Жаңалықтар

Қаламы қарымды қаламгер

Қаламгердің мерейтойында редакциямызға оқырманнан құттықтау жетті. Сүйіндік Жанысбайды оқырманы іздеп келді. Бұл – қаламгер үшін таудай бақыт екені даусыз. Сүйікті қаламгерінің мерейтойы екенін естіп, өзі іздеп келгеніне қарағанда, шын көңілмен һәм пейілмен жазылғаны көрініп-ақ тұр. Мерейтойлық беттен осы жылы лебізге орын беруді жөн көрдік.

Редакциядан.

Қара орман оқырманға танымал қаламгер, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, пуб­лицист-жазушы, Сүйіндік Жанысбайды туған күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ұлттың мерейін асқақтату үшін туған тұлға шығармашылық табыстарға жете берсін! Құрметім бөлек.

Сурет: С.Жанысбайдың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Сүйіндік Жанысбай – бір тамшы судан теңіз, бір бүршіктен тоғай, бір ғана түйсіктен туынды тудыра алатын, қиындық атаулыға мойымайтын, ерлік еңбекке жан-дүниесін, болмыс-бітімін, жі­гер-қайратын толықтай сарп ететін, заңғар рухты азамат. Осындай білікті де, білімді жазушы деп Сүйіндік замандасымды зор сеніммен айта аламын. Бұл сөзіме оның жарық көріп, оқырмандардың ыстық ықыласына бөленген толағай туындылары дәлел.

Жадыраған күн, мөлдіреген аспан, жұпар иісті ауа, қасиетті жұмыр жер, мұз таулар, толықсыған шалқар көл. Туып-өскен, ойнап-күлген Атамекен. Мамыражай, кең пейілді, ұлы халық. Кәусар бұлақтай сыңғырлаған қазақы үн, әуен. Жұдырықтай ғана жүрегіне жарты әлемді сүйіспеншілікпен сыйдырған, түйсігіне жарты ғаламды көшірген келбетіне көңілі сай, мәңгілік ел! Қаһарымен, айбатымен құрлықты билеген, ақыл, парасатымен әділдіктің туын тіккен ұлыс.

Мұндай уызды да, қою қаймақты, сары майлы сезімді Сүйін­дік мырзаның шығарма­шы­­лығынан сезіндім. Әсіресе, «Азаматым – ардағым», «Елорда «Бәй­терегі», «Білгенге – маржан» деген кітаптарын жата-жастана оқыдым.

«Азаматым – ардағым» – Сарыарқаның кіндік тұсындағы көмірлі, өмірлі қала Қарағандының белгілі ғалымдары мен қаламгерлері турасында сыр шертеді. Кітапты зейін қоя оқыдым. Қарағандыдан осындай алыптар шыққан екен-ау деп таңдай қаққанымды да жасырмаймын.

«Елорда «Бәйтерек» – бәйтеректің мән-мағынасы өте тереңнен көп тамырланған. Самұрықты бәйтерек шежіремізді, төл тарихымызды жуан діңімен, тарамдалған бұтақтарымен, бүршіктерімен қазақ ұлтын, қазақ руларын, жанұяларын бүкіл әлемге паш етіп тұрғандай. Бұл кітапта адамның, ұжымның, қо­ғамның, жалпы алғанда, мемлекеттің тағдыры, тарихы көз жасындай мөлдіреп тұр.

«Білгенге – маржан». Қазақтан сөз қалған ба?! Кісі кітап оқыған сайын өз білімінің аз екенін байқай береді. Оқыған үстіне кітаптарды оқығысы келеді де тұрады. Білген үстіне білгісі келеді. Адам баласына әр уақытта рухани да, физикалық та азық қажет. Үлгілі, өнегелі, әлпешті сөз – халықтың рухани баға жетпес қымбат қазынасы. Барлық адам күнде кітап оқыса қандай керемет! Осы кітапты оқыған соң, талмай, қажымай ізденуге құлшынысым артты.

Сүйіндік Жанысбайдың шы­ғар­машылығын үнемі оқып жү­ре­мін. Туындылары да өзінің табиғатынан алыс емес. Әңгімесінен байсалдылық сезіледі. Сатирасын оқысаңыз, мінезі жұмсақ, ешкімнің көңіліне кесірі тимейтін момын адамның әзіл айтып тұрғанындей көрінеді.

Мақсұтхан АҚЫШТЕГІ,
ұстаз, өлкетанушы-қаламгер.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button