Айдап әкетіп жатты
Әкем Смағұл Жақыпұлы 1937 жылы нақақтан-нақақ ұсталып кетіпті. Мен ол кезде екі-үш айлық бала екенмін. Шешем Рысалдының айтуынша, әкем Қарағанды облысы, Шет ауданында халық соты болып қызмет атқарған. Сол кезде «байдың малын дұрыс ұстап, қаттамадың» деген өтірік жала жабылса керек.
Әкем марқұм сол байлардың малын ұстаймыз деп жүргенде аттан жығылып, аяғын да сындырып алады. Сөйтіп «ақсақ Смағұл» атанып жүріпті. Ол кезде біздің үйге белгілі, елге танымал адамдар көп келеді екен. Сәкен Сейфуллин біздің үйге бірнеше рет келіп, қонып кететін. «Өзі өте нұрлы, әдемі, адамзаттың сұлуы, көзі өткір, қасы қап-қара, келбетті кісі екен» деп айтып отыратын анам марқұм. Әкемнің осындай белгілі адамдармен жолдас, дос болғаны себеп болды ма, кім білсін, әйтеуір ол кезде өтірік жала құрбаны көп болды ғой. Анам марқұм, тіпті, сол кезде «халық жауының үйі» деп адамдар бір-біріне қатыспай, бірінің үйіне бірі кірмей, көшеде кездесіп қалса амандасудан да қалған еді» деп көзіне жас алатын. Кейін халық жаулары ақталған соң үлкен ағайым Ахметбек Мәскеуге хат жазып, әкемнің партбилетін алдырған еді өйткені, әкемнің бірде-бір суреті жоқ болатын. Өзі болмаса да, суретін көріп отырайық дегеніміз ғой.
Қазір көзі тірі, тоқсанның төртеуіне келсе де, сөзі ширақ, бойын әлі де тік ұстайтын үлгілі ұстазымыз Шәукей Жұқанұлы өмірден көргенін және менің әкем туралы баяндап берді: «Мен Жақыпұлы Смағұлды өте жақсы білемін, біз көрші тұрдық, маңайымызда қатар жеті үй бірге отырған едік. Олар: Мейрамбек Байдәулетов, Ерменбет Жұқанов, Мұзафар Әубәкіров, Аман Рақышев, Смағұл Жақыпов, Кәрібек ақсақал (Қапастың әкесі) өте тату отырдық. Бір-бірімізбен жақсы қарым-қатынаста болдық.
Жақыпұлы Смағұл халық соты болып істеді, 1930-1937 жылға дейін. Ол аудан шаруашылығына байланысты, оның қалыптасуына байланысты көп жұмыстар атқарды. Өзімен бірге жүрген жоғарыдағы аталған кісілермен өте жоғары сыйластықта болған, бірін-бірі өте жақсы құрметтейтін, менікі-сенікі демейтін, жұмысты бірігіп, ақылдасып істейтін еді. 1931 жылдан бастап ауданға үйлер салына бастады. Ең бірінші райсовет, райком үйлері, жетіжылдық мектеп үйі, бұлардың орны әлі тұр. Мұны салдырған Сақып Рақымбеков, Темір Нұртазин. Темір ағаш шебері еді, күллі есік, терезе, құрылыс материалдарын өгіз арбамен Қарқаралыдан таситын, ол кезде қиыншылық көп болды, бұрынғы үйлердің орны қазір жоқтың қасы. Сот-прокурордың үйі қазір Аяр деген азаматтың меншігінде, ал онда бұрын халық соты Смағұл жұмыс істеген еді. 1932 жылғы ашаршылықта ел қолында мал қалған жоқ, егін салынбаған, астық жоқ, халық аштан өлді. Осы селода 400-ден астам адам өліп жатты, ішінде қарттары, әйелдері, балалары да бар.
Сәуір айында комиссия құрылып, бұларды (өлгендерді) Қаратөбенің алдында жерледі. Смағұл осының бәрін көзімен көрді. Сол кездегі халықты ашаршылыққа ұшырату, қуғын-сүргінге ұшыратудың бәрі партияның солақай саясаты екенін білсек те, қолдан келер шара болмады. Смағұл көп қиыншылық көрсе де, халықты ұстап тұру үшін, үштіктің бірі болып,
аянбай еңбек етті. 1935-1936 жылдар тамаша жақсы жылдар болды,
халықтың етек-жеңі кеңіді, еркін отырды. Кейбір үйлерде бірді-екілі мал болды, бие байлап сауып ішті, балаларын жеті жылдық мектепте оқыта бастады. Сөйтіп ес жия бастағанда, 1937 жылдың тамыз айынан бастап халық қуғын-сүргінге ұшырай бастады.
Ахмет мұғалімді бірінші ұстады, Жексенбин Қожабек мұғалімді де ұстап түрмеге жапты. Одан кейін біртіндеп ауданның бірінші хатшысы Тоқтаровты, ауатком советінің төрағасы Бекболатовты, комсомол комитетінің хатшысы Әдекеновті, халық соты болған Смағұл Жақыповты, Әубәкір Тілегеновті ұстап, түрмеге жапты. Бұлардың қандай кінәлары бар екенін ешкім білмеді, халыққа айтпай, сол кездегі сүт бетіне шыққан ардақтыларымызды «халық жауы» деп өтірік айдар тағып, ұстап әкетіп жатты».
Смағұл терең ойлайтын, турашыл, шындықты бетке айтатын, әділетті жақтайтын, менмендігі жоқ, әрбір адамды өзімен тең ұстап, қолынан келген көмегін аямайтын адал басшы болған дейді көзі көргендер. «Ол кісінің білімділігі мен ақылдылығына, адамға деген көмегі мен мейірімділігіне халық риза болушы еді де, онымен тілдесе қалған адам, қайта кездесуге құмар болып тұратын» дейтін анам марқұм.
«Алтынды сүрткен сайын жарқырай береді» дегендей, сол әкелеріміздің өмір жолдары, жарқын бейнесі келешек ұрпаққа үлгі болып, алтынның жан-жаққа шашқан нұрлы сәулесі сияқты жарқырай бермек.
Кәбира СМАҒҰЛҚЫЗЫ,
зейнеткер