Баған

Ақпараттық “аштық”

Қазір ақпарат ағынының қарқыны қатты. Әсіресе, әлеуметтік желінің әлеуеті бет қаратпайды. Болған оқиғаны сол сәтте білесің, ертеңіне «ескіріп» қалады. Бірақ, желіде желдей ескен сол «жаңалық» кейбір ойлы оқырманның ақпаратқа деген «аштығын» қанағаттандыра алмайды екен…

Жуырда жәрмеңкеге әкелген марқалары жедел өткеніне мәз болған қарақұмдық фермер досым қойдың жүнжұрқасын кәдеге жаратудан бастап, ел өміріндегі елеулі оқиға – Президент сайлауына дейінгі алуан тақырыпты қамтыған әңгіме тиегін ағытып отырып, мерзімдік басылымға жазылу жайына қарай ойысты. «Шалғайдағы шаруашылықта шаршап-шалдыққан біз сияқты пендесін Алла Тағала да, адам да ұмытқан. Ұялы телефон, интернет деген игілікті армандамаймыз да» деп бір қойды. Содан кейін «Анда-санда газет қарамасам, отыра алмайтын әдетім бар. «Егемен Қазақстанды», «Орталық Қазақстанды», «Ұлытауды» жылда жаздыртып аламын. Аудандық газетке – бір жылға, ал алғашқы екеуіне алты айдан бөліп жазыламын. Газетке жазылу науқаны аяқталар тұста ауданға бара жатып ауылдың поштасына соқсам, адамы жол жүріп кетіпті. Аудан орталығынан жазыла салармын деп ойладым. Сөйтсем, онда газетке жазылуды жүргізетін жауапты қызметкер мүлдем жоқ болып шықты. Ақыры, ел мен облыс өмірінен бейхабар қалдым» – деді қысы-жазы қалың құмның арасында қой баққан досым.

Мән-жайды білмек мақсатында Жезқазған-Ұлытау аймағына қызмет көрсететін Жезқазған қалалық пошта байланысы торабына бардым. «Ұлытау ауданының орталығында тура төрт ай газет-журналға жаздыратын адамның болмағаны рас. Аудан басшылығына 5 наурызда өтінішпен шықтық, бірақ оң нәтиже бола қоймады. Амал жоқ, наурыздың басынан шілдеге дейін апта сайын күн аралатып Жезқазғаннан маман жіберіп тұрдық. Аудандық газетпен арада келісім-шарт жасалмаған. Ал, Жезқазған және Сәтбаев қаласында баспасөзге жазылуға байланысты проблема жоқ» – деді мекеме басшысының орынбасары Зина Әшірбекова.

Енді, облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне жазылу дерегін дәйектеп көрейік. Қолдағы мәліметке қарасақ, жаңа жылдың табалдырығын аттағанда Ұлытауда – 466, Сәтбаевта – 739, Жезқазғанда – 941 оқырман «Орталыққа» жазылған. Мұның ішінде үш және алты айлығы бар екенін ескерсек, толық бір жылға жазылғаны: тиісінше, 31,137 және 572. Екінші жартыжылдыққа жазылудың жайы да онша оңып тұрған жоқ: Ұлытауда – 282, Сәтбаевта – 266, Жезқазғанда – 73 оқырман қосылған.

Өзім қызмет көрсететін үш қала, екі ауданның арасында Жаңаарқа көш ілгері тұр. Жылдың басында ұзын-ырғасы 1348 адам жазылды. Екінші жартыжылдықта оқырмандар қатарына 876 адам қосылды.

Әрине, баспасөзге жазылу науқаны кезінде жергілікті билік ешкімді газетке күштеп жаздыруға міндетті емес. Алайда, жоғарыда тілге тиек еткен қос қала мен бір аудан әкімдерінің идеологияға жауапты орынбасарлары оны ұйымдастыруда және мерзімдік басылымның қоғамдағы маңызын түсіндіру мәселесінде жіберген кемшіліктері барын мойындауы керек. Өйткені, «Зорлап жаздыратын заман өткен», «Әкім айтса, жаздырту қиын емес қой» дегенді де құлақ естіген. Бір жолға атын атап, түрін түстемей-ақ қояйын…

Келер жылға мерзімді баспасөзге жазылу науқаны келіп қалды. Жалпы қоғам үшін маңызды шаруаның ширауына ықыласты болып қалар, бәлкім…

Әлібек ӘБДІРАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
газетінің меншікті тілшісі

Басқа материалдар

Back to top button