Қайырымдылықтың қайыры бар

«Жомарт жүрек» сыйлығы – «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Атамекен» кіші бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырылып келе жатқан жоба. Аталған сыйлық туған өлкенің дамуына елеулі үлес қосқан меценаттарға, белсенді тұлғаларға, бизнес-құрылымдары өкілдеріне, еріктілер мен түрлі ұйымдарға табысталады. Кезекті 2019 жылы өткен байқауда біздің облыс бірден 3 аталымда үздік шықты.

Есімі көпке белгілі Арқаның Атымтай жомарты Бекзат Алтынбеков «Жыл тұлғасы» аталымында оқ бойы озып шығып еді сол жылы. Көптеген мәдени-көпшілік шаралардың демеушісі болып жүрген Бекзат Қомарұлы мұндай марапатқа әбден лайық. «Тіл жанашыры», «Алтын жүрек» сынды төсбелгілер мен «Шапағат» орденінің иегері өз қаражатына студенттер мен баспасөз саласы мамандарына Алаш Орда қайраткерлері және басқа да белгілі тұлғалар атындағы шәкіртақылар тағайындап келеді.

Ақтоғай ауданының өлкетанушысы И.Ақпанбаеваның «Суырып салма, жезтаңдай айтыскер ақын Шөже Қаржаубайұлының шығармашылығы жайындағы зерттеулер» кітабының жарық көруіне септігі тиді. Әсет Найманбайұлының 150 жылдығын тойлауға байланысты дәстүрлі әндер орындаушыларының «Інжу-маржан» байқауын ұйымдастыруға мұрындық болды. Сондай-ақ, туған ауылы Жидебай селолық округінде орналасқан Қ.Нұржанов атындағы мектепте жаңа типтегі материалдық-техникалық базамен жабдықталған кабинеттің ашылуына қолдау жасады. Бұдан бөлек, облыстық мәслихаттың депутаты ретінде атқарып келе жатқан шаруалары бір төбе.

Қайырымдылық жасаудан қалыс қалмайтын Виталий Ямковой «Жыл меценаты» атанған болатын. Ол басқаратын «Жатва» шаруа қожалығы Осакаров ауданының Есіл ауылдық округі бойынша көш басында тұр. Аудандық мәслихат депутаты ретінде еңбек ұжымдарында кездесулер өткізумен қатар, аудандық мәслихаттың тұрақты және бірлескен комиссиялары мен отырыстарына қатысады. Ауылдың тыныс-тіршілігін бес саусағындай білетін Виталий Васильевич ауылдастарының жеке мәселелерін шешуге де қолғабыс етіп келеді. Сөзіне берік, ісіне мығым азамат сонысымен де сыйлы. Ауыл-аймақтың дамуына белсенді араласып, қолдан келген көмегін аямағаны үшін бұған дейін де бірнеше мәрте Алғыс хат, грамоталармен марапатталған болатын. Сонымен бірге, «Ерен еңбегі үшін» медалін төсіне тақты.

Қарағанды қаласының дамуына 500 млн. теңге көлемінде инвестиция тартқан «Eurasia Building» ЖШС – шын мәнінде «Үздік ұйым». Қаламыздың көркейіп, дамуына үлес қосып келе жатқан кәсіпорын Кіші Бұқпа өзенінің санациясына 100 млн. теңге бөлгенін білеу білсе, біреу білмес. Одан бөлек, қалаға сыйлық ретінде Триатлон саябағының құрылысына қатысты. Әр жобасымен салауатты өмір салтын, экологиялық қауіпсіз технологияларды, әлеуметтік қауіпсіздік деңгейін арттыруды, тарихи һәм мәдени мұраны сақтау маңызын насихаттап, үлгі бола білді.

Аймақтың дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан айтулы азаматтар мен ұйымдар туралы не десек те жарасар. Жақсының жақсылығын айта түсейік, нұры тасысын.

Жансая ОМАРБЕК.