Жаңалықтар

Алаңдауға негіз жоқ

   Көктем шыға, көптің көңілін алаңдататын бір жайт – қарғын. Алайда, ауа райының бір қалыптылығы сол алаңдарды сәл-пәл сейілтіп тұр. Мұны құзырлы орындар да жоққа шығармайды. Облыс әкімдігінде өткен аппарат отырысында аймақтың қарғын кезіндегі қолға алған қарекеті қарастырылды. Сонымен бірге, ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздік пен орман шаруашылығы саласының бақылау-инспекциялық қызметі де күн тәртібіне шығарылды. Отырысқа аймақ басшысы Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ төрағалық етті.

Қарғыннан әзірге

қауіп жоқ

Бүгін әзірге қарғыннан қауіп жоқ. Ауа райының дәл бұл күнгі кейпі қатерден хабар бермейді. Оған қоса, ресми құзырлы орындар аймақта су тасқынына орайласқан шаралар толық көлемде атқарылуда екеніне сендірді. Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ибрахим Күлшімбаевтың айтуынша, 2017 жылдың 3 наурызынан бастап, азаматтық қорғаныстың облыстық жүйесі жоғары дайындық тәртібіне көшірілген. Қазір су өткізетін құбырлар, автокөлік жолдарындағы шеңберлер тазартылуда. Қауіптенген өңірлерде айналма жолдар жүргізілуде.

Департамент басшысы өткен аптада облыс әкімімен бірлесе, Қарқаралы ауданына барып, қар еруге қатысты дайындық жұмыстарының жағдайымен танысқан. Сондай-ақ, ТЖД-нің дербес топтары ұйымдастырылған. Ол топ ахуалды бақылап, Шет, Бұқар жырау, Абай аудандарына барып қайтыпты. Осы сапар нәтижесі бойынша аудан әкімдіктеріне ұсыныстар берілетін көрінеді.

Ибрахим КҮЛШІМБАЕВ, облыстың төтенше жағдайлар департаменті басшысы:

– 9-10 наурызда облыста «Көктем-2017» республикалық командалық-штабтық оқу өткізіледі. Осы шара барысында басқармалардың, хабарлау жүйелерінің дайындығы тексеріледі. Сонымен бірге, тәжірибелік шаралар облыстың барлық аудан-қалаларын қамтиды.

Қауіпті өңірлер қажетті материалдармен қамтамасыз етілген. Бұл шараға бөлінген қаржы 1 млрд.817 млн.теңге көлемінде.

Эпизоотиялық ахуал – тұрақты

Аймақтағы эпизоотиялық ахуал да тұрақты. 2016 жылдың және биылғы екі айдың қорытындысы бойынша ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысында 1152 тексеріс жүргізілді. Соның нәтижесінде 247 заң бұзу фактісі анықталған. 393 мал дәрігеріне нұсқаулық берілген. Салынған айыппұлдың көлемі – 4 млн.413 мың теңгені құрайды. Бұл туралы облыстық ветеринария басқармасының басшысы Бауыржан Асанов мәлімдеді.

Бауыржан АСАНОВ, облыстық ветеринария басқармасының басшысы:

– Қала және аудандардың құрылымдық бөлімшелерінің талапқа сәйкестігіне 82 бақылау тексерістері жүргізілді. Тексерістер барысында ветеринарлық дәрі-дәрмектерді сақтау, вакцинация, ветеринарлық өңдеудің тізімдемесін дұрыс құрастырмау бойынша бұзушылықтар анықталды.

Биылғы жылы диагностикалық алдын алу жұмыстары жоспарға сай жүргізіледі. Сонымен бірге, 78 сібір жарасының ошағынан сынама алу көзделуде. Осы мәселеге қатысы министрліктерге қаржыландыруға байланысты хат жолданған. Алайда, Б.Асановтың айтуынша, әзірге қолдау жоқ. Сондықтан, бүгінде облыс әкімінің тапсырмасымен сынама алуды өткізуді облыстық бюджеттен қаржыландыру қарастырылуда.

Ал, ірі қара арасында кең таралған бруцеллез былтырғы жылы біршама кеміген. Мәселен, 2015 жылы бұл індетке 6000 ірі қара шалдықса, 2016 жылы оның саны – 4000 көлемінде екен.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button