Бас тақырып

Аймақта екі жарым мыңнан астам тұрғын қаржы пирамидаларының құрбаны болған

Қарағанды облысының 2 500-ден астам тұрғыны қаржы пирамидаларына салған ақшасынан айырылған. Бұл туралы Қарағанды облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті мәлім етті. Департамент қаржы пирамидаларымен күресті қанша күшейтсе де қарағандылықтар тез және қомақты қаражат табамын деген үмітпен алаяқтарға алданып, ақшасыз қалуда.

Сурет: Ашық дереккөз

– Қарағанды облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті азаматтардың қаржылық пирамидаларға алдануының алдын алу мақсатында  бірнеше шаралар өткізуде. Ескертулер мен сақтықты күшейту туралы үндеулерге қарамастан, азаматтар қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылардың айла-амалдарына түсіп қалып жатыр. Ешқандай күш жұмсамай-ақ пайда табу үшін қомақты қаражат салады. Алайда, барлық жинақтарын жоғалтып алған олар қателіктерін түсініп, көмекке жүгінеді.

Тек соңғы екі жылдың ішінде Экономикалық тергеу департаменті тіркелген қылмыстық істер аясында 2,5 мыңнан астам тұрғынның алаяқтардың құрбанына айналғанын анықтады. Қаржы пирамидаларының да қылмысы әшкереленіп, кінәлілерге нақты мерзімге бас бостандығынан айыру жазалары да тағайындалды, – дейді департамент мамандары.

Сондай-ақ департамент қазіргі уақытта The Great Tower, Life is good, Money Carousel, Faberlic, Ozimis Goy Arai сынды бірқатар компанияларға қатысты істер тергеліп жатқанын хабарлады.

Қарағанды облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті азаматтардың қаржылық пирамида екенін түсінуге болатын бірнеше критерийлерді ұсынады:

– ірі инвестицияларсыз негізсіз жоғары табысқа уәде беру;
–  міндетті кіру жарнасы;
–  клиенттің өз ақшасын алу үшін тағы бірнеше жаңа клиенттерді тарту міндеттемесі;
–  тартылған әрбір жаңа қатысушы үшін бонустар алу;
–  басқа инвесторлар кейіннен енгізетін ақшадан қатысушыларға пайыздарды төлеу.

Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері жоғарыда аталған жайттардың тым болмағанда біреуіне тап болған қарағандылықтарды қаражаттарын салмауға шақырады. Егер сіз қаржылық пирамидалардан зардап шеккен болсаңыз, Қарағанды облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне 56-70-00 телефоны арқылы немесе Қарағанды қаласы, Богдан Хмельницкий көшесі, 14 мекенжайы бойынша хабарласуыңызға болады.

Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button