Абырой асқарында

     Жаңаарқа жампоз ұлдарын төбесіне көтерді. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шықсын?!» дейтін сөздің құлағы осы тұстан қылтияды. Ел деп туған екі ұлдың бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әйгілі актер Қайрат КЕМАЛОВ болса, бірі – тарих тұңғиығынан маржан теріп жүрген өлкетанушы ғалым, Долинка кентіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске сақтау музейі директорының орынбасары Ібірахым (Жақан) ІСЛӘМОВ. Екеуіне де Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматы атағы берілді.

Қайрат Кемаловты жалпақ жұртшылыққа таныстырып жату­дың өзі артық шығар. С.Сей­фуллин атындағы облыстық қа­зақ драма театрында бірнеше спектакль, тарихи драмаларда басты рөлдерді сомдап, өзі де тарихи тұлғаға айналған актер. Басқасын былай қойғанда, күні кеше Қазақ хандығының 550 жылдық тарихының баяны – «Алмас қылыш» кинотуын­дысында Керей ханның рөлін сомдағанының өзі неге тұрады?! Жұрт сүйіспеншілігіне бөленіп үлгерген танымал тұлға – Жаңа­арқа ауданының Құрметті азаматы.

Жаңаарқалық жампоздың бірі Жақан Ісләмов – аймақ та­рихының астарына үңіліп, өлке­міздің өткенін байыптап жүрген бірден-бір зерттеуші. Бірнеше кітаптардың авторы. Ел тарихын тасқа қашап, ертеңге жеткізуші елеулі тұлға енді Жаңаарқа ау­данының Құрметті азаматы. Қалай десек те, орынды. Қалай атасақ та, байыпты міндет атқарған жанға лайықты құрмет ләзім-ақ. Ендеше, ел азаматтарына жасалған құрмет ұзағынан сүйіндірсін!

Жәнібек ӘЛИМАН

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.