Алғашқы МЕТАЛЛУРГ
Атам Қалидың әкесі Томпы – бүкіл ауылды асыраған аңшы, мерген, орта шаруа болыпты. Атбасар қаласында бабамыздың орыс тамыры – көпес Григорий Степанов тұрған, орыс бастауыш мектебін сол кісінің қолында бітірген. Еті тірілігінің арқасында біраз мал жинайды.
Сол жиғанын қызыл тәргі кезінде туыстарына таратып беріп, Ортаудан он күн ішінде Шоқпар асуына (Аягөздің маңында) дейін жеткен, мұнда «Түрксіб» темір жолының құрылысы қызу жүріп жатқан болатын. Орыс тілін білгендігінің арқасында Қали білікті жұмысшы, кейінірек бригадир болады.
Түрксіб құрылысы аяқталған соң оны Успенск мыс кенішіне жібереді.
1931 жылы Первоуральск қаласына, металлургтер мектебіне жолдама береді. Бітірген соң Балқаш тәжірибелік-байыту фабрикасына жолдама алады.
– 1936 жылы КСРО түсті металлургиясына сіңірген еңбегі үшін атамыз КСРО Түсті металлургия халық комиссарының №353 Алғыс қағазымен марапатталып, құнды сыйлық – патефон алады. Сол кезде бірге жұмыс істеген технолог В.Янцевтің айтуынша, бұл факті металл плиткада «Өнеркәсіп фабрикасының бірінші ізашары Томпиев Қали» деген жазумен мәңгілікке тасқа түсті, ол фабриканың бесінші секциясының металл колоннасына бекітілді.
– 1938 жылдың 23 қарашасынан 24 қарашаға қараған түнінде, – деп еске алады Қали Томпиев, – инженер Н.Бакурадзенің ауысымы конверторды зарядтап, оған үш шөміш штейн құяды. Үш ауысым қатарынан біз конвертордың жанынан кетпедік. Менімен бірге Василий мен Федор Лошкаревтар, Әубәкір Әлімжанов, Александр Вепрев, Василий Баранов, Андрей Кернюхин, Константин Михайлов, шағылдырғыштар Владимир Гужавин, Михаил Трофименко мен Федор Бундин жұмыс істеді. 24 қараша күні сағат 17-де конвертордан орасан зор ағыспен жез саулады.
Бірінші рет құйып алынған қара жезден пластинкалар кесіп алынған болатын, оларды бүгінгі күнге дейін көптеген металлургтер ғана емес, сонымен бірге, Балқаштың басқа да жұмыскерлері, оның ішінде менің атам Қали Томпиев те құнттап сақтаған. Олар үшін бұл жай ғана бір жапырақ металл емес, бір кездегі Балқаштың шөл даласында аса ірі мыс балқыту комбинаты мен қала салған адамдардың қажымас қайратын, алғашқы жеңісін еске түсіретін қымбат кәдесый еді.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде комбинат жұмысшыларының алдына маңызды міндет қойылды.
Балқаш кен-металлургия комбинатының өнеркәсіптік әлеуетін құруға Кеңес Одағының түпкір-түпкірінен келген саналуан ұлттың инженер-техник мамандары мен қатардағы жұмысшылары қатынасты. Олардың арасында атам да болды. «Социалистік Қазақстан» газетінің №247 (26.10.1935) санында былай деп жазды: «Қали – байыту фабрикасының шебері, бес айдан бері инженер қызметін де қоса атқарып келеді, сонымен қатар, фабриканың парторгы болып табылады. Ол бізді гүрсілдеген механизмдердің арасына кіргізіп, кенді байыту процесінің технологиясы жайлы әңгімеледі және де мақтанышпен «Бұл біздің фабрика, бұл біздің қаламыз!» деп қайталай берді».
Атамыздың адал еңбегі атаусыз қалмады, әрине. Қазақстан Коммунистік партиясының (большевиктер) алғашқы үш съезіне делегат болып сайланды. ҚазКСР КП(б) ОК мүшесі болды, 50 жылдан астам КПСС қатарында болды, бірнеше рет Балқаш қалалық халық депутаттары кеңесінің депутаты болып сайланды.
