Аймақта жылыту маусымына дайындық – қызу
Аймақта қысқа дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгінде жылу көздеріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, көмір мен мазут қоры толықтырылуда. Жылу маусымына дайындық жұмыстарын пысықтау мақсатында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың қатысуымен онлайн режимде жиын өтті. Жиын барысында ҚР ЭМ АЭҚБК аумақтық департаментінің Қарағанды облысы бойынша басшысы Ернар Хасенов баяндама жасады.
Жалпы жиынға жылу көздерінің басшылары, әкімдер, прокуратура және экономикалық тергеу департаментінің өкілдері қатысты. Жиын барысында «Kazakhmys Епегду» компаниясының бас директоры Темірлан Өтегенов Топар ГРЭС және Балқаш ЖЭО жөндеу жұмыстары туралы айтып берді.
– №5, 11 қазандықта күрделі жөндеу, № 1, 2, 6 қазандықта ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Қазіргі уақытта 9-шы қазандыққа күрделі жөндеу және 8-ші қазандыққа ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. №7 турбинаны жөндеу және № 3 турбинаны жаңғырту жалғасуда. Графиктер жүйелік оператормен келісілген. Біз жылыту маусымына 100% дайын боламыз, – деді Темірлан Өтегенов.
Компания директорының мәліметіне сүйенсек, Балқаш ЖЭО-да барлық жұмыстар толық аяқталған. Тек №6 турбинасы ғана қалыпты. Ондағы жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары 15 күннен кейін аяқталады-мыс. Ал, Теміртауды жылумен жабдықтайтын екі станция бар. Оның біріншісі – 1-ҚарГРЭС болса, екіншісі – 2-ЖЭО.
– Бүгіннен бастап станция кесте бойынша нөлге тұр. Біз түтін құбырын, жалпы бу құбырын диагностикалаймыз. Қоймада 50 мың тонна көмір, 80 тонна мазут бар. Қазан айынан бастап әлеуметтік мазут сатып алынады, – деді 1-ҚарГРЭС директоры Сергей Кривов.
Ал, ЖЭО-2-дегі №1 қазандықты жөндеу жұмыстары 15 желтоқсанда аяқталады. Бүгінде №4 турбогенератор роторына жоспардан тыс авариялық жөндеу жүргізілуде. №7 қазандықты бастапқы толтыру жоспарлануда. Шатырдағы апаттық плиталар ауыстырылады. Облыс әкімі шаһар басшысына және жауапты мамандарға ерекше бақылауға алуды тапсырды. Мониторинг жүргізіп, апта сайынғы тексерістер қажеттігін баса айтты.
– Акционерлер мен станция басшылары барлық жауапкершілікті түсінуі керек. Әкімшілік жауапкершіліктен басқа моральдық және қылмыстық жауапкершіліктер де бар. Өз жұмысыңызға адал болыңыз. Қыс мезгілінде біз қалыпты жүруіміз керек, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Шахтинсктегі ЖЭО облыс әкімінің тұрақты бақылауында. Мұнда турбиналарды жөндеу жұмыстары әлі жалғасуда. Бірақ, бірінші қазандықта гидравликалық сынақтар аяқталған. Келесі аптада мердігер төртінші қазандықта қысым жүргізіле бастайтынын мәлімдеді.
Ернар Хасенов заңнамаға енгізілген жаңа өзгерістер жайында да кеңінен тоқталды. 9 қыркүйектен бастап дайындық паспортын алмағаны үшін – 6 млн. теңге, отынның нормативтік емес қорларын сақтамағаны үшін – 4 млн. теңге айыппұл салынатыны ескертілді. Ал, тікелей станция басшылығына жылыту маусымы кезеңінде техникалық пайдалану ережелерін бұзғаны үшін 2-3 млн. теңгеге дейін айыппұл салынады.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz