Теміртау

Аймақ имамдары Теміртауда жиналды

Рамазан айы қарсаңында Қарағанды облыстық Орталық мешітінің ұйымдастыруымен Теміртау қаласындағы Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында мәні зор, мағыналы жиын өтті.

Облыстың әр қиырынан келген аудан мен қала мешіттерінің бас имамдарының қатысуымен өткен басқосуда жылдағы дәстүр бойынша жамағаттың ұстайтын оразасы мен осынау айда атқарылатын игі шаралар, жұмыстар жоспары талқыланды.

Алғашқы болып сөз алған ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы аймақ мешіттерінде атқарылатын жұмыстар мен рухани іс-шаралар барысында жыл сайын кездесіп жататын сан түрлі мәселелерге қатысты өз пікірін білдірді. Сондақ-ақ, облыстық мешітке қарайтын аудан, қала мешіттерінің бас имамдарына бірқатар тапсырмалар берді.

Атап айтқанда, аймақтың бас имамы жергілікті жерлердің әкімдік басшыларымен келісімге келе отырып, көпшілік қоғамдық орындарға, көшелерге, мешіт аулаларына сауда және мәдени–сауық орындарына он екі айдың сұлтаны, берекелі Рамазан жайында құттықтаулар мен асыл дінімізге қатысты сауатты жазылған ақпараттық кітапшалар, ораза кестелерін таратуды, қасиетті айдың құрметі үшін мәдени орындарда рухани кештер ұйымдастыруды жүктеді.

ҚМДБ-ның төрағасы Ержан қажы Мылғажыұлының халыққа Үндеуі облысымыздың имамдарына тапсырылды. Сондай-ақ, Бас мүфтидің мемлекетіміздің өміріндегі қоғамдық-саяси жағдайларға терең үңіле отырып, ҚМДБ-ның жыл бойы атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды. Отандастарымызды ізгілікке, қайырымдылыққа, бір-бірімізге жақсылық жасауға шақырған Үндеуі қала, аудан имамдары арқылы жергілікті ағайынға жететін болады.

Өмірзақ қажы Қазкенұлы атқарылатын рухани игі іс-шаралармен қатар, қоғамның сан-түрлі салаларында еңбек етіп жүрген асыл дініміздің жанашырларына жүйелі түрде ауызашарлар ұйымдастыруды, әлеуметтік жағдайы төмен адамдарға, көпбалалы отбасыларға қайырымдылық іс-шараларды көптеп жасауды сонымен қатар, материалдық мүмкіндікке қарай Рамазанның, Ораза айттың құрметі үшін «Рамазанда тегін такси», «Ораза айтта автобуста тегін жүріңіз!» сияқты акцияларды өткізудің маңызы зор екенін жеткізді.

Ал, әр өңірден келген имамдар өз көкейлерінде жүрген өзекті сұрақтарын қойып, облыстың Бас имамы тарапынан тұщымды жауаптарын алды.

Жиынның соңы рақым айы – Рамазанға жетіп қауышқан имамдардың Жаратушыдан еліміздің амандығы мен қазақ жұртының мәңгілік Тәуелсіздігін, асыл дініміздің қуатты болуын тілеген ақжарма тілектерімен аяқталды.

Шолпан САНАҚБАЙ.

ТЕМІРТАУ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button