Жаңалықтар

АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАР

д2017 жылғы 22 маусым

Қазақстандықтардың қаржылық сауаттылығы қолайлы деңгейде – Д. Ақышев

Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр Ақышев реттеушінің халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру жөнінде жүргізіп отырған жұмысы туралы айтып берді.

«Біз қаржылық сауаттылық бойынша бірқатар жобаларды іске асырудамыз, бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізілуде. Тұтастай алғанда, қаржылық сауаттылықты арттыру – ұзақ процесс, оны бала-бақшадан бастап енгізу қажет, ол міндетті пән болуға тиіс, мысалы, қаржыны пайдалану қағидалары. Егер біз қоғамымыздың білікті және қаржылық тұрғыдан сауатты болғанын қаласақ, осындай ақпараттық-түсіндірме, ағарту жұмысын жүргізу қажет», – деді таяуда Алматы қ. өткен ақпараттық агенттіктердің редакторларымен болған кездесу барысында Д. Ақышев.

Қазіргі уақытта Халықтың қаржылық сауаттылығын арттырудың 2016-2018 жылдарға арналған бағдарламасының әзірленгенін атап өтеміз, оның шеңберінде 30-дан астам білім беру жобасы іске асырылуда, оның ішінде бүкіл республика бойынша қаржы саласындағы өзекті мәселелер бойынша және балалар мен жастарды қоса алғанда, халықтың ауқымды топтары үшін қаржылық сауаттылықты арттыру мәселелері бойынша ашық семинарлар мен кездесулер өтуде, студенттер және бастауыш және орта мектеп жасындағы балалар үшін телевизиялық бағдарламалар шығарылуда, қаржылық тақырып бойынша брошюралар, баспасөз басылымдарында мектеп жасындағы балалар үшін қосымшалар шығарылуда және тағы да басқа жобалар іске асырылуда.

Д. Ақышев: «Біз қазақстандықтардың Ұлттық Банк ноттарына деген сұранысын бағалағымыз келеді»

Ұлттық Банк халықтың бағалы қағаздарды «блокчейн» базасында сатып алу және сату жөніндегі операцияларды жасауы бойынша жобаны іске асыруды жоспарлап отыр, ол осы қаржы құралының халыққа қаншалықты қажет екенін түсіну үшін керек. Бұл туралы ақпараттық агенттіктер редакторларының сұрақтарына жауап беру барысында ҚР Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр Ақышев хабарлады.

Д. Ақышев Ұлттық Банктің жаңа технология – халықтың бағалы қағаздарды «блокчейн» базасында сатып алу және сату жөніндегі операцияларды жасауы үшін мобильді қосымшаны әзірлеуді аяқтап жатқанын хабарлады. Пилоттық жобада Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноттарын пайдалану қарастырылады.

«Бұл пайдалы идея. Біздің нарықты жаулап алу ниетіміз жоқ. Сұраныс та жеткілікті. Халық тіпті бүгін де Ұлттық Банк ноттарын сатып ала алады, бірақ барлығы бұдан бейхабар. Бірақ ол үшін брокерлерге барып, қаржы компаниясын көзбен көру қажет. Біз ұсынып отырған шешімде біз азаматтарға брокерлер мен дилерлер сияқты делдалдарсыз, мобильді телефон арқылы Ұлттық Банктің ноттарын онлайн режимде сатып алуға және сатуға мүмкіндік бермекшіміз. Ешқандай салық салынбайды және ешбір комиссия алынбайды. Таза өтімділік және иелік ету мерзімдері бойынша ешқандай шектеу жоқ», – деп түсіндірді Д. Ақышев.

«Біз бұл жобаны халыққа Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноттары сияқты қаржы құралының қаншалықты қажет екендігін түсіну үшін жасап отырмыз. Бұл инвестициялаудың айтарлықтай жеңіл құралы. Нотаны кешке сатып алып, таңертең қайта сатуға болады. Құны минут сайын емес, күн сайын өзгеріп отырады. Қоғамның бұған қаншалықты дайын екенін көргіміз келеді, қазақстандықтардың ноттарға деген сұранысын бағалағымыз келеді. Біз үшін бұл пилоттық жоба, оның ішінде қолайлы әрі пайдалы өнімді іске асыру үшін жасалған қадам, біз оның күрделі заңнамамыздың барлық нормаларына сәйкес келгенін қалаймыз. Ал бағалы қағаздармен операциялар жүргізу кезінде клиентті сәйкестендіру, оның салдары сияқты заңнамалық талаптар көп», – деді Ұлттық Банк басшысы.

