«Ақсақ киік» – «Жезкиік» – «Қашқан киік»
Жезкиік! Сарыарқаның сәні, дүйім қазақтың әні болған, табиғаттың ерекше жаратылған осы бір жануары – тек біздің аймағымыздың (облысымыздың) ғана меншігіндегі тіршілік иелеріндей көрінеді кейде маған. Олай дейтінім – жезкиікті жеріне жеткізе жырлап, өнерлеріне, өлеңдеріне арқау еткен сазгерақындар да, оларды қорғаймын деп оққа кеудесін тосқан батырлар да осы елдің жігіттері.
Тарихтан белгілі – өткен ғасырдың отызыншы жылдары сұңқар ақын Сәкен Сейфуллин аңыратып «Ақсақ киік» атты дастан жазды. Ол дастанды бертінде Сыр елінің дүлдүлі Әлмырза Ноғайбаев керемет әнге айналдырды.
Араға уақыт салып, тағы бір жерлесіміз, үлкен талант иесі Жақсыкелді Сейілов халқына «Жезкиік» атты ғажайып әнді тарту етті. Саз әлеміндегі ұлы тұлғалардың бірі де бірегейі Нұрғиса Тілендиев те Кәкімбек көкеміздің осы бір өлмес өлеңіне тамаша ән шығарған екен. Бірақ, осы бір күрделі саланың «жілігін шағып, майын ішкен» дарабоз Жақсыгелдінің әніне басын иіп, ризашылығын білдіргенін мерзімді баспасөз беттерінен оқығанымыз бар.
Ал, осыдан бес-алты жыл бұрын Алаштың ардакүрең ақыны – өзіміздің Ғалым Жайлыбай «Киік қашқан» атты зар-толғау жазып, бар қазақты Жаңаарқаның жазығына жалт қаратты. Біз мұны ақынның жанайқайы, көз алдымызда құрдымға кетіп бара жатқан даланың киелі жануарларына араша түсуі деп қабылдадық.
Иә, аймағымыздағы осы бір мүйіздері күнге шағылысып, көз арбайтын, тұяқтарынан жез ұшқындап, күй саулаған көркем жануарларға «қызыққан» қалтаның қамын ойлайтын қара ниетті қарақшылардың қатары жыл өткен сайын көбейіп барады. Екі көздері қанға толған, екі аяқты хайуандар бар болғаны алты айдың ішінде екі бауырымызды (Е.Нұрғалиев, Қ.Нұртазинов) жер жастандырды.
Не үшін дейсіздер ғой?.. Сәкеннің «Ақсақ киігін», Жақсыкелдінің «Жезкиігін», Ғалымның – «Қашқан киіктерін» қиянаттан қорғағандары үшін. Марқұмдардың екеуі де біздің елдің жігіттері, сайын даланың сауытсыз батырлары. Арттарында аңыраған аналары, зарлаған жарлары, шырқыраған балалары қалды… Оғландардың обалы кімге?!..
Бір айдың әрі-берісінде Жезқазған-Ұлытау өңірінде «Жезкиік» халықаралық өнер фестивалі екінші рет ұйымдастырылғалы жатыр екен. Құтты болсын! «Қазаның арты той болсын» деген елміз ғой.
Жезкиік – өлең, жезкиік – ән, жезкиік – дастан, жезкиік – өнер фестивалі, жезкиік және ғұмыр ғибраты…
Жезкиіктеріміз де, жігіттеріміз де, сүйікті еліміз де аман болса екен, ағайын…
Мұқаш СЕЙТҚАЗИНОВ,
Халықаралық және республикалық ақындар айтыстарының жүлдегері, Білім және ғылым министрлігі «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы.