Аймақ дамуы алға басуда
Кеше облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВТІҢ төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтті. Күн тәртібінде тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылық кооперативтерін құру, мемлекеттік «Денсаулық» бағдарламасының жүзеге асу барысы сынды маңызды үш мәселе қаралды.
Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және сапалы су тарту қызметін жүзеге асыру мақсатында облысымызда мемлекеттік «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл туралы облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Бегімов баяндама жасады. Оның айтуынша, өткен жылы «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы аясында сумен қамтамасыз ету және су тарту жұмыстарына 7 жоба бойынша барлық қаржыландыру көздерінен 1,537 миллиард теңге бөлінген екен. Облыстың су құбыры және кәріз желісінің 7,014 шақырымы салынып, қайта жөндеуден өтті. Бағдарламаның жүзеге асу нәтижесінде 2011 жылдан бері облыстың су құбыры желілерінің 85%-дан 69,9%-ға, кәріз желілерінің 85%-дан 80%-ға дейін тозу салдары төмендегені байқалады. 2011 жылдан бері су құбыры желілеріндегі апаттық жағдайлар 5 есеге, кәріз желісінің бітелуі 10 есеге дейін азайды. Өткен жылы алға қойылған жеті жобаның төртеуі тәмамдалып, қалған үш жобаның аяқталуы биылға жоспарлануда.
Ауыл шаруашылық кооперативтерін құру, ауыл тұрғындарын тиімді жұмыспен қамтамасыз ету және жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалану арқылы агроөнеркәсіп кешені өнімдерін өндіру көлемін ұлғайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Юржан Бекқожин ақпарат берді. Облыс әкімдігі, ауыл шаруашылығы министрлігі, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму арасында қол қойылған үш жақты жоспар шеңберінде екі кезеңнен тұратын мақсатты меже мен индикативті көрсеткіштер айқындалды. Бірінші кезең – 2017 жылдың 1 сәуіріне дейін, екінші кезең 1 сәуірден 30 желтоқсанға дейін жоспарланды. Бұл жоспарларға сәйкес, облыс көлемінде 37 ауыл шаруашылығы кооперативін, 767 мал бордақылау алаңын, 11 мал сою алаңы мен 17 сүт қабылдау пункттерін құру көзделуде. Сонымен қатар, 5 сут тасу көлігін, 18 рефрижератор, 20 уатқыш қондырғыларын алу және 9 мал сою пунктін жете жарақтандыру қолға алынбақ.
Өткен жылы қаңтар айында мемлекеттік «Денсаулық» бағдарламасын жүзеге асыру басталды. Бұл туралы облыстың денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев мәлімет берді. Бағдарламаның негізгі мақсаты – тұрғындардың денсаулығын нығайтып, мемлекетіміздің әлемдегі дамыған 30 елдің қатарынан табылуына ықпал ету. Өткен жылы облыс тұрғындарына денсаулық сақтау басқармасына қарасты 70 мемлекеттік медициналық ұйым мен 45 жеке меншік кәсіпорын қызмет көрсетті. Ауылдарда құрамына 8 ауылдық аурухана, 71 дәрігерлік амбулатория, 48 фельдшерлік-акушерлік және 197 медициналық пункт енетін 9 аудандық орталық аурухана қызмет жасауда. Ауруханаларда ем алушыларға арналған стационарлық орындар саны – 7986. Соның ішінде, мемлекеттік секторда – 7452, мемлекеттік емес мекемелерде – 534 және күндізгі қабылдауға арналған 2083 орын бар. Өткен жылы облыстың денсаулық сақтау саласының бюджеті 67,8 миллиард теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 19%-ға артқан.
Рауан ҚАБИДОЛДИН
Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.