Бас тақырыпБіздің сұхбат

Айбол БИДАЙБЕКОВ: «Кен тиеген көліктер тас жолдан «талқан» жасайды»

Таздың басындағы ойық жарадай ойдым жолдың «жыры» жылда жер қарая басталады. Көптің көкірегінде қыжылға айналған инфрақұрылымның сапасына қатысты айтылған сын жебедей әлі жауып тұр. Небір тексерістерден түзу шыққан тақтайдай жолдың  алты ай қыстан соң абыройы айрандай төгіліп жатады. Соның салдарынан қаражат құмға құйған суға теңескен жайттар аз емес.  Үкімет  те үнсіз қалмады. Былтырғы жылы наурызда «Жол активтері сапасының ұлттық орталығын» құру жөнінде Қаулы шығарды. Оған қоса, оның филиалы әр аймақта  ашылды. Мақсат – жол құрылысының сапасын бақылау, қадағалау. Дәлірек айтқанда, құрылыстағы материалдардың сапасын зертханалық тұрғыда бағалау. Құрылғанына бір жыл болған «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Қарағанды филиалының өткен 366 күндегі қам-қарекеті мен бүгінгі өзекті мәселе – сапа туралы филиал басшысы Айбол БИДАЙБЕКОВПЕН ой бөліскен едік…АУЫР ЖҮК КӨЛІКТЕРІН ТЫЙМАЙЫНША, ЖОЛ ОҢБАЙДЫ

– Жол сапасы – қазіргі күні көптің аузында жүрген, сын мен мінге жиі ілігетін тақырып. Сол сындағы мінді түзеуге тікелей ықпал ететін  Жол активтері сапасының ұлттық орталығына да – бір жыл. Аз уақыт емес. Осы өткен он екі айда үр жаңа жолдың санаулы-ақ уақыттан соң су шайып, шашылып қалатын себебін анықтай алдыңыздар ма? Түпкі себеп не?

– Мұнда түпкі себеп не?  Бірқатар мәселелер бар.  Ол – көлік жолы құрылысын жобалауда кеткен қателік, мердігерлердің де сапалы құрылыс материалын таңдамауы  секілді себептерден туындауы әбден  мүмкін. Ал, қазіргі ауданаралық, облысаралық жолдың жарамсыз күйге түсуіне  ауыр жүк көліктерінің орташа жөндеуден өткен жолдарды басып-жаншып жүк тасуға пайдалануы тікелей әсер етіп отыр. Бүгінгі таңда, шындықтың бетіне тура қарасақ,  жөнделген жолмен 25-40 тонналық ауыр жүк көліктері жүк тасуда. Оның шектік талабы бір білікке – 8 тоннадан аспауы тиіс. Бірақ, асыра тиеп алып, жөңкілуде. Тас жолдардың талқанын шығаратын  бірден-бір себеп – осы. Көлік және коммуникация министрі көлік қозғалысына қатысты арнайы шектеулер бекіткен. Сонда бір  білікке (ось)  түсетін жүк салмағы 8 тоннадан асатын ауыр жүк көліктері  ауа температурасы 25 градустан жоғарылағанда,  республикалық маңызы бар автожолдарда жүруіне шектеу қойылады. Мысалы, Қарағанды аймағы   IV-V жол климаттық аймаққа жатады.  V – аймақ Балқаш-Жезқазған өңірлері,  IV – облыстың қалған өңірлері. IV жол-климаттық аймақ үшін, яғни,  23 наурыздан 1 мамырға дейін, V жол – климаттық аймақ үшін 1 наурыздан 1 сәуірге дейін шектеулер бар. Бұл арада табиғаттың ауа температурасы, жауын-шашыны бәрі ескеріледі. Соған сай шектеулер де қойылуда. Әйтпесе, жолдың бұзылу қаупі жоғары. Ауа температурасы жоғары аймақта асфальт ондай ауыр салмақтарды көтере алмайды. Қар көп түсіп, көктем шыға жауын-шашыны көбейетін  IV жол-климаттық аймақ та тап сондай.

Облыстық маңызы бар ҚарағандыҚоян ды-Егіндібұлақ-Бүркітті деген жол бар. Бүгінде сол жолмен кен орындарынан жөңкілген ауыр көлік көп. Мұндай мәселе облыстың кез келген аймағында орын алған. Мысалы, Жаңаарқа ауданындағы Қаражал-Атасу жолында осындай ауыр салмақты жүк көліктері негізгі жолдарды жаншып, жүк тасымалдайтынға айналдырып алған. Әлі тоқтаған жоқ. Бұл қандай сапалы жол болсын, шыдатпайды. Қандай керемет етіп, төсеп тастасақ та,  зор салмаққа төтеп бере алмайды.

ӘКІМДЕР  ЖОЛ САПАСЫН ТЕКСЕРТУГЕ МҮДДЕЛІ

– Сонда қайтпек керек енді?

– Ол үшін, ең бірінші, осы ауыр жүк көліктерінің ағыл-тегіл легіне тоқтау салу керек. Мұндай көліктер  кен орындарының маңайындағы жұмыстарға ғана арналған. Оның мынадай тас жолға шығуға хақысы жоқ. Мысалы, өзге шет ел мемлекеттері оларды тас жолда жүргізбек түгілі, тырп еткізбейді. Әрине, жол құрылысы кезінде жүруге рұқсат. Ал, жол жөнделген соң тосқауыл қойылуы тиіс. Жол көлік бақылау  комитеті де қол қусырып қарап отырған жоқ. Басқа да құзырлы орындар да жұмысқа жұмылған. Дегенмен, әзірге оларға дес бермей келеді. Осы бағытта жауапкершілікті арттырудың амалдарын қарастырған жөн.

– Қалай һәм қайтіп?

–  Материалдық тұрғыда әсер етпейінше, тыйылмайды. Салмақты асырып тиеген жүк көліктеріне ұдайы тексеріс жасап, тиісті жауаптылыққа тартсақ, олар да айылын жияр еді. Көліктердің қандай кен орнынан шығып, қай бағытқа бет алғандығы туралы толық мәлімет бар емес пе? Соған сүйеніп, қадағалап, жүрген сайын жауаптылық жүктелсе, нәтиже де шығары даусыз.

– Жолдың сапасын зерттеу міндетін алған кәсіпорын басшысы ретінде  бүгінгі жол құрылысы материалының сапасына өзіңіздің көңіліңіз тола ма?

– Жобалау жұмыстарын жүргізгенде арнайы институттар аталған жолға қандай қажетті материалдар жұмсалатындығын, оның сапа, деңгейін  толық тізімдеп көрсетіп береді. Жұмыстар сонымен өрбиді. Көрсетілген талаптарға сай жұмыс жүргізілсе, сапасыздық орын алмайды. Рас, кейінгі кезде өзіміздің шығаратын битумның да сапасы көңіл көншітпейтінін атап өтуге тиіспіз. Соның кесірі де тиеді, жасыратыны жоқ. Оған түрлі химиялық қоспалар қосылады. Ақыры сан соқтырады.

Жол құрылысында бес сатылы тексеріс бар. Сол бойынша тексерістер жүргізіледі. Біз республикалық мекеме ретінде таңдау тәсілімен тексереміз. Мысалы, кесте бойынша биылғы жылдың басынан бері республикалық жолға 799 тексеріс жүргізуге тиіспіз. Қазіргі уақытта 240 тексеріс өтті. Өзіңіз білесіз, биыл қыс ауыр, қарлы болды. Мамандар жолға шығып, мердігерлердің  қар тазалауға, жолды аршуға қатысты жұмыс атқармағандықтарын анықтады. Шаралар қолданды.

