Ақселеу мен Ақжігіт немесе бір әулеттің қасіреті

…Жыл өтті. Шерменде қылып жүректі. Амалың қане?! Бермесе – Алла тілекті.

…Ақаңның (Ақселеу Сейдімбектің) артында қалған бауырлары ақ тілеулі еді ғой, әйтпесе. Қазақ өнерінің көгінде қос жұлдыз жарқырады десек, бірі – Қайрат Кемалов, екіншісі – Жақсыкелді Кемалов еді ғой. Осы әулетке Ақаңды алғаннан кейін көпке дейін Алланың жай ойнатып, найзағай түсіретін жөні жоқ еді…

Жақан ағам жұмысқа келіп кеткен. «Бауырыңның жылы болып қалды. Соған қам жасап жүрген жайымыз бар», – деді жабығып. Жанарындағы мөлдір шықтың салмағын бір жыл бойы күлімсіремеген қабаққа қадалған кірпік қана білетін шығар. Салмағында да, мөлдірлігінде де сағыныш тұр.

…Иә, өткен жылдың 26 қыркүйегінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Арқа әнінің дүлдүлі Жақсыкелді Кемаловтың үлкен ұлы Ақжігіт дүние салған. Айтары жоқ, ауыр қазаны басымыздан кешірдік. Тылсым көкті шарлауға қыршын кетті. «Тас – түскен жеріне ауыр» дейміз ғой, әшейінде. Бірақ, бұл жолғы тас Сейдімбековтер мен Кемаловтардың әулетіне ғана емес, Қазақ руханиятына түскен. Қазақ әнінің көгін бұлт торлады. Театр сахнасы мен кино алаңына Қайрат ағам қамығып шығып, Жақан ағамның күміспен күптелген көмейінен ән төгілмеген бір жыл. Жақан ағамның әнін сағынған қауымның Ақжігітке деген сағынышы еселенді. Жүректегі сағыныш шер болып, жанардың жасы сел болған ауыр күндер өтті.

Ақселеуін аңсаған Жаңаарқа жабырқап, Алашқа абыз болған ағасы мен төлбасын сағынған ән падишасы Жақан аға жабығып… Жұбатуға дәрмен болмады. Әніміз үзілген жыл болды.

…Осыдан үш-төрт күн бұрын «Фейсбук» әлеуметтік желісінде Серіағамның  (Серік Ақсұңқарұлының) «Бекзат тұқым» атты өлеңі жарқ ете қалсын. Жүрегім шымыр ете қалды. Алашқа Ақселеуді, Қайратты, Жақсыкелдіні берген «Бекзат тұқым» одаға зәру емес қой. Бұл өлеңнің түйінінде астарлы өкініш пен жұпар аңқыған жұбату жатқанын сезе қойдым да, автордың азаматтығына сүйсіндім. Өлең ой салды. Қолыма қалам алдым мен де.

Ақселеу аға мен Ақжігіт бауырымның келтесінен қиылған арманы елес берді, тұрып алды. Ақаңның – жетпіске, Ақжігіттің – отызға жетпеген ғұмыры! Ақаң барша Алаш жұртының көкейіне рух дәнін сеуіп өтті. Әлі де себері мен берері көп еді. Ақжігіт сол рухпен ауызданған арда ұл еді ғой… Бойына сіңіргені мен ойына алғанын діттегенге жеткізе алмады ғой, қыршын бауырым…

Не керек, бір жыл бойы Жақан ағамның домбырасы қаңтарылып, көмейінен ән емес, өксік төгілді. Гүлнәр жеңгем жер тоқпақтап күңіренгенде, жанымызды қоярға жер таппадық. Ән тербеп тұрған шаңырақты азалы үн кернеді. Ақжігіттің асыл жары Раушанның тұлпардан қалған жалғыз тұяқ Әлібектің бесігін жоқтау әнімен тербеткеніне де жыл толды. Қос бауыры Бекзат пен Әсел «бауырымдап» ат қойып келген қаралы жұрттың алдынан «Көкем-ау!» деп шыққанда ет жүрегіміз езілген.

Серіағам (Ақсұңқарұлы) солқылдап тұрып азанама оқыды:

Қанатынан қайырылып,

Қылыш еді – алмас жүзі

майырылып,

Боздап отыр менің ерке бауырым,

Бауыр еті – баласынан айырылып…

Алшаң-алшаң жүргені де – баладай,

Сақ-сақ етіп күлгені де – баладай;

Қара үзіп бұл кетіп қалған қиянға,

Соңындағы қу мен сұмға қарамай!

Қылыш едім, алмас жүзі майырылып,

Бауырдан да айырылып,

Анадан да айырылып,

Ілесе еріп…

Қалғым келіп молада,

Боздап жалғыз тұрғанымда далада,

Баз кешем деп ойлап па едім кез болып,

Баласынан айырылған  балаға?!

Жалғыз туып, ел-жұртына жақпайды ер,

Сұмы менен сұмырайын мақтайды ел…

О, Тәңірім!

Бәйгең болса, әуелі

Алашымның адалына шаппай – бер!

Сақтау үшін қазақ дейтін халықты,

Періштедей балаларын сақтай гөр!

…Дараларын сақтай гөр…

Егілмеген ел, езілмеген жүрек қалмады. Былтырғы күз Жер-Ана құшағына жылап кіріп еді. Сол сәттен бері жылап тұрғандай көрінеді маған. Қыркүйекті жек көріп барамыз. Ақселеудей Абызды, Ақжігіттей жауқазынды жалмаған…

Алаш аза тұтардай Ақжігіт кім дерсіз, бәлкім. Ақжігіт – 27 жасында пенде-ғұмырды тәрк етіп, періште күйінде жеті қат көкке көтерілген жауқазын-ғұмыр. Ел игілігі жолында еңселі істердің тізгінін ұстап, енді ғана атқа мінер шағында ері ауып, шылбыры үзілді. Елдің үкілеген үміті болатын. Сол үміт-гүліміздің «қазан ұрмай, қарашаның қары жаумай» қыркүйектің шағырмағында солғаны жанымызға батады.

…Қаралы үйге айтыстың Ақжолтайы Аманжол Әлтай кірді. Тойға шашу шашады деп отырғанбыз. Күңіреніп, ол да жоқтау-жұбатуын айтып еді азалы үйдің ауласына.

Кісінетіп мініп келетін қырдан атыңды,

Болжаусыз ажал ап кетті бір манат

ұлды.

Қос ұлың барда ақиық қырандай едің,

Сындырып кетті-ау, ағатай, бір

қанатыңды.

 

Сұр жылан ұя қылғанда еменнің жанын.

Білдіртпей сорып алады денеңнің

қанын.

Қуаныш күтіп жүргенде қайғыға шомып,

Айтқызып қойды-ау тағдырың Кененнің

зарын.

 

Науша жас еді-ау Ақаның. Құралай-

көктем!

Кімдер бар дейсің жалғаннан жыламай

кеткен.

Кемел ақылы дел-сал боп,күңірене

басып,

Боздақтарынан айрылып ұлы Абай да

өткен.

 

Етегінде өстік Бәйшекең-ұлық төбенің,

Артықтау болар қайғыңды ұмыт-

дегенім.

Тәубеге келгем,сен де енді тәубе

қыл, Аға!

Жанымның мұңын жасырып жүріп

келемін.

 

Тайлағың кетті,артында ботасы қалды,

«Жетім» деп ешкім айтпайды Атасы

барды.

Құлжадай ұлың өзіңе тапсырып кеткен,

Алшыдан түсер алтындай сақасы

қалды.

 

Бір ұрпағыңа әніңнің киесі қонар,

Қамшы ғұмырдың көлеңке,күнесі болар.

Еңсеңді көтер, налыма, немерең

барда –

Әкеден қалған сауыттың иесі болар.

 

Сол немереңнен жаныңа жақын жоқ,

Аға.

Жұбату,басу айтуда,Халқың боп,Аға.

Құлының өсіп,кісінеген тұлпар

болғанша,

Беренім,мықты болмауға xақың жоқ,Аға!

Өзі жылап тұрып, Қайрат, Жақан ағаларын жұбатқан екен. Мен де егіліп отырып, екі ағама сабыр айтқан болдым.

…Арқаға тағы күз келді. Жазиралы Жаңаарқа қыркүйекке қырын қарап тұр. Ақселеудің қобыз-кеудесінің тынысын тоқтатып, кең пейілді Кемаловтар әулетіне Ақжігіттей арысын жоқтатқан қыркүйек. Көшінің басында Сейдімбектің Ақселеуі, Кемалдың Қайраты мен Жақаны тұрған бұл әулеттің тамырындағы тектілік үзілмейді әлі. Үзе алмайды қыркүйек! Өйткені, Гүлнәр әжесі әлпештеп, мұқым Алаш баласы бетіне қарап қалған біздің Әлібек бар! Ақжігіттің жалғасы. Қырлана берме, қыркүйек!

Ерсін МҰСАБЕК

Бекзат тұқым

Тарақты Қуандықпен қатар

қонып,

Гүл-Тәжін әкелді ғой

жаһанға өріп.

Тұқымы Қаракөктің,

Аузын ашса,

Әр сөзі төгілетін мақал

болып.

Алашты жалт қаратқан осы

тұқым, –

Сейдімбек! –

(Ақселеуі –

Ахаң болып!).

Қайратың –

Керей хан боп төске өрледі,

Елуде мұртын сипап, сақал

қойып,

Серінің сертке таққан

семсеріндей,

Сен шықтың енді содан

Жақан болып!..

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

14.09.2016 ж.

Асқа шақыру!

Ақжігіт Жақсыкелдіұлы КЕМАЛОВТЫҢ өмірден озғанына 1 жыл толуына арналған құдайы ас 2017 жылғы 24 қыркүйекте сағат 13:00-де Қарағанды қаласындағы «Олимпия» мейрамханасында беріледі.

Асқа барша ниеттес-тілектес ағайынды шақырамыз!

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.