Руханият

Айнымас серігі – велосипед

Ақтөбеден шыққан Жұмабай Отарғалиевтің бала күнгі арманы – велосипедпен жер-жерге саяхат жасау. Зейнетке шыққан шағында тақымына қос дөңгелекті «темір тұлпар» алып мінгелі де алты жылдың жүзі болған екен. Сол уақыттан бері аттан түспеген қария ел-елді аралап, Қазақстанның әрбір қуанышына, мерейтойға атсалысып, саламатты өмір салтын дәріптеп жүр. Алты жылдан бері 20 мың шақырымнан аса жол жүріпті. Теміржол саласының түрлі лауазымында жұмыс істеп, бар ғұмырын жолға арнаған Жұмабай ақсақал 75 жасқа келсе де, жолдан тосырқаған емес.

шабандоз

Жұмабай Отарғалиев өзінің жасы туралы «Мен – 69-дан енді астым» деп әзілдейді. Ол – Ақтөбенің тумасы. Теміржолшы – көп жыл еңбек өтілі бар әуесқой спортшы. Ардагер велошабандоз Жұмабай Отарғалиев Қазақстанның біршама бөлігін велосипедпен жүріп өтті. Ол 14 тамызда Қарағандыға ат басын тіреді. Небәрі екі айдың ішінде бүкіл Қазақстан аумағын аралаймын деген спортшы өзіне-өзі бек сенімді.

– Мен шамамен алты мың шақырым жол жүрдім. Орал, Ақтөбе, Жезқазған, Қызылорда, Түркістан, Тараз, Өскемен, Семей қалаларында болдым. Енді Қарағандыдан кейін Астана, Көкшетау, Петропавл, Қостанай, Ақтөбе қалаларына барып, сапарды Атыраумен аяқтаймын деп бекіндім. Күніне қанша шақырым жүріп өтетінімді дәл айту қиын. Менің межем – жергілікті теміржолдар. Бір теміржол станциясынан екіншісіне баратын жолды қадағалаймын. Сол менің күндік мөлшерімді анықтайды, – дейді Жұмабай Отарғалиев.

Бұл жолғы сапарын велошабандоз «Бейбарыс Сұлтанның 800» және «Астана қаласының 25» жылдығына арнапты.

– 2017 жылы алғаш рет велосипедпен Шалқардан Ақтөбеге дейін бардым. Бұл, шамамен, 350 шақырым. Ол аралықты мен 4-5 күнде жүріп өттім. 2018 жылы Ақтөбеден шығып, Атырауға бардым. Көліктерді ұнатпаймын. Қайда барсам да, менің негізгі тұлпарым, айнымас серігім – велосипед. Мен оған энергиядан өзге ештеңе жұмсамаймын. Моторлы көлік сатып алсаң, оның машақаты көп, майын ауыстыру керек дегендей. Шығыны да аз емес. Енді алдағы сапарым – Жамбыл даласы. Ондағы миссиямды Шу-Мойынты телімінің қосылғанына 70 жыл толуына арнағым келеді, – дейді қария.

Сөйтіп, ендігі бағытын Тараз-Түріксіб, Шу-Сарышаған, Мойынты телімдері бойынша өзгертетінін айтты.

– Жұмабай ақсақал зор құрметке ие. Мұндай қашықтықты велосипедпен жүру – бұл өз алдына қиындық. Сондықтан, ең алдымен, оған зор денсаулық, амандық пен бақыт тілейміз. Біздің бүгінгі өсіп келе жатқан өрендерге үлгі көрсетіп отыр, – деп атап өтті дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев.

Бұл аз десеңіз, Жұмабай Отарғалиев Ақтөбедегі «VELO PULSE» велокомандасына қосылып, олармен бірге қала бойынша түрлі шараларға қатысып, саяхат та жасайды. Саяхатшының велосипедпен жүрген ең ұзақ сапары 20 күнге созылыпты. Осылайша Астрахань шекарасына дейін Қызылорда бағытында жүріп өткен ол бүкіл Қазақстанды темір тұлпарымен аралағысы келеді.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button