Бас тақырып

Қайсар мінезді қаламгер Нұрмахан Оразбектің туғанына – 85 жыл

Бүгін – журналист, жазушы, баспагер, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің 1988-1991 жылдардағы Бас редакторы Нұрмахан Оразбектің туғанына 85 жыл толып отыр.

Сурет: egemen.kz

Нұрмахан Оразбек – «Тамыз бүлігін» жалғыз өзі айыптаған редактор ретінде тарихта қалған қазақтың қайсар тұлғасы. 1991 жылы 20 тамызда Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бірінші бетінде «Иә, бұл – төңкеріс!» деген тақырыппен КСРО-дағы төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитет (ГКЧП) құрылғанын айыптаған мақала шығады.

«…Көреген саясатшылар әлдеқашан айтқан диктатура қатері іс жүзіне айналды. Заңды сайланған президенттің денсаулығы кенеттен нашарлап, елді басқара алмайтын жағдайға жетті деген қып-кызыл өтірікке сене қоятын ақымақ бүгінде күндіз қолыңа шам алып іздесең де табыла қоймас.

Иә, бұл қып-қызыл төңкеріс. Оған Кеңес басшылығы атынан жарияланған мәлімдемеге кімдердің қол қойғанын байқасаңыз-ақ көзіңіз жетеді.

Иә, бұл – төңкеріс. Ол ең алдымен «Егеменді мемлекеттер одағы туралы шартқа» қарсы бағытталған. Дәлел. Біріншіден, төңкеріс Шартқа қол қойылатын күннің карсаңында жасалып отыр. Екіншіден, Шарт егеменді республикаларға бұрынғыдан әлдеқайда көп дербестік, билік алып береді. Ал оған жол берілсе, ертең Орталық бүрынғыдай билеп-төстей алмайды. Бұл, басқасын былай қойғанда, күні ертең Семей полигонында жарылыс қайта басталады деген сөз. Екіншіден, төңкеріс калыптаса бастаған демократияға қарсы жасалған. Олардың ойынша: республикалар өз бетімен бір-бірімен неге шарт жасасады. Қазақстан мен Орта Азия республикалары неге біріге бастайды? Россия мен Қазақстан арасында шартқа неге қол қойылады? Балтық бойы республикалары, Молдавия, Грузия Кеңес Одағынан неге бөлінгісі келеді, демонстрациялар неге жасалады? Патриотизм мен интернационализм тұрғанда халықтар неге өзінің тілін, ұлттық дәстүрлерін өркендетуге құштар? Осындай «негелер» толып жатыр…», –  дейді журналист аталмыш мақаласында.

Сонымен қатар, автор мақаласын бұл өзінің жеке ойлары екенін айта келіп, «ертең төтенше жағдай деген желеумен қара түнек күндер туа қалса, редакция мүшелерінің бірде-біреуін айыптамауды өтінемін» деп аяқтайды.

Қайсар мінезді қаламгердің «Қарсыбай Сыпатаев», «Құрбанбай Ырысбеков», «Капитал қамалындағы 18 күн», «Қасиеттісің, сен Отан!», «Қағажу көрген өмірден», «Бар айласы – бас пайдасы», «Мұхиттың арғы жағы, бергі жағы», «Шапық Шөкин» атты кітаптары жарық көрген.

Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button