Руханият

Ағыбай батырға көше бұйыра ма?

Ағыбайдың айтқан сөздері мен жүргізген билігі – халқымыз­дың өткен өмірі мен тұрмыс-тіршілігінің бет-бейнесі болып табылады. Осы ретте Ағыбай батыр билігін зерттеудің айрықша маңызы бар. Тарихи материалдар мен фактілердің негізінде жасалған мұндай талдау қазақ қауымдастығында өзіндік орны бар, сая­си-әлеуметтік тұлғалар билер мен шешендердің атқаратын рөлімен танысуға мүмкіндік береді. Олардың бүгінгі ұрпақ өтеміне де жарайтын ұлағатты сөздерінің қадір-қасиетін сара­лау­ға жол ашады.

Ағыбай батырдың бір қасиеті – шешендігі еді. Әдетте ертеден келе жатқан шешендік сөздердің көпшілігі ердің құнын, не нардың пұлын даулаудан немесе үлгілі би, ердің арысы, елдің намысы сөз болатын айтыс-даулардан туған. Мәселен, атағы алты Алашқа әйгілі болған Ағыбай батырдың тапқырлық сөздері әр түрлі әлеу­меттік жағдайлары байланыс­ты болған.

Ағыбай батыр

Өнердің көптеген өзге түрлері сияқ­ты, шешендік те адам баласымен ежелден бірге жасасып келе жатқан, қоғамдық-рухани мәні зор, қадірлі де қасиетті өнер.

Ол – әсіресе, біздің халқымыз үшін, тіпті, ерекше бағалы.

Жүсіпбек Аймауытовтың сөзі­мен айт­қанда: «Қазақ жұрты кең далада, еркін әуеде сайран салып, жер мен көк, су мен ағаш, тау мен тастың тамаша сырларымен бірге туысып, біте қайнап, басы бос, қиялы күшті, дүниенің бір бұлғақтап жүрген ерке баласы болды. Сондықтан, оның сүйегінде ақындығы бар».

Демек, шешендік өнер ақындыққа ағайын, бұларды сонау халу фәләдан-ақ жүрегімізге тағдыр сыйлаған нұр, қаны­мызға дарыған қасиет деп тануымыз орынды.

Қазақтың шешендік өнері – руханиятымыздың алтын бастауы. Кезінде орыс және шетелден келген ғалымдардың өзі таң қалған баға жетпейтін өнеріміз.

Ұлттық руханият мұрасында кеңдікті, ерлікті, береке мен бірлікті, еркіндік пен өрлікті ту етіп көтерген қазақ халқы барша болмысын бір ғана тұлғасына сыйғыза алатын шешенді дүниеге әкелді. Шешенді әулиедей сыйлаған жұрт оны піріндей көрді. Міне, осыдан барып шешеннің би атына, батыр атағына, көріпкел атына ие болуы заңды құбылыс болды.

Халқымыздың мұндай қабілет, дарынын өзге жұрттың білімпаз өкілдері және белгілі түркологтар да байқаған. Мәселен, айтулы зерттеуші В.Радлов: «Қазақ тілі – исламның бүлдіргіштік әсеріне ұшырамай, түптік таза түрін, түркі сипатын сақтап қалған тіл. Қазақ тілінің осы тазалығы мен табиғилығы, сондай-ақ көп таралғандығы бұл тілдегі мұраларды менің көбірек жинап, оған әдебиет нұсқаларынан құрастырылған жинақтардың толық бір томын арнауыма себеп болды. Оның үстіне қазақтың өзге бауырластарынан гөрі сөзге тапқырлығы мен шешендігі маған айрықша әсер етті», – десе, М.Мелиоранский: «Қазақтар көркем, жатық сөйлеуге өте шебер де құмар халық. Бұларды тыңдау – жанға ләззат», – дейді. Ал, С.Малов: «Қазақтардың тілдері түркі тілдері ішінде өзінің бейнелілігімен де, суреттілігімен де үнемі ерекшеленіп отырады. Қазақтардың даңқы өзінің халықтық ауыз екі тілімен, мәнерлі ауыз әдебиетімен де шықты», – дейді. 1830-1831 жылдардағы Польша ұлт-­азаттық көтерілісіне қатысып, Сібірде айдауда жүргенінде, ұзақ уақыт қазақ даласында болып, халқымыздың өмірін, дәстүрін және мәдениетін зерттеген А.Яну­шкевич інісі Януарийге 1848 жылдың 22 мамырында жазған хатында өзі куә болған бір даудағы шешендер айтысы туралы: «Бұл іске біздің бірнеше күніміз кетті, өштес­кен екі жақ күреске барып түсті. Шешендер алма-кезек сөз таластырды. Қайсыбіреулерінің желпіне, айшықты сөйлегені соншалық, мен қайран қалдым. Ежелгі Грецияда немесе Римде болса, старшина Тоқымбай мен Бейсекелер лаврдың астында қалған болар еді», – деп жазды.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, академик С.Қирабаевтың М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ғалымдарының дайындап шығарған «Ақжолтай Ағыбай батыр» жинақ кітабына жазған алғы сөзінде: «Тарихи деректерде де, халық жырларында да Ағыбай қайтпас қайсар, ержүрек, көтерілістің ең ауыр, азапты жүгін арқалап жүрген батыр болып көрінеді. Ағыбайдың жеңбейтін жауы, ала алмайтын қамалы болмаған. Оның есімі ұранға, ісі үлгіге айналған.

Ағыбай туралы тарихи әдебиет туындылары оның көзсіз ерліктің ғана емес, үлкен адамгершіліктің, ақыл-парасаттың да иесі екендігін ашады. Жөнсіз қырып-жою, «Шаш ал десе, бас алу» Ағыбайдың табиғатына мүлдем жат… Халық аңыздарына қарағанда, Ағыбай – батырлығына, байсалдылығына қоса, артына ұлағатты сөз қалдырған, қисынын тауып сөйлейтін шешен. Әлихан Бөкейхановтың үш сұрағына берген жауаптарында да Ағыбайдың ойлылығы аңғарылады. Бұлардың бәрі Ағыбайдың әдебиеттегі бейнесін толықтыра түседі…», – деп тұжырым жасайды.

«Ат сүрінгенше» ақыл тапқан қазақ, сөлді сөз бойын сергіткен қазақ сөздің асылдығын қасиеттей білген. Ұтымды сөзге ұтымды жауап беру оңай емес екендігін әрдайым есте ұстаған. Жалпы, тіл жалпақ елге ортақ болғанымен, тіл дарыған адам ғана, ақпа-төкпе шешен ғана, көріпкел көсем ғана оны сәнімен, ойлы мәнімен, оң­тайлы орнымен пайдалана алған. Сондықтан да, кемеңгер Бұқар жыраудың да:

Көш бастау қиын емес,
Қонатын жерде су бар.
Қол бастау қиын емес,
Шабатын жерде жау бар.
Шаршы топта сөз
бастау қиын,
Шешімін адам таппас дау бар.
Ұнаса үлгі қылады,
Ұнамаса күлкі қылады, – деп айтуында халық алдында сөз бастап, әділ билік айтудың үлкен жауапкершілігі бар екенін байқаймыз.

Әйткенмен, әр заманда бүтін ел болып, кемел ой, терең ақыл күтетін сын сағаттар болады. Сол мезгілде топ жарып, толғанта сөз айтып, тағылымды ой қосып, тосыннан жол тауып, тығырық­тан шығынсыз шығаратын ділмар шешендерін күткен, оларға Отан тағдырын сеніп, орасан үміт артқан. Осындай тұтқиыл шешім қабылдау арқылы ер елдің намысын қорғайтын тұста көсемдік жауапкершіліктен бейтарап қалмайтын, ауыздыға сөз бермейтін, қаусырма жақ, қызыл тілге келгенде, алдына жан салмайтын шешен-билер ортаға шыққан.

Қазақтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін арнайы зерттеген Шоқан Уәлиханов «Сот реформасы жайында хат» атты еңбегінде шешендік өнер өкілдері – билерге байланысты былай дейді: «Қазақ қауымында би атағын алу үшін олардың тектілігі, байлығы емес, халықтық әдет-ғұрыпты жете білуі және шешендік қабілеті болуы қажет…».

Осынау айтылғандардан шы­ғатын қорытынды – қазақтың сөз өнерін мойнына тұмар етіп таққан ұлтымыздың билері, ғасырлар бойғы ұлттық қазынаны терең меңгеріп, аса үлкен мәртебеге ие болған.

Сондықтан, сахараның түп­кір-түпкі­ріне аты жайылған, Үш жүзге атағы мә­лім болған Ағыбайдың әрі философ, әрі ұстаз, әрі батыр, әрі би, әрі кеңесші, әрі билік иесі, әрі ділмар шешен болып келуі, тарихи заңдылық жүйенің белді-белді алғышарттары болатын.

Кенесары хан бастаған халық көтерілісінің бас қолбасшысы, ке­зінде халықтың қамын ойлап, ел бірлігі үшін 40 жыл бойы жан аямай күрескен, Ақжолтай Ағыбай батырдың кейінгі ұрпаққа үлгі болып қалған ерлік істері бүгінгі күн­ге дейін өзінің өзектілігін жойған жоқ.

Ақжолтай Ағыбай батыр Қарағанды жерінде дүниеге келіп, осы жерде өле-өлгенше өмір сүрген. Ағыбай батыр кесенесі Шет ауданының, Киік станциясынан 45 шақырым жерде орналасқан. Ескерткіш XIX ғасырдың соңында шикі кірпіштен салынып, осы кезге дейін екі рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Батырды әулие санап: «Ақжолтай Ағыбай батырдың батасын аламыз!» – деп еліміздің барлық өңірінің тұрғындары қысы-жазы ағылып келіп жатады.

Жаңа Қазақстан, Әділетті ел құру мақ­сатында, заман талабына сай, облыс орталығы Қарағанды қаласының көшелерінің аттарына тарихи тұлғалардың аттарын беру үрдісі басталған екен.

Осыған орай, Ақжолтай Ағыбай бабамыздың құрметіне, жаңа аудан немесе қаланың бір орталық көшесінің атын беру лайықты деп санаймыз және бұл бас­таманы облыс, қала басшылары, облыстың зиялы қауымы қолдайтынына сенім білдіремін!

Жұмағұл ШӨЖЕНОВ,
Ұлытау облыстық сотының судьясы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button