Басты тақырыпҚарағанды

Ақ тілектер ордасы

     Қарағандының Оңтүстік-Шығыс бөлігінде жаңадан «Неке сарайы» салынатыны туралы әңгіменің шыққанына біраз жылдың жүзі болды. Бұл қуанышты жаңалық тұрғындарды қуантқаны рас. Себебі, Чкалов көшесіндегі ғимаратта орналасқан АХАЖ бөлімі орналасқан орнының ыңғайсыздығымен қатар, жас жұбайлардың неке қию қуанышын бөліскен жақындары үшін де тарлық еткені жасырын емес. Жаңалық шындыққа айналды. Сәні мен салтанаты келіскен «Ақ сарайдың» иесі Болат ҚОЖАҚПАЕВ облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВҚА су жаңа ғимаратты таныстырды. Кәсіпкердің айтуынша, құрылыс жұмыстарына үш миллиард теңге көлемінде қаржы жұмсалған.

«Тәуелсіздік» саябағының қақ төрінен орын алып, алыстан мен мұндалап көз тартқан салтанат сарайының сыртқы келбеті өз алдына, ішінің безендірілуін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Құдды, ертегі әлеміне кіргендей. Сарай қабырғасындағы фрескалар, айнадай жылтыраған мәрмәр еден, алтындай жарқыраған аспашамдар… Осылардың барлығы – Қарағандыда мұндай салтанаты жарасқан ғимараттың жоқ екенінің дәлелі. Атына заты сай сарайдың кеңдігі соншалық, алғаш кірген адамның адасып кетуі де мүмкін.

Осы күнге дейін облыстық АХАЖ бөлімімен бір ғимаратты бөлісуге мәжбүр болған Қазыбек би ауданының неке қию бөліміне кәсіпкер Болат Қожақпаевтың жеке меншік ғимаратынан ақысыз түрде үй-жай беруі – «Ақ сарайдың» екінші «Неке сарайы» деп аталуына себеп болғаны осыдан.

Сарай иесі – кәсіпкер Б.Қожақпаевтың айтуынша бұл жерге 2006 жылдан бастап иелік етеді екен. Құрылыс жұмыстарын бастар кезде бірқатар қиындықтар туындауына байланысты, бастапқы жоспарланған ойды жүзеге асыру үшін ұзақ уақыт қажет болған. Бірақ, бір жамандықтың бір жақсылығы болады демекші, кедергілер кездеспесе, дәл осы жерде қазір тағы да бір сауда орталығы бой көтеретін еді. Уақыт өте келе шешімін өзгерткен кәсіпкер салтанат сарайын салуды жоспарлағанына өзі де қуанышты.

Болат Қожақпаев Қарағанды облысының тумасы, алғаш еңбек жолын бастап, адам ретінде де, маман ретінде де осы жерде қалыптасқанын мақтанышпен айтады. Қарағанды қаласының тұрғындарына алғысым ретінде осындай зәулім сарай салып, жастардың үлкен өмірге бастар қадамдарын осындай лайықты жерден бастағаны дұрыс болар деген ой осындай мәрттік қадамға бастаған.

Елбасымыз алғаш еңбек жолын бастаған Қарағанды – даңқты өлке. Ойын-сауық орталығы ретінде ғимарат құрылысы басталғанымен кейіннен форматы өзгертілді. Қарағанды қаласының картасынан ойып тұрып орын алатын, қарағандылық жастар үшін өмірлік жолдарына бастар лайықты орынның болуын қаладым. Сол себепті шешім өзгеріп, салтанат сарайын салуға шешім қабылдадым. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауын барлығымыз асқан ыждағаттылықпен тыңдадық. Мен жеке меншік ғимаратымды жалға берген болсам, қала кедейленіп қалмайды, менің де одан байып кетпесім анық. Кәсіпкерлердің де ел жағдайын ойлай алатын адамдар екендігі туралы халықтың пікіріне сай болу – біздің мақсатымыз. Қолдан келсе, неге көмектеспеске? – дейді. Б.Қожақпаев.

Кешенде 400 және 600 орындық екі үлкен тойхана залы, екі шағын караоке залы, 17 нөмірден тұратын қонақүй, 160 және 190 орындық екі кинозал, 150 орындық мейманхана бар. Той өткізгісі келгендер үшін «Ақ сарайдың» тойхана залдары – таптырмайтын олжа. Салтанат сарайының Қарағанды қаласындағы басқа мекемелерден бір ерекшелігі – залды жалға алған адамға барлық қызмет түрлері көрсетілетін болады. Оған электрондық, музыкалық жабдықтан бастап, безендіруге дейінгі қызмет құны қосылады. Таңдаған мәзіріңізге қарай бір адамға төленетін құн 12 мың теңгеден бастап, 20 мың теңге аралығында.

Салтанат сарайының орналасқан орнына мешіттің, жас жұбайлар баруды дәстүрге айналдырған «Тәуелсіздік» монументінің жақын орналасуы аса қолайлы. Жылына 25 мыңнан астам мемлекеттік қызмет түрлері көрсетілетін АХАЖ бөліміне кәсіпкердің жеке меншік ғимаратынан ақысыз түрде неке қию салтанатына арналған арнайы орын бөлуі – Қазыбек бабамыздың 350 жылдығы қарсаңында Қазыбек би ауданына жасалған тамаша сыйлық болды, – дейді аталмыш аудан әкімі Татьяна Шатохина.

Ерлан Қошанов, облыс әкімі:

Елбасының «Туған жер» бағдарламасы бойынша жасаған сыйлығыңыз үшін қала жұртшылығының атынан Сізге ерекше алғыс айтқым келеді. Бұл жас жұбайлардың үлкен өмірге алғаш қадам бастайтын орны ретінде ғана емес, қаладағы көрнекті орындардың біріне айналатыны анық. Ал, осындай жерді ақысыз беруіңіз – Қарағанды қаласына жасаған үлкен тартуыңыз деп ойлаймын.

«Ақ сарай» салтанат сарайының тойхана залдары үстіміздегі жылдың сәуір айынан бастап қонақтарды қабылдауды бастаған. Ал, кешеннің өзі 2018 жылдан бастап жұмысын толық бастайды деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, салтанат сарайының иесі ғимарат сыртында орналасқан субұрқақты да іске қосуды жоспарлап отыр.

Суреттерді түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button