Аламан айтыс басталды
Қарағандыдағы Кеншілер мәдениет сарайында Қарағанды мен Павлодар командалары арасында ұлы ақын және ойшыл Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына арналған республикалық командалық айтыс басталды. Ашылу салтанатына облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев арнайы қатысып, жылы лебізін білдірді.
Бұл байқау 2024 жылы басталған еді. Содан бері байтақ Арқадан Атырауға, оңтүстіктен солтүстікке дейінгі ұлы даланың төрт құбыласын түйістіріп, 20 команда бақ сынасты. Ұлы бәсеке бүгінде мәресіне жетіп қалды. Бірінші айналымда жеңіске жеткен командалар екінші кезеңде бақ сынасуда. Былтыр Қарағанды облысы Абай облысымен бақ сынасып, жеңіске жеткен еді. Ал, Павлодар облысы Ақмола облысының командасын жеңіп, осы кезеңге жолдама иеленген. Енді қос команда арасында жеңіске жеткен жеңімпаз – жартылай финалға жолдама еншілейді.
– Айтыс өнері ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан қазақтың асыл қазынасы. Бабадан мұра болып келе жатқан сөз өнері бүгінде жаңа сипатқа ие болып отыр. Соның бір нақты айғағы – командалық айтыс. Бүгінгі айтыс екі облыс арасындағы ежелден тарихи сабақтастық жалғасып келеді. Сондықтан, бұл айтыс көрермен қауымға рухани қуаныш сыйлайды деп сенемін, – деді Ермағанбет Қабдуллаұлы.
Айтыс тізгіні ақын, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтайда. Ол өз сөзінде көрермендерге жылы лебізін білдіріп, айтыскерлерге сәттілік тіледі.
– Бүгінгі айтысымыздың тақырыбын һәкім Абайдың «Талап. Еңбек. Терең ой» деген өлеңімен қоюымыздың да өзіндік себебі бар. Адамзаттың ақыл ойының асқағы Һакім Абай «Талап, еңбек, терең ой. Қанағат рақым ойлап қой» деп бес асыл істі адамзат баласына үлгі-өнеге етті. Қарағанды жұрты һәкімнің осы бір сөзін ұран қылып, байрақты бәсекенің туын көтерді. Ұлттық өнерді ұлықтаған аламан жарыс құтты болсын!, – деді Аманжол Әлтай.
Осындай ұлттық мерекеде сүйіншіні баладан, жастардан сұрататын. Сол бір қазақы дәстүрге сай Қарағанды облысының командасын таныстыру мәртебесі жас ақын Жантас Тілеубекке берілді. Ал, Майраның елін ақын Жанел Қизатова таныстырды. Осылайша дүбірлі дода басталды.
Мақаланың толық нұсқасын газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Ербол ЕРБОЛАТ
Суреттерді түсірген Ақжол Асан