Бір ноттың номиналдық құны 100 теңге мөлшерінде белгіленетін болады, бұл инвестициялау үшін аздаған жинақ ақшаны пайдалануға мүмкіндік беретінін атап өтеміз.

Қазіргі уақытта ҚРҰБ деректері бойынша көрсетілген жүйе ішкі тестілеуден өтуде. Өнім 2017 жылдың екінші жартысынан бастап іске қосылады деп жоспарланып отыр.

Ұлттық Банк басшысы қазақстандықтарды қаржылық пирамидаларға қатысудан сақтануға шақырды

«Мен қазақстандықтарға қаржылық пирамидаға кірмес бұрын, сан рет ойлануға кеңес берген болар едім. Оңай олжаға кенелмес бұрын, тәуекелдің бар екенін білу керек, еш нәрсенің де тегін болмайтынын түсіну керек, – деп ақпараттық агенттіктердің редакторларымен кездесу барысында халыққа және журналистерге ҚР Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр Ақышев осындай кеңес берді.

Оның айтуынша, адамдарды түрлі қаржылық алаяқтық схемалардан сақтау үшін азаматтардың қаржылық сауаттылығы деңгейін арттыру қажет. «Бұл жерде халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру үшін жұмыс істеу маңызды. Бұл жасырын нарықта жұмыс істейтін кредиттеу жөніндегі барлық онлайн-жобаларға және т.б. қатысты», – деді Д. Ақышев.

Ол Ұлттық Банктің құқық қорғау органдарымен бірлесіп ҚРҰБ құқықтық реттеу аясынан тыс ұйымдарға қатысты және халық тарапынан шағым түсетін, оның ішінде Ұлттық Банк филиалдарына қатысты тұрақты түрде жұмыс жүргізетінін атап өтті.

Д. Ақышев: «Алтын құймаларды қолдан жасау мүмкін емес»

ҚРҰБ Қазақстан теңге сарайының алтын құймаларында, олар салынған орауды да қолдан жасау мүмкін емес. Бұл туралы ақпараттық агенттіктердің редакторларымен өткен кездесуде ҚР Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр Ақышев мәлімдеді.

Журналистердің құймаларды сату кезінде халықта қиындық туу-тумауына қатысты сұрағына Д. Ақышев: «Халық үшін тазартылған алтынның құймаларын сату бағдарламасына қатысатын банктер орауының бүтіндігі сақталған жағдайда, шартқа сәйкес алтын құймаларды қабылдауға міндетті».

Ол сонымен бірге алтын құймалардың шетел валютасы сияқты инвестициялау құралы екендігін атап өтті. «Адамдардың қаржылық сауаттылығы артуда. Біз адамдарды белгісіз жерлерде шетел валютасын сатудан арылттық қой. Егер валюта сататын болсаңыз, белгіленген жерлерде, банкте немесе уәкілетті ұйымдарда сатыңыз, онда сіз валютаның түпнұсқа екеніне кепілдік аласыз, чек аласыз, сол арқылы осы құралға инвестициялаған жинақ ақшаңызды қорғайсыз деген сөз. Құймалар сол сияқты», – деді Д. Ақышев. Сонымен бірге ол бүгінгі күні бағдарламаға екі банк қатысуын растағанын атап өтті және бағдарламаның бастапқы кезеңі шеңберінде құймаларды сатып алуға және сатуға болатын төрт қала айқындалды, олар – Астана, Алматы, Өскемен және Атырау. «Бізге Қазақстанның басқа да өңірлерінен өтінімдер түсуде, демек сұраныс жандануда. Бірақ құймаларды айырбастау пункттері арқылы сатып алу және сату мүмкіндігі осы бағдарламаның ілгерілеуіне түрткі болады», – деп атап өтті Д. Ақышев.

Халық үшін тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу жөніндегі бағдарлама ағымдағы жылғы 31 мамырда іске қосылғанын еске саламыз. Қазақстан теңге сарайы дайындаған алтын құймалардың төрт түрі бар: 10, 20, 50 және 100 грамм. Өлшеуіш алтын құймалар арнайы қорғайтын вакуумды орауда сатылады. Ораудың өзі бірегей қорғаныш элементі болып табылады. Алтын құймалар шикізатынан бастап түпкілікті өніміне дейін түгел дерлік қазақстандық өнім болып табылады. ҚРҰБ-да атап өткендей, реттеуші «төрт тоғыздықты» сынамдағы алтын құймалардың жоғары сапасына кепілдік береді.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button