтып, Ақаң жайлы жазған «Құрмалдық» кітабын кітапханаға табыс етті.

– Мына Ахаңның рухына арнаған «Құрмалдық» атты кітабымды бір айға жеткізбедім. Ахаң жай жұмыстарға жегілмейтін, қатардағы жұмыстарға бара бермейтін. Баратын жұмысы қашанда «Вопрос жизни и смерти» болатын. Менің бұл жұмысым да сондай жұмыс еді. Даламды асқақтату үшін біреулердің тауын аласартудан алыс тұрдым. Біраз нәрсені айту мүмкін болмады. Әлі уақыты келмеген екен. Аруақ бар! Жоқ болса, бұл кітап жазылмайтын да еді. Ахаңның аруағы баршамызды алқап жүрсін! Ақселеутану ғылымын енгізіп, қазақты тану ғылымы деп атасақ артық болмас, – деді этнограф, жазушы Төрехан Майбас.

Облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы Ерсін Мұсабек Ақселеу биігі аласармайтындығын қадап айтты. Ақселеудің тойын 17 облыс, 89 қала, 6150 ауыл атап өтсе, артық еместігін сөз етті.

Сонымен қатар, журналист Ә.Тойжігіт, Ақселеу Сейдімбектің бауыры А.Сейдімбек, өнер жанашырлары, меценат А.Бидайбеков пен А.Смағұл, шежіреші, өнертанушы Б.Боқайтегі, өнер иесінің ғибратты ғұмырдариясы мен қазақ баласына сіңірген айрықша қызмет жолын тебірене тілге тиек етті.

Шара барысында Шет аудандық мәслихат хатшысы Саят Социал, кент тұрғындарын кейінгі буынға үлгі-өнеге боларлық тағылымды кештің өтуімен құттықтап, тарихи тұлғаға тағзым қылған елге жүрекжарды алғысын білдірді. Кеш барысында жергілікті Ш. Бейсекқызы атындағы мәдени-сауық орталығының қызметкері А.Төлеухан Ақселеу Сланұлын сомдап, монолог оқыса, Қарағандыдан арнайы келген дәстүрлі әнші Қ.Төкеновтің орындауындағы тарихи тұлғаның «Сарыарқа», «Дәурен-ай» әндері көрерменнің қошеметіне ие болды. Сонымен қатар, кеш бойы Ақселеу Сейдімбекке арнап шығарған замандас достарының жоқтау жырлары мен әсем әндері шырқалып, кенттегі «Ақ әжелер» ансамблінің орындауындағы әсем әндер жиналғандардың көңілін көтерді. Шара соңында кент әкімі Азамат Әбілдин шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған аудан әкімдігі мен жазушы Өмір Кәріпұлына, сондай-ақ, алыстан арнайы ат басын бұрып келген барша қонақтарға алғысын айтты.

Нұрдос КӘРІМ,

Ortalyq.кz

Басқа материалдар

Back to top button