Жаңалықтар

Адал қызмет – полицияға міндет

      Биыл ҚР Полициясының құрылғанынан ширек ғасыр толып отыр. Осы ретте, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру бойынша құрылған жергілікті полиция қызметі жайында айтпай кету мүмкін емес. Сөйтіп, еліміздің құқық қорғау органдары қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде жаңа форматқа көшкен еді. Мұндағы мақсат –құқық тәртібін нығайту арқылы азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету. Аталған Ұлт жоспарының 30-қадамында көрсетілгендей, жергілікті полиция қызметіне де үлкен жауапкершілік жүктеледі. Соған байланысты біз, бұл қызметтің басы-қасында болып, қойылған міндеттерді адал атқарып жүрген Қарағанды қаласы ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция подполковнигі Арман ОРАЗБАЕВПЕН сұхбаттасқан болатынбыз.

Арман Әліпбайұлы, жергілікті полиция қызметіне жаңа қоғамдық институт ретінде қойылған міндеттер мен мақсаттар қандай?

Қазіргі таңда жергілікті полицияның міндеттері мен құқықтары ҚР ІІМ қолданылатын заңдармен бекітілген. Жергілікті полиция құрамына учаскелік полиция инспекторлары, кәмелетке толмағандар ісі бойынша бөлімшелер, табиғат қорғау полиция бөлімшелері, әйелдерді зорлықтан қорғау бөлімшелері, әкімшілік-тұтқындалған адамдар үшін арнайы қабылдағыштар және тұрғылықты жері мен құжаттары жоқ адамдар үшін қабылдап-тарату, жол-патрульдік полициясы енген. Яғни, қызметіміздің басты мақсаты – құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті қорғау, әкімшілік құқық бұзушылық істері бойынша өндіріс, хаттама түріндегі қылмыстық әрекет бойынша сотқа дейінгі тергеу, ішкі істер органдарының арнайы қабылдағыштары мен қабылдап-тарату орындарында құқық бұзушыларды ұстау. Сонымен қатар, жергілікті полиция қызметіне жедел жағдай жөнінде келіп түскен ақпараттарды сараптау мен жинақтау, қылмыстар, қоғамдық тәртіпті бұзу, апаттар мен басқа да төтенше жағдайлар жөніндегі хабарламаларға тез арада әрекет ету, кезекші тәуліктерде қылмыстарды «ізін суытпай» ашу міндеттері нақ осы жергілікті полицияға жүктеліп отыр. Жергілікті полиция – көшелер мен басқа да қоғамдық орындарда құқықтық тәртіпті сақтау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықты оңалту арқылы халыққа жақын бола түседі. Бұл орайда, кез келген азамат даулы жағдайларда бейнебақылау камераларынан, бейнежетон және автокөлік бейнетіркегішіне жазылған бейнетаспаға сұрау сала алады. Күн сайын ауысым аяқталғанда инспекторлар құрамы бейнетіркегіштерді тапсырады. Ең маңыздысы, жергілікті полиция ІІМ бірыңғай орталықтанған жүйесінде қалды.

Өңіріміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау барысында қандай жұмыстар атқарылды және жалпы жедел ахуалдың жай-күйіне тоқтала кетсеңіз?

