Басты тақырып

Қаланың көңілі – далада, даланың көңілі – қалада

     Облыс орталығындағы дәстүрлі жәрмеңкелер жабық алаңда өткізіле бастағанын естігенбіз. «Сарыарқа» сауда орталығында. Қаланың қу тірлігі бар, қарашада-ақ «атына мініп алған» аяз бен ақтүтек боран бар, әйтеуір, сол жерге барудың реті келмей жүрген-ді. Өткен сенбіде сәті түсті…

   Аялдамада 15-20 минут тұрдық-ау шамасы. Ақыры «014-ке» аяқ арттық. Бірден әріптесім – Аяулым Совет өткенде ғана жазған Ақтоғайдың “аянышты” автобусы ойыма оралды. Қарағандыдағы қоғамдық көліктердің де «жетісіп тұрғаны» шамалы.

   Күнде көріп жүрген жағдай ғой. Үрпиген тауыққа ұқсап, «маршруткада» бір аяғыңмен тұрғаныңа да тәубе дейсің. Көлік тар, жолаушы көп. Осыны көзбен бағып тұрғанымда біз мінген әлгі «ПАЗ» «ш-и-и-и-и-қ» етті де, тұрып қалды. Ал, керек болса?! «Сцеплениесі кетті-ау», – дейді шопыры. Не істейміз, түгел жолаушы жолдың бойына түсіп жатырмыз…

      Абырой болғанда, аяз сынған. Келесі қоғамдық көлікті күттік. Өйтіп-бүйтіп “12 ай дүкені” аялдамасына жеттік…

     «Сарыарқаның» маңайы – құжы­наған көлік. Жаяулы-жалпылы шұ­быр­ған елдің де қарасы қалың. Шы­найы өмірдің көрінісі – «бірі базарға бара жатыр, бірі қайтып келеді».

      Сауда алаңына кірдік. Бір сату­шының алдында іркес-тіркес кезек түзілген болса, енді бір саудагер тауарын жарнамалап әлек. Нарықтың заңы емес пе, таңдау – тұтынушының еркінде. Қай өнімнің болса да бағасы арзанын, сапалысын іздейді халық.

     … Соғымның уақыты ғой. Қалалықтардың негізгі дені ет сатылатын сөрелерді жағалап жүр. Ет, сүт өнімдері бірнеше ауданнан әкелініпті.

      Біз де бағаны сұрастырып келеміз. Біркелкі емес. Мысалы, жылқы етінің келісі – 1000-1500 теңгенің аралығында, сиыр, қой етінің келісі 850-1100 теңгеден сатылып жатты.

      Қалың топтың арасынан егде жас­тағы ағайды әңгімеге тарттық. Есімі – Жұмабай, қарағандылық тұр­ғын. Көпшілік сияқты қазы-қарта, жал-жая емес, сиырдың үйтілген басын іздеп жүр. «Ағайын-туысты шекеге шақырсақ, қазақы салтпен омыртқа берсек» дейді әлгі ағай. Ал, мүшелеп, табаққа тартатын етті көрші дүкеннен сатып алған екен.

     Білген орысшамызбен Ирина есімді келіншекті де сөйлетіп көрдік. Жәрмеңкедегі тауар бағасы оның көңілінен шыға қоймаған сыңайлы. Айтуынша, тек, бал ғана сатып алыпты. «Әйтеуір, бүгін демалыс қой, басқа сауда үйіне барамын» деп, шығаберіс есікті бетке алды.

     «Сарыарқа» сауда орталығының әкімшілігіне де арнайы жолықтық. Ди­ректоры – Нұржан Мұқашев есімді азамат екен. Істің адамы сияқты. Бірден сауда алаңдарын аралатты. Қос қабатты ғимараттың ішкі-сыртқы келбеті күрделі жөндеу көрген. Жылы әрі таза. Шай ішіп, «ішке ел қондырам» десеңіз, мархабат. Бірнеше шайхана да есігін айқара ашқан.

     «Азық-түлік сататын орын ретінде ашылғандықтан, бұл жерде санитарлық тазалыққа баса назар аударылады» дейді Нұржан Ұзақбайұлы. Иә, бірнеше маман қызмет ететін ветеринариялық бөлімнің жұмысын көзбен көрдік. Жоғары технологиялы техникалармен жабдықталыпты. Жаңа үлгідегі тоңазытқыштар да осы жерде. Орыс ағайынның «аққойының» етін бөлшектейтін жер – бір бөлек, өзіміздің төрт түлік етін шауып-мүшелейтін орын бөлек орналастырылған.

    Сауда орталығының басшылығы алдағы жоспарларымен де бөлісті. Ауқымды істерді межелеп отырған жайы бар екен. Сәттілік тіледік!

    Сіз де, біз де жиі естіп жүрміз. Ауылдағы ағайын қаланың базары етті тым арзан бағамен сатып алатынына қынжылады. Бірақ, қалалықтардың қалтасын қағатын да – базардағы баға. Әңгіменің түп-төркіні алыпсатардың амал-айласынан шығады. Алдындағы оншақты түлігіне қарап отырған ауыл азаматы қалаға бір сиыр әкелсе, жолы бар, «қолы» бар, біршама шығынға батады. Егер, осы «Сарыарқа» базарынан арнайы орын алып, етті өзі сатса, бейнеті бағала­нар ма еді? Оның үстіне, түлігінің ішек-қарнын, өкпе-бауырын, бас-сирағын да бөлек саудалайды. Тиыннан теңге құрайды. Қарапайым арифметика.

    Мәселен, Нұра, Жаңаарқа аудандарының басшыларынан «Сары­арқа» базарының әкімшілігіне осы мазмұндағы ұсыныстар түскен екен. Ет-сүт өнімдерін делдалсыз саудалау үшін жәрмеңкедегідей жүйені жандандыру мақсатында.

     … Құрылысшылар даңғылының бойына шықтық. Жақсы бастама екен деген ойда келеміз. Өзге аудан басшылары да төбе көрсетсе игі…

      Тоқетері, қаланың көңілі – далада, даланың көңілі – қалада.

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

Суретті түсірген Л.ГАЛИМОВ.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button