Рухани жаңғыру

Қайырымдылық – қадірлі іс

    Қазақта “Жетім көрсең жебей жүр” деген адамгершілік мағынада айтылған тамаша сөз бар. Жетімін жылатпаған халқымыздың бұл ел қамын ойлайтын ер азаматтарына қалдырған аманат сөзі іспетті.

Халықтың осындай ойлы, терең мағыналы сөздерін өмірлік ұстанымына айналдырған үлкен жүректі азамат, танымал бизнесмен, меценат Ерлан  Нығматулин талай жылдан бері Балқаш қаласындағы отбасылық балалар үйіне қарайласып, онда тәрбиеленіп жатқан балаларға қолайлы жағдай жасап, үнемі қолдау көрсетіп, қуаныш сыйлап келеді.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назар­баевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған қоғамдық сананы жаңғырту туралы ойларын өзінің қайырымдылық істерімен жүзеге асыра отырып, Е.Нығматулин нағыз патриоттықтың үлгісін көрсетіп отыр. Ол осы істерімен өскелең ұрпақтың болашағының жарқын болуына, қаламыздың дамуы мен гүлденуіне өзінің сүбелі үлесін қосуда. Ата-ананың жан жылуы мен қамқорлығына зәру болып, тағдырдың жазуымен отбасылық балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан балаларды қолдауға мүмкіндік тапқан және олардың сан қырлы қабілеттерінің дамуына үнемі қол ұшын беріп келе жатқан қолы ашық, жомарт азаматтың әрбір ісі сүйсінерлік.

Қалыптасқан жақсы дәстүр бойынша Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мерекесінің және жаңа оқу жылының қарсаңында Ерлан Нығматулин өз қамқорлығына алған балалар үйінде қонақта болды. Ерлан Зайроллаұлы «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында балаларға қажетті мектеп формаларын, спорттық және жылы маусымдық киімдер, аяқ киімдер мен аспа сөмкелер, велосипедтер мен ұялы телефондар сыйлады.

Е.Нығматулин балалардың шығармашылық дамуына қолдау жасауды да ұмытқан жоқ. Ол «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында балалар үйіне музыкалық аспаптар – пианино мен домбыралар, гитаралар мен сырнайлар тарту етті. Бұдан былай балалар үйінің тәрбиеленушілері үлкен өнер әлемімен қауышып, еліміздің рухани және мәдени құндылықтарын сақтау­ға әрі еселеп көбейтуге талпынатын болады.

Балаларға тарту еткен тағы бір тамаша сыйлығы – ел ордасы Астана қаласына саяхат. Оған да санаулы күндер қалды. Қыркүйек айында балалар екі аптаға Астана қаласына саяхаттап барып, Елорданың ең көрікті және тарихи орындарына танымдық экскурсия жасайды. Оларды еңбекке баулу мақсатында зауыттарға экскурсиялар жасау жоспарлануда. Сонымен қоса Астанада балалар үшін ауқымды ойын-сауық бағдарламасы әзірленіп отыр.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген нақылды ойы ұшқыр, көкірегі ояу дана халық тегіннен-тегін айтпаса керек-ті. Жомарт ер – халықтың құрметтісі. Балаларға қол ұшын созып, рухани және материалдық көмек көрсетіп жүрген, әр баланың жүрегіне үміт шырағын жағып, сенім тұрағын ұялатқан Е.Нығматулин сияқты жомарт азаматтар қашанда құрметке лайық, қайырымды азаматтың жасаған жақсылығы ешқашан ұмытылмайды.

Қуандық СӘДЕНОВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button