2006 жылдың ақпан айында Балқаш қаласының орталық көшелерінің біріне атамыз Қали Томпиевтің есімі берілді. Қалалық тарихи-өлкетану мұражайында ескерткіш бұрыш ашылған, онда атамыздың өмірі мен қызметіне қатысты маңызды құжаттары сақталған.
Осы тұста жазушы С.Санбаевтың «Мыс алыбы» атты кітабынан үзінді келтіргіміз келеді:
«Ауысым шебері Томпиев Қали, әрі партия ұйымының хатшысы, отыз жастар шамасындағы ұзын бойлы жігіт екен, ол қатты қынжылып, екілене қолын сермей, болған оқиғаға кінәлі екендіктері неғайбіл уақтаушыларды – екі егде орыс пен жас қазақ жігітке мықтап ұрысты. Тіпті, байытушы мамандығын өткен жылы ғана Красноуральск зауытында меңгерген сол Томпиевтің өзі де апаттың себебін әлі жіті білмейтін тәрізді. Желіде үнемі бірдеңе болып жататын, өйткені кеннің кесектілігі, осында айтылып жүргендей, «Саймонсқа» арналған бүкіл ықтимал мөлшерлерден асып кете беретін кенмен жұмыс істеуге тура келді.
– Мен айттым ғой, кен тез жүреді! – деп Томпиев ауысым инженерінің алдынан шықты.
– Уақтауыш бір күн шыдады, екі күн, бірақ тұтастай он күн бойы шыдау деген…
– Тоқтай тұршы! – деп, Камал оны тоқтатпақ болып еді, бірақ шебер оны тыңдамастан, төсеме тақтаға жылдам жүгіріп шығып, машинаның қылтасынан шығып тұрған кен үйіндісін ұстай алды.
– Міне, көрдіңіз бе! – деп жалғастырды Томпиев, оның жарқын даусы енді айқайға ұласты. – Кесектер де шектен тыс ірі, зеңбіректен атылғандай ұшып жатыр! Бұл кімге керек, Камал? Сіз бізге қажетті мөлшердегі кенді беріңіз! Және де ол бірсарынды келіп тұруы тиіс! Міне, Әубәкір Красноуральскіде бұлай емес екендігін айтып береді! – деп, ол уақтаушылардың жанына жүгіріп келген Әлімжановтан қолдау күте қарады.
– Оның айтатын несі бар, олардың гүрсілі жорғадай жүйткиді, – деп қостай кетті Әлімжанов, Томпиев құсап қолдарын сермей. – Оның үстіне кесеге су құйып қойшы – бір тамшы да төгілмейді, ал бізде…».
1938 жылы Қали Қазақ КСР-і ОАК төрағасының қолы қойылған «Қазақстанға – 15 жыл» төсбелгісін алды. 1939 жылы халық депутаттары Балқаш қалалық кеңесіне депутат болып сайланды.
Ұлы Отан соғысындағы жеңістен кейін комбинат басшылығы КСРО Үкіметінің ауыл шаруашылығын кадрлармен нығайту жөніндегі шешімін орындай отырып, сондай-ақ, денсаулық жағдайын ескеріп, атамызды парторг лауазымында комбинатқа қарасты Қызылтау қосалқы шаруашылығына жіберді.
1952 жылдан Ақшатау кен-байыту комбинатында байытушы-шебер болып жұмыс істеді, мұнда еңбек көшін бастады. Сөйтіп, өмірінің соңына дейін жасампаздық еңбектен қалмады.
Бүгінде Томпы әулеті – қанатын кеңге жайған еңселі әулет. Біздің әулетімізде дәрігер де, металлург те, академик те, құрылысшы да, сәулеткер де, геолог та бар. Солардың қайсы болсын ата атына кір келтірмей еңбек етуде.
Марал Томпиев,
Қазақстан құрылыс материалдары өнеркәсібі қауымдастығының президенті, Халықаралық және Ұлттық инженерлік академиялардың академигі.