Аймақта суға түсу маусымы қорытындыланды
Бүгін Қарағанды облысының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында суға түсу маусымының қорытындысы бойынша брифинг өтті. Брифингке Қарағанды облысының төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Роллан Есмағанбетов қатысып, биылғы маусымда атқарылған жұмыстар мен шаралар туралы айтып берді.
Жазғы уақытта Төтенше жағдайлар департаменті қызметінің маңызды бағыттарының бірі су айдындарындағы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету екені белгілі. Роллан Нұрланұлының айтуынша құтқарушылар мен полицейлер су айдындарына тұрақты түрде рейдтер мен патрульдеу жұмыстарын, оның барысында азаматтарға жадынамалар тарату арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Ауқымды профилактикалық жұмыстар мамыр айында басталып, жаз мезгілінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында департамент бөлімшелерімен жеке құрамның 96 адамынан тұратын 10 мобильді топ, 20 бірлік техника және 25 жүзу техникасы қосымша жасақталған. Су айдындарында қауіпсіздік ережелерін бұзғаны немесе сақтамағаны үшін (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 412-бабы бойынша) Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жалпы сомасы 814 086 теңгеге 62 әкімшілік хаттамалар, полиция қызметкерлері 46 әкімшілік хаттама толтырған. Жүргізілген жұмыстарға қарамастан, шомылу маусымында қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан суға батудың 10 оқиғасы тіркелген. Барлық жағдайлар Бұқар жырау, Ақтоғай, Нұра аудандарында және Теміртау, Шахтинск қалаларында жүзуге арналмаған жерлерде орын алған.
«Қайғылы жағдайдың негізгі себептері: мас күйінде суға түсу, балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыру, балық аулау кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан» деді Роллан Есмағанбетов.
Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары аймақтың барша тұрғындарына келесі суға түсу маусымында қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін ескертті. Сондай-ақ, Қарағандыда Федоровский су қоймасының жағажайларында шомылу маусымында суға бату оқиғалары болмағанын атап өтті.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.