Жыл басынан бастап халықпен 175 кездесу өткізілді. Кездесу барысында халыққа ақылы автотұрақ қызметін пайдаланудың артықшылығы, пәтерлерде дабыл, бейне бақылау камераларын орнату, көліктің ұрлануына қарсы құралдарды пайдалану жұмыстары түсіндірілді. Осы мәселелер бойынша, пәтер иелері кооперативінің өкілдерімен кездесіп, тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізуге тапсырмалар берілді. Жергілікті полиция қызметі ювеналды полиция қызметкерлерінің жеке ізденулерімен 224 қылмыс ашылды. Әр қилы қылмыс жасағандары үшін түрлі санатпен кәмелетке толмаған 320 азамат, 276 қолайсыз отбасы тіркеуге алынды. Кәмелетке толмаған 34 адамға қатысты қорғаушы шешімі шығарылды. Қолайсыз отбасыларды ата-ана құқығынан айыру мәселесін қарастыру мақсатында – 12 ұсыным жолданып, 6 ұсыным сотпен қанағаттандырылды. Сондай-ақ, Қарағанды қаласының аумағында жыл аралығында кәмелетке толмағандар желісінде ішкі істер органдары мүдделі қызметтерін, білім органдары өкілдерін, денсаулық сақтау, қоғамдық ұйымдар, балалар және жастар ұйымдары өкілдерін қатыстырумен жедел-алдын алу іс-шаралары жүргізілді. Биыл облыс орталығының аумағында 39 жол көлік оқиғасы тіркелді. Онда 4 азамат қаза тауып, 41 азамат түрлі ауыр дәрежедегі жарақаттар алған. Сонымен қатар, қоғамдық тәртіпті қадағалау бойынша, жергілікті полиция қызметімен мәдени-көріністік, спорттық, ойын-сауықтық шараларды атқару кезінде жұмыс жоғары бақылауға алынды. Осыған байланысты, қандай да бір акцияны өткізу кезіндегі қоғамдық тәртіпті бақылауда ұстау үшін жеке жоспар дайындалып, қосымша күш пен құралдар жұмылдырылады.

Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында қоғам тәртіпсіздікке мүлдем төзбеушілік принципін ұстанумыз керектігі айтылған. Осы «нөлдік төзімділік» қағидаттарын жүзеге асыру барысында халық пен полиция арасында қандай жұмыстар атқарылуда?

Құқық бұзушылыққа төзбеу – бұл қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алудағы және қоғамдық тәртіпті сақтаудағы маңызды қадамдардың бірі ретінде жолға қойылған. Бұл бағыттың басты мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру. Әрине, қазіргі таңда тұрғындар қоғамдық орындардағы, жалпы, айналасындағы бұзақылықтарға немқұрайлы қарамай, белсенділік танытуда. Егер, әлемнің өркениетті елдері қатарынан табылғымыз келсе, қоғамға үлес қосуды ұмытпағанымыз абзал. Қоғамдық орындарда ішімдік ішу, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта бей-берекетсіз жүруіне жол беру, қоғамдық орындарда темекі шегу, ластау сынды әрекеттердің жолын кесуді тек ішкі істер органдарының мойнына жүктеп қоймай, қоғам болып күрессек, жұмысымыз нәтижелі болары сөзсіз.

Биыл ҚР Полициясының құрылғанына 25 жыл толып отыр. Алдағы күндерге қандай жоспарларыңыз бар және әріптестеріңізге қандай тілек білдіресіз?

Атқарылған жұмыстар аз емес. ҚР Полициясының ширек ғасырлық мерейтойына орай, бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылуда. Атап айтсақ, жасөспірімдердің жолдан өту барысындағы қауіпсіздігін сақтау мақсатында «Жол жүру ережелерін сақтау» туралы акция, жас инспекторлар слеты және жол-патрульдік полициясы полкінің қызметі жөнінде «Қазақстан Қарағанды» телеарнасына Қарағанды қаласы ІІБ жол-патрульдік полициясы полкінің командирі Сымбат Төребековтің «Обсудим» бағдарламасындағы сұхбаты. 15-25 мамыр аралығында «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілуде. Мұндай игі шаралар әрі қарай жалғасын табады. Елбасымыз «Ел азаматтары полиция қызметкерлерін өздерінің қорғаушысы ретінде танып, өз қауіпсіздіктерін сезінуі тиіс» деп атап айтқан болатын. Сондықтан, еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау жолында тер төгіп жүрген барша полиция қызметкерлерін мерекелерімен құттықтап, жемісті еңбек тілеймін!

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Ботакөз КЕНЖЕБАЕВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button