Әдебиет

Аққасқа

Аш қасқыр аңға бару үшін орнынан тұрды. Үш бөлтірігі бірдей үйме-жүйме болып, бірін-бірі жылытқан күйі қатты ұйықтап жатыр. Аш қасқыр оларды бір-бір жалап алып, жүріп кетті.

Көктемгі март айы, алайда түнде, декабрьдегідей, ағаштар шытынып тұратын еді де, тілінді болар-болмас шығарсаң-ақ, қатты шымшып әкететін-ді. Қасқырдың денсаулығы нашар, әрі өзі сужүрек. Болар-болмас дыбыстан селк ете түсетін, үнемі біреу-міреу келіп, бөлтіріктерімді жәбірлемесе игі еді деп ойлайтын. Адамдар мен жылқылардың іздерінің иісінен, ағаштың түбірлерінен, үйілген отындардың, малдың қиы түсіп қарауытқан жолдан қатты қорқатын. Ағаштардың сыртында қаракөлеңкелерде адамдар тұрған сықылданатын, орманның бір шетінде иттер үріп жатқан тәрізденетін.

Қасқыр қартайыңқырап келген-ді, сондықтан сезімі нашар тартқан еді. Жас кезінде алданып, жолдан адасу деген өмірі болмайтын ғой, міне, казіргі кезде ара-тұра жолдан адасып та кетіп отырады, түлкінің ізін иттің ізі деуі де болып қояды. Денсаулығының нашарлығынан ол бұрынғыдай бұзаулар мен ірі қойларды аңдуды қойған, үйірлі жылқыны көрсе, анадай алыс жерден орағытып өтетін, содан тек өлексені ғана азық қылатын. Жас етті де сирек жейтін, жас етті тек көктемде үстінен түсіп қалып, қоянның жас көжектерін ұстап алғанда ғана, болмаса, қозылары тұрған мұжық қорасына ұрланып түскенде ғана жейтін.

Апаннан төрт шақырым жерде, почта жолының үстінде қыстау бар. Осында үнемі жөтеліп қойып, өзімен өзі сөйлесіп отыратын, жетпіс жасқа келген Игнат атты шал тұратын. Дағдысы — түнде ұйықтайтын да, күндіз болса қолына мылтық алып орманды кезіп, қоян аулайтын. Заты, бұрын механик болып қызмет етуі керек, өйткені қашанда болса, бөгеліп тоқталмас бұрын өзіне өзі: “Тоқта, машина!” — деп айғайлайтын да, жүрер алдынан: — “Барынша сілте!” — дейтін. Қасында тұқым заты белгісіз Арапка дейтін тайыншадай зор қара иті болатын. Бұл ит жүгіріп ілгері алыстап кеткен кезде шал оған: “Кейін сілте!” — деп айқайлайтын. Кейде шайқалақтай теңселіп тұрып, ән салатын да, көбіне: “Рельстерден шығып кеттім!” — деп айғайлаған күйі барып жығылатын. Қасқыр мұны желден ғой деп ойлайтын.

Өткен жаз бен күздігүні қыстаудың жанында ылғи бір қошқар мен екі қойдың жайылып жүретіні қасқырдың есінде еді, тағы осы жақын арада жанынан жортып өте бергенде, қорадан маңырағандай да болып естілді. Қазір де енді қыстауға жақындап келе жатып, үстіміздегі март айы ғой, уақытқа қарағанда қорада қозылар сөзсіз болуға тиісті, — деп толғады қасқыр. Өте ашыққан, содан ол қозыны бір мейлінше жесем деп ойлады. Осы секілді ойлардан тістері сақылдап кетті де, көздері қараңғыда жылтыраған екі от секілді жанып тұрды.

Игнаттың үйі, сарайы, қорасы, құдығы айнала биік жота-жота қармен қоршаулы. Тып-тыныш. Арапка, заты, сарай артында ұйықтап жатса керек.

Қасқыр жота қармен қора төбесіне шықты да, тұмсықты салып жіберіп, аяқтарымен сабан шатырды боратып талқандай бастады. Қасқыр құлап кете жаздады, өйткені сабан әрі шірік, әрі нашар, борпылдақ еді. Бір кезде қасқырдың мұрнына жылы бу аңқып қоя берді, қойдың қиының, сүтінің иісі келді. Суықты сезініп төменнен нәзік дауыспен қошақан маңырап қоя берді. Тесіктен ырғып кетіп, алдыңғы екі аяғы, кеудесімен барып жып-жылы бірдемеге түсті, заты, қой болу керек. Бұл кезде қорадан тұтқиылдан бірдеме жіңішке дауыспен үріп қоя берді, қойлар үркіп қабырғаға тығылды. Содан қасқыр шошынып кетіп, шүу деп тістене түскенді ұстай алды да, қаша жөнелді…

Қасқыр ышқына-ышқына қашты. Қасқырды сезген Арапка бұл кезде өршелене, шабалана үрді, қыстаудағы шошынған тауықтар шақыруда болды. Ал Игнат басқышқа шыға келіп:

— Барынша тарт! Ысқырған жаққа қарай жөнел! — деп айғайлап тұр.

