Абайлық диқандар күзгі жиын-терімге кірісті
Биыл Абай ауданының аграршылары дәнді дақылдар егістігін 6689 гектарға ұлғайтып, 62 мың гектарға жеткізген еді. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің хабарлауынша, осы 18 тамызға дейін сол алқаптардың 12,6 мың гектары орылып, одан 7 мың тонна астық бастырылып, гектарына 5,5 центнерден өнім алыныпты. Ал бидайы жиналған 5 мың гектар алқаптың әр гектары да 5,5 центнерден түсім берген.

Аудан шаруашылықтары сонымен бір мезгілде картоптың ерте пісетін тұқымының 200 гектарын да (жалпы алқаптың 4 пайызы) жинап, гектарына орташа есеппен 120 центнерден өнім жинады.
Биылғы күзгі егін орағына аудан бойынша 125 дәнді дақылдар және 21 картоп жинайтын комбайндар, 11 жатка мен 25 картоп қазғыш машина қатысып отыр. Тағы да 1099 трактор, автомобиль, тіркемелер мен басқа да қосалқы техникалар шаруашылықтардың дала жұмыстары мен өнім тасымалдауын қамтамасыз етуде.
Аудандағы машина-трактор паркін жаңарту да жалғасып, биылдың өзінде абайлық аграршылар “КазАгроФинанс” АҚ ақылы 329 миллион теңгеге 17 ауылшаруашылық техникасы мен жабдықтарын сатып алған екен. Олар сондай-ақ жиын-терім жұмыстарын жүргізу үшін литрі 295 теңгеден 2012 тонна дизель отынына тапсырыс беріп, ол уақытында жеткізіліп, ауданда орақ науқаны тоқтаусыз жүріп жатыр.
Ержан ИМАШ
Абай ауданы