Бүгінгі таңда біршама құрылыс материалдарына зерттеу жүргіземіз. Бірақ, біз 15 адаммен  жолды күн сайын қадағалай алмаймыз. Ол, мүмкін емес. Ал, негізінде,  республикалық жолдың сапасына тапсырыс беру арқылы тексере аламыз. Былтыр облыстың жол көлік басқармасы 50 млн. теңгеге келісім-шарт жасасып, облыстық маңыздағы жолдарды тексеруге  тапсырыс берді. Оған жұмыс атқарылды. Биыл да 50 млн.теңгеге келісім бар. Бұған қоса, облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен өзге аудан, қала әкімдіктері  біздің ұйыммен келісімге келуде.

– Өз өңірінде жол құрылысын  жүргізген аудан, қала басшылары сол жол сапасын тексертуге мүдделі ме? Әрине, бұл үшін арнайы қаражат бөлінуі тиіс. Бұл орайда, олар сараңдық танытпай ма?

– Мүдделі. Аудан, қала әкімдері қазіргі таңда жолдардың сапасын тексертуге ынталы. Себебі, олардың сапасыз жол салған талай мердігерден ауыздары күйген жайлары бар. Жолдың сапасыздығы ешкімге абырой әпермейді. Сондықтан, әкімдіктер бұл істе шет қалған жоқ. Айталық, 18 аудан, қала әкімдіктерінің тең жартысынан астамының келісімі бар. Мамыр соңына дейін қалғандары да  қосылмақ.

ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫНДА ҚАТЕЛІККЕ ЖОЛ ЖОҚ

– Сапасыз жолдың ұяты кімде? Жол құрылысына тапсырыс берушіде, я сонымен айналысатын мердігерде ме, әлде жол құрылысына қажетті материал ұсынған өндірісте ме?

– Мұнда тапсырыс берушіден бастап, құрылысты мойнына алған мердігер де, жобалаушы да, арнайы бақылайтын құзырлы орындар да жауапты. Жеке бір ғана ұйым  де у ге келмейді. Жауаптылықтың жүгі бәріне бірдей тең.

– Сіздің кәсіпорын  бір жыл мұғдарында қанша сынама алып үлгерді және оның нешеуі сынақтан сүрінді?

– Былтыр мамырдан желтоқсанға дейін 575 сынама алдық. Оның 423-інің республикалық, 152-сі облыстық жолға қатысты. Соның ішінде, республикалық жол сынамасынан 74-і, облыстықтан 43-і нормативке сай еместігі анықталды. Сол негізде хаттама беріліп, жою міндеттелді. Оның қайсыбірінде төселетін асфальттың тығыздығы сәйкес келмей жатады. Немесе төселетін қиыршық тастардың сапасы  нормативке сай емес. Лайдың, материалдың құрамы дұрыс болмай шығатын жайттар бар. Бұл сынаманың заңдық негізіне соны өткізген зертханашы жауап береді.  Биыл 4 сынамадағы қиыршық тастар бойынша ескертулер берілді. Жалпы, бүгінгі таңда сапа жақсарып келеді.

– Ең алғашқы магистраль Германияда екінші дүниежүзілік соғыс кезінде салыныпты, жаңылмасам. Содан бері жүз жылға жуық уақыт өтті. Ал, ол магистраль бүгінге дейін шытынамады дейді деректер. Дәл сондай жол салуға бізге не кедергі?

– Технологияның озықтығын ерекше атауға тиіспіз. Ең бастысы, жолдың астыңғы  қабатын зерттеуге баса мән берілуі тиіс. Олай етпейінше, жолда сапа болмайды.  Жол құрылысында жобалауда қателікке жол жоқ. Оның төменгі қабатының ерекшеліктерін ежіктеп талдаудан өткізу – міндет. Әйтпесе, жолдан кілтипан шыға береді. Бәрі алғашқы зерттеудің негізіне байланысты.

– Санаулы жылдарда жол сапасына қайта айналып соқпаймыз деген зор үмітпен әңгімемізді түйіндейік. Рахмет сізге, сұхбатыңыз үшін!

Сұхбаттасқан Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button