Машина секілді пысылдап ысқырды да, кейін “го-го-го- го!” деп жөнелді. Осы шу айғайдың бәрін орман жаңғырығып қайтара айтып тұр.

Осының бәрі бірден-бірге барып басылған кезде, қасқыр азырақ тиыштанды да, аузына тістеп алып, жерге салып сүйреп келе жатқан олжасының осы кездегі қозылардан гөрі ауырырақ, қатқылдау екенін байқай бастады, иісі де өзгеше еді, дауыстары да жатты… Тынығып алып, жеуге кірісу үшін қасқыр тоқтады да, олжасын қарға қойды. Сол-ақ екен, жиіркеніп ырғып кетті. Бұл қозы емес, сүйекті зор тұқымнан шыққан, ұзын аяқты, үлкен басты, қап-қара келген, Арапканың қасқасы секілді аққасқасы бар күшік еді. Жүріс-тұрысына қарағанда надан жабайы қора иті. Өзінің езіліп жараланып қалған жонын жалап-жалап қойды да, ол түк болмағандай құйрығын бұлғап-бұлғап жіберіп, қасқырға үріп қоя берді. Ит сықылды қасқыр ыр ете түсті де, жортып жөнелді. Артынан күшік жөнелді. Ол бұрылып қарады да, ыр ете түсті, күшік аңырып тоқтай қалды, сонан соң, анау менімен ойнап тұр деп білсе керек, тұмсығын қыстау жаққа қарай созып көтерді де, шешесі — Арапканы қасқыр екеумізбен келіп ойна деп шақырғандай, қоңырауша сылдыраған көңілді дауыспен үріп жіберді.

Таң ата бастаған кез. Содан қалың ну терек арасымен қасқыр апанына қайтып келе жатқан кезде әрбір теректер айқын көрінетін еді. Құрлар оянып, күшіктің үруі мен оқыс басқан сыбырдан тиышсызданған әдемі қораздар әлсін-әлсін дыр етіп ұшып-қонуда еді.

Қасқыр кейіп: “Не үшін бұл менің соңымнан жүріп келеді? — деп ойлады. — Заты, мені жесін дейтін шығар”.

Бөлтіріктер мен бұл қасқыр тайыз шұқырда тұратын. Осыдан үш жыл бұрын үлкен күшті дауыл ұзын қарт қарағайды тамыр-тамырымен жұлып әкеткен де, содан, міне, осы шұқыр болып қалған еді. Түбінде оның қазір де ескі жапырақтар мен мүк жатыр, бөлтіріктер ойын қылып жүретін сиырдың мүйіздері мен сүйектері де жатқанды. Бір-біріне ұқсас үш бөлтіріктің үшеуі бірдей оянып алып, шұқырдың жиегінде, қайтып келе жатқан шешесіне қарап, құйрықтарын бұлғап тұр. Күшік көрді де, анадай жерде тоқталып, ұзақ уақыт оларға аңыра қарады. Көз алмай олардың да қарап тұрғанын көріп, күшік бөтен біреуге үргендей, ашуланып үре бастады.

Таң әбден атты, күн шықты, айналада қар жалт-жұлт етеді. Міне, осы уақытқа шейін күшік анадай жерде үріп тұр. Арса-арса болған қарнын аяқтарымен тепкілеп, илеп-илеп қойып, бөлтіріктер шешесін сорып жатты. Ал бұл кезде шешесі жылқының кеуіп қалған ақ сүйектерін кеміруде болды. Өте қатты ашыққан еді. Содан үруден басы ауырып кетті, шақырусыз келген қонақты тарпа бас салып, дал-далын шығарсам ба екен деп ойлады.

Ақыры күшік қалжырады, даусы қарлықты. Одан қорықпады. Керек болса, ешкім назарын да салмады, міне, осыларды көрген соң күшік біресе отырып, біресе ырғып, жүрексінген күйде бөлтіріктерге жақындай бастады. Қазір, күндізгі жарықта күшікті түгел көріп алу оңай еді… Мұның ақ маңдайы үлкенді, өте ақымақ иттердікіндей маңдайында дөңесі бар болатын. Көздері күңгірт ақшыл, көк, кіп-кішкене еді. Бүкіл кескіні өте ақымақ кейіпте еді. