Қасым АМАНЖОЛОВТЫҢ туғанына – 110 жыл

Қайта түлеген ҚАСЫМ құдығы

Қасым – қазақ рухының алтын діңгегі. Қасымды тану – қазақты тану. Алатау бөктерінде жүрсе де, бүйрегі туған жерге бұрып тұратын ӨКІМБАЕВТАР әулетінің игі істері көзі қарақты оқырманға жақсы таныс. Атап айтсақ, Қарқаралының тумасы, белгілі кәсіпкер әрі меценат Еркін ӨКІМБАЕВ пен ұлы Нұржан ӨКІМБАЕВ қазақтың дауылпаз ақыны Қасым АМАНЖОЛОВТЫҢ 110 жылдық мерейтойы қарсаңында ақын туған ауыл маңындағы Қасым құдығын қалпына келтіріп, қоршау қойды. Құдық басына арнайы ескерткіш орнатты. Бұл әулет бұған дейін де көптеген ізгі істерге мұрындық болған. Сарыобалы ауылына бара жатқан жолдағы ашаршылық құрбандарының құрметіне қойылған ескерткіш те аталған азаматтардың ата-баба рухына жасаған тағзымы болатын.

Ашаршылық құрбандарына қойылған ескерткіш

Нұржан Еркінұлы «Асыл тас» қоғамдық қорының құрылтайшысы ретінде көптеген тағылымды істердің басы-қасында жүрген атпал азамат. Бүгінде қордың ұйымдастыруымен көптеген жобаның жалауы желбіріп, елге пайдасы тиюде. Мәселен, «Асыл домбыра» айтысының бас демеушісі болумен қатар, «Алып анадан туады» жобасы бойынша көпбалалы аналарға көмек көрсетеді. «Бизнес грант» жобасымен жас кәсіпкерлерге 5 млн теңгеге дейін қайтарымсыз грант берсе, «Қазақ тілінің жанашыры» жобасымен жас қаламгерлердің кітабын шығаруға да қамқорлық жасап жүр. «Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін» (Әйтеке би) деген аталы сөз осындай ауыз толтырып айтуға тұрарлық азаматтарға өситет етілген болса керек.

Аталған бастаманы жүзеге асыруда Бейбіт Нақбосынов, Нұрбек Сембаев сынды азаматтардың да шарапаты тигенін атап өткен жөн.

Ескерткішке қазақтың аймаңдай ақыны Ұлықбек Есдәулеттің

«Жатқандай бірін-бірі жаңа біліп,

Тұңғиық ғарыш пенен қара құдық…

Қасым ақын тылсымын ұғам десең,

Жолаушым, мойыныңды қара бұрып!» деген бір шумақ өлеңі жазылған. Бұл Қасым ақынның 100 жылдығына арналып өткізілген республикалық жыр додасында топ жарған Ұлықбек ақынның «Қасымның құдығы» толғауынан үзінді.

Сондай-ақ, шара барысында Қасым рухына құран бағышталды. Әлімжан Мәкенов, Саян Бөдесов сынды елімізге танымал күміс көмей әншілер Қасым әндерін әуелете шырқады.

Тағылымды шараға Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, қазақтың көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулет, одақ төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ақберен Елгезек арнайы келді. Бұдан бөлек шараға кеншілер аймағының зиялы қауым өкілдері мен ел азаматтары қатысты.

Қасым құдығы

«Туған жерге сүйіспеншілік төл тарихыңды тереңнен танудан басталады. Еліміздің әрбір тауы мен өзені, сайы мен қыры – тұнып тұрған шежіре мен тарих. Оған сай сол өлкеде халқына пана бола білген, ел есінде қалған біртуар перзенттер бар. Ал, олардың өнегелі өмірі мен өміршең шығармаларын дәріптеу бәріміздің паразымыз», – деді Нұржан Еркінұлы.
Дауылпаз Қасымның есімін асқақтатуға, оның туған жеріне құрмет танытып, азаматтық танытқан Нұржан Еркінұлының жасаған жарқын ісіне жерлестері ризашылық білдіруде.

«Аманжол – Рақымжанның Қасымымын,

Мен қалған бір атаның ғасырымын» деп өмірінен өлең өрген Қасым ақынның кіндік қаны тамған Рақымжанның қыстауындағы Қасым құдығы енді жаңа күйге енді. Келушілерге қысылмай көрсетуге болады.

Бала қасым су ішкен осы бір құдық қараусыз жатқан еді. Бірақ, осыдан бір жыл бұрын «Асыл тас» қоғамдық қорының құрылтайшысы, «Тас Груп» компаниялар тобының басқарушы серіктесі Нұржан Өкімбаев Рақымжан қыстауына келгенде тарихи маңызы бар құдықтың осы бір жайын көріп, қоршау жағын ойға алған екен. Міне биылғы жазда сол жоспарын әкесімен бірге жүзеге асырып, елдің алғысын алып отыр.

– Қызым Қасымның өлеңдерін жаттап жүрді. Өзім Қасымның сынаққа толы өмірі жайлы оқып, зерделеп, қызымды да осында алып келдім. Балаларыма қыстауды көрсеттім. Сөйтсем, құдық қоршауының ағаштары қисайып жатыр екен. Бір ағашы тіпті құдықтың ішіне түсіп кеткен. Бұл көңілге ептеп қаяу түсірді. Осылайша, ізгі іске бел будық. Болашақта бұл маң туризмнің орталығы болуы керек. Әзірден жастар Қасымды көбірек тани түссе деген ниетпен ескерткіш орнаттық. Шыны керек, алдымен жолын жөндеп, туризмнің алғашқы баспалдақтары жасалса нұр үстіне нұр болар еді. Ойға алған ісімді атқарып, көңілім жайланғандай болды. Ақынның әруағы риза болсын! – дейді Нұржан Өкімбаев.

Игі шара жөнінде естіген маңайдағы ауыл тұрғындары да Рақымжанның қыстауына жиналды. Бұндағы ақсақалдар бір кездері бала Қасымды көрген үлкендердің ауызынан ақын жайлы әңгімені тыңдап өскендер.

Сарыобалы ауылының тұрғыны Серікбай Сәдуақасов бұл құдықты Қасымның әжесі қаздырған деп естігенін айтады. Қасым су ішкен құдық – бұл. Тереңдігі шамамен 5 метрдей болған екен.  

Ал, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Қасым ақынды кейінгі буынның бәріне ұстаз деп есептейді.

– Бұл жер – қазақ мәдениетінің, қазақ өркениетінің, әдебиетінің, қазақ поэзиясының тарихы. Өйткені, мұнда Қасым Аманжолов туған, – дейді  Ұлықбек Есдәулет.

Осылайша, кіл игі жақсының басын қосқан тағылымға толы ізгі шара қасымтанудағы құтты қадам болғаны анық. Болашақта дауылпаз ақынның өмірі мен шығармашылығы бұдан әрі тереңдетіп зерттеле түсетініне сенім кәміл.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button