Жаңалықтар

Қаламдастардың қалжыны

Ермекбайдың еріншегі

Кәртай Ермекбаев ағамыз бірдемеге шарт етіп жылдам ашуланып қалатын, бірақ жылдам қайтатын. Ол кісінің жолдасы Жібек кондитер фабрикасының жұмысшысы болып жүріп Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланады. Сонда   әріптесі Қали Садықов мынадай жолдармен басталатын өлең шығарады:

Мынау ма Ермекбайдың еріншегі,

Өзінен көш ілгері келіншегі…

Кәкең жатып ашуланып, Қалимен бір жұма амандаспай жүреді.

Шығарып салдың екен,

қарсы ала да біл

Жұмысқа алғаш келген жылы бөлім болып Кәкеңді (Кәртай Ермекбаев)  жақсылап демалысқа шығарып салдық. Келгеннен кейін екі-үш күннен соң ол кісі  менімен амандасуын қойды. Не болып қалды деп үлкендерден сұрайын.

Сен оны қарсы алдың ба, – деді Қали Садықов.

Жоқ.

Шығарып салдың екен, қарсы ала да біл,– деп «ақылын» айтты Қалекең.

Мұндай «дәстүр» бар екенін қайдан білейін. Дереу «Гастрономға» жүгірдім.

Әл-Әзәзіли

Әмен Мақатұлы Әзиев ағамыз білімді, ізденгіш азамат еді. Кандидаттық диссертация қорғап,  ғалым болуымен қатар жазушы ретінде де  талай кітап  жазып шығарды. Өзін Мұқтар Әуезовтің күйеу баласымын деп есептейтін. Содан ба, паң еді, ешкімді менсіне қоймайтын. Сонда руы қожа Қали Садықов Әменге арнап   мынадай «аят» шығарады:

«Әлләзи  уәсуәси Әмен Әзи, әл Махати әл Әзәзіли…».

«Бұл орысша ғой…»

Әмен Әзиев ауылына  скрипка алып келіп, бірдемелерді ойнай бастайды. Жиналған жұртшылық бәлендей мақтай қоймайды. Сонда Әбекең: «Ә, сендер түсінбейсіңдер, бұл орысша ғой» депті.

Бақа-Шайхан

Ақселеу Сейдімбеков біздің редакцияға «Лениншіл жастың»  меншікті тілшісі қызметінен редакторымыз Рамазан Сағымбековтің шақыруымен келді. Жауапты хатшы болып жұмыс істеді. Оның орнына жас журналист Шайхан Жандаев барды. Шайхан шамасына қарамай Ақаңа  тиісіп,   серейген бойын, азан шақырып қойған атын келеке қылып жүретін. Ақаң да оны бірде «Құрт, құмырсқа, бақа-Шайхан» деп қатыр­ды.

Әзірлеген 

Аман ЖАНҒОЖИН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button