Жаңалықтар

Аңшылық – олжалы туризм

Аңшылық – түз жануарларын аулау кәсібі ретінде туристердің жабайы әлем өкілдерімен баяу, сондай-ақ, белсенді қатынас жасауын көздейтін, заңнамамен қатаң реттелетін тұрақты туризмнің бір бөлігі. Әлемде туризмнің бұл түрі дұрыс басқарылатын болса, жабайы табиғатты сақтау үшін пайдалануға болатын қаражат тартудың тиімді тетігі ретінде танылған.

Жалпы, аңшылық туризмнің дамуын талдау оның серпінді дамып келе жатқан сала екенін көрсетеді. Мысалы, қаржылық есеп саласындағы үлгілі елдердің бірі – АҚШ тәжірибесін келтірер болсақ, осы елдің Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, аңшылық туризмнен ел экономикасына түскен табыс 2017 жылы 156 млрд. АҚШ долларын құраған. Оның жалпы мультипликативті әсері 61 млрд. доллар. Осы арқылы аңшылық шаруашылықтары 700 мыңнан астам жұмыс орнын ашып, 16 млрд. АҚШ долларынан астам жалақымен қамтамасыз етеді.

60-шы жылдардың соңында Еуропада белсенді демалыстың осы түрі күрт танымал бола бастады. Қазіргі уақытта аңшылық туризм Испанияда, Мажарстанда, Францияда, Германия мен кейбір басқа да елдерде де анағұрлым дамыған. Африканың бірқатар дамушы елдері үшін аңшылық туризмінің баға жетпес экономикалық маңызы бар. Мұнда ол туризмнің басқа нысандарымен қатар ел экономикасына қолма-қол валюта алу көздерінің бірі болып табылады. Мысалы, Африкадағы сафари бүгінгі күні тұтынушыларға кеңінен танымал аңшылық туристік өнім болып табылады. Ал, ОАР-ға жылына 8 мыңға жуық аңшы барады десек, осы саладан түсетін кіріс жылына 100 млн. АҚШ долларын құрайды.

Қазақстан аңшылық объектілері – дәстүрлі жануарлар әлемінің өкілдеріне ерекше бай. Әртүрлі сараптамалық бағалаулар сирек кездесетін және жойылып бара жатқан аң түрлерін қорғауға жұмсалатын шығыстарды аңшылық туризмін дамыту есебінен толықтай жабуға болатынын көрсетеді.

Бүгінгі күні сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлар түрлерін аулау Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешіміне сәйкес мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы берілген биологиялық негіздеме бойынша жүргізіледі. Әлемдік тәжірибеде кәрі аталық жануарларды аулаудың ғылыми негізделген лимиті популяцияға кері әсерін тигізбейтіні, ал кейбір жағдайларда оның өнімділігін арттыратыны дәлелденген. Кейбір мемлекеттер үшін ол сирек кездесетін жануарлар түрлерін сақтап қалудың бірден бір тәсіліне айналды. Мысалы, қуыс мүйізді тұқымдастардың кейбір түрлерінің кәрі аталықтары жас аталыққа күйлеуге қатысуға мүмкіндік бермейді. Аналықтарды ұрықтандыруға қауқары болмаған аталық салдарынан олардың аналықтары қысыр қалады.

Сарапшылардың пікірінше, олжалы аңшылықты дамытуда, әсіресе шетелдік азаматтар үшін кедергілер бар. Мәселен, «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Заңға және оның негізінде бекітілген «Аң аулау» қағидаларына сәйкес, садақ тәрізді атыс қаруын қолдануға тыйым салынған, сондай-ақ, аңшы қаруын жалға алу мүмкіндігі жоқ.

Қазақстанда су тоғандарында көл балығы мен өзен балығын аулау мүмкіндігі бар. Осыған байланысты елімізде балық аулау туризмі жылдам әрі жаппай дамып келеді. Сондай-ақ, суасты аңшылық түрі де қарқынды дамуда. Туристік объектілері ұсынатын қызметтер пакетінің тізіміне балық аулау қосылған. Оған мысал ретінде Шығыс Қазақстан облысындағы «Рахман қайнары» санаторий-курортының тәжірибесін айтуға болады. «Өлі» саналған көлдің аква-мәдениетіне зерттеу жүргізілгеннен кейін балықтардың біраз түрлері жіберіліп, бұл осы санаторий-курорт мекемесіне туристердің легін одан әрі ұлғайтуға мүмкіндік берді.

Жалпы, аңшылық инфрақұрылымын дамыту өңір дамуына серпін беретіні анық. Мәселен, мемлекет жалпы аңшылыққа құқық сату есебінен және жекелеген жануарлар түрін атуға лицензия беруге, жеке аңшылық шаруашылықтары осындай шараларды ұйымдастыру есебінен қаражат ала алады. Ал, шағын және орта бизнестің жергілікті өкілдері орналастыру, тамақтандыру, аңшыларды тасымалдау, кәдесыйларды сату, аңшылық олжаларды дайындау есебінен пайда табады.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button