Жезқазған

Ақын рухына құрмет

      Жезқазған тарихи-археологиялық музейінде танымал мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Кәкімбек САЛЫҚОВТЫҢ туғанына 85 жыл толуына орай өткізілген «Сырымды жанға айтпаған айтады өлең» атты тағылымды іс-шара жұртшылық тарапынан Жезқазған-Ұлытау аймағының әлеуметтік-экономикалық және рухани тұрғыда дамуына өлшеусіз үлес қосқан біртуар азаматтың рухына жасалған лайықты құрмет ретінде қабылданды.

Көпшілік көңіліне аса қонымды болған іс-шараға Ұлттың ұлағатты ұланының ұлы – Ерлан Кәкімбекұлы, қаланың Құрметті азаматтары, шығармашыл зиялы қауым мен БАҚ өкілдері, жалпы өнерге іңкәр, өлеңсүйер қауым қатысты.

Келісті кешке қатысушылар алғашқы кезекте «Ұлы Дала ұландары» экспозиция­сымен жете танысты. Одан кейін жинал­ғандар Кәкімбек Салықұлының өнеге тұнған өмірі туралы баяндайтын деректі фильмнен үзінді тамашалады. «Айгөлек» балабақшасының бүл­дір­шін­дері зерделі қаламгердің туындыларын жатқа айтып, ел ықыласына бөленді. Шара барысында музей қызметкерлері Еркебұлан Камалиев пен Қолқанат Іскендірова да ақынның өлмес өлеңдерін нақышына келтіре оқып, қалың қауымды жыр мәйегімен сусындатты.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Тайжан Қалмағамбетов атындағы Жезқазған филармонияның әншісі Ғалым Мұхамедин сыршыл ақынның сөзіне жазылған белгілі композитор Жақсыкелді Сейіловтің «Жезкиік» әнін тамылжыта орындады.

Бір суреттің тарихы” тақырыбы ая­сындағы сыр-сұхбат кезінде Кәкім­бек ағамен бірге түскен суреттері хақында өлкетанушы, Жезқазған қала­сының Құрметті азаматы Сағындық Қожамсейітов, Қазақстан халқы Ассам­блеясының мүшесі, қалалық Аналар кеңесінің төрайымы Зинаида Чумакова, №7 мектеп-лицейінің директоры Нұрия Жұмажанова әдемі әңгіме өрбітіп, естеліктерімен бөлісті. Пікір алмасулар сәтінде ардақты тұлғаның адами кескін-келбетіне тән ерекшелік мәнері, оның өмірлік ұстанымдарының өзгелерге үлгі боларлық тұстары, қаламгерлік қарым-қабілетінің басқаларға беймәлім қырлары мейлінше айшықталып, те­реңірек таныла түсті.

Өзінің жүрекжарды лебізінде Ерлан Кәкімбекұлы елге еңбегі ерекше сіңген тұлғаның есімін жадында сақтап, оны жаңғыртып отыруға ден қойған жұртшылыққа риясыз алғыс сезімін білдірді. Әкесінің Жезқазған-Ұлытаудағы ұлт руханиятының қам­қоры әрі тірегі бола білгенін мақтан тұтатынын айрықша атап өтті.

Тағылымы мол тұлға рухына кір­шіксіз құрмет көрсетілген әсерлі кеш өнер жанашыры, жергілікті сазгер Бауыржан Әбиевтің айтулы ақынның сөзіне жазылған “Сағынтпа” әнімен түйінделді.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button