Руханият

Адамдықты ту еткен

Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап кітапханада жазушы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Төлен Әбдіктің шығармашылығына арналған «Парасат майданы» кітабының бенефис сағаты өтті. Ол қазақ прозасына ерекше қолтаңбасымен келіп, әдебиетімізді жаңа деңгейге көтеруге сүбелі үлес қосқан көрнекті жазушы әрі драматург. Іс-шара «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында ұйымдастырылды.

Шараға Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің қазақ тілі және мәдениеті кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Қарлығаш Хамзина, Тәттімбет атындағы өнер колледжі «Кітапхана ісі» бөлімінің оқытушысы Қызылгүл Советқызы, Абай атындағы мектеп-гимназияның кітапханашысы Айсұлу Ізбасарова қатысып, «Парасат майданы» кітабы туралы өз ойларымен бөлісті.

Кеште Т.Әбдіктің «Әке» хикаятын мазмұндаған Туғанбай Ділназ: «Әр адам ата-анасына, қолынан келген жақсылығын дер кезінде аямай қамқор болу» керек екендігін айтты. Шығармадағы перзент көзімен қарағандағы әке бейнесі, әке қадірі, әкеге деген сағыныш студенттерге ерекше әсер етті.

«Ақиқат» хикаяты жөнінде ойын ортаға салған Арайлым Мырзахметова шындыққа мойын ұсыну керек екендігін түсініп, «Қанағат – қарын тойдырады» деген тұжырымға келгенін айтты. «Жат перзент» хикаятына Кәкен Диана тоқталып, кекшілдік, іштарлық деген жағымсыз қасиеттерді кешірімділік пен кеңдік сынды асыл қасиеттерге жеңгізе алмай, бір-бірімізбен ерегісіп, өмірдің ақ-қарасын ажыратуға қиналып жүрміз» деп ойын ашық айтты.

Оқырмандардың қызығушылығын оятып, қызу талқыға ұласып, пікірталас тудырған бүгінгі күн тақырыбында жазылған «Біз үшеу едік» драмасы болды. Драманы талдау барысында аудитория қонақтары екіге бөлініп, бірі Мұратты, екінші жағы Өмірбекті жақтады.

Кеш жазушы шығармаларындағы адамдыққа, адалдыққа бастайтын асыл қасиеттерді жастардың бойына сіңіру, кітап оқуға баулуды көздеді.

– «Парасат майданы» қазақ әдебиетіне жаңалық әкелген психологиялық шығармалардың бірегейі, автор қаламынан туған бұл туынды әдебиет сүйер қауымды бей-жай қалдырмасы анық, – деді Қарлығаш Мәуенқызы.

Жазушы шығармалары адамгершілікке, ізгілікке, мейірімге, еңбексүйгіштік сынды қасиеттерге жетелейді. Сонымен қатар, автордың тұлғаның екіге бөлінуі сынды психологиялық мәселені де шебер қозғаған. «Оң қол», «Парасат майданы», «Тозақ оттары жымыңдайды» шығармаларында «Тұлғаның екіге жарылуы», ал «Әке», «Ақиқат» повестері мен «Қайырсыз жұма», «Бассүйек», «Жат перзент» сынды әңгімелерінде «жалғыздық» философиясы бейнеленген.

Кеште қаламыздағы өнер колледжінің студенттері Шаймахамбет Бекарыс және Сансызбай Аңсаған «Сарыарқа» әні мен «Әлқисса» күйін орындап, оқырмандарға тамаша көңіл-күй сыйлады. Абай атындағы мектеп-гимназияның 9-сынып оқушылары Айтқали Зейнеп, Алдажан Балғын, Серік Ақсұңқарұлы мен Қорғанбек Аманжолдың жазушыға арнаған арнау жырларын мәнерлеп оқыды.

Кеш соңында оқырмандар назарына жазушы шығармашылығына арналған «Табиғаты өзгеше дарын» атты кітап көрмесі ұсынылып, әдеби-танымдық викторина ойнатылды.

Жәлел ШАЛҚАР.

Оrtalyq.kz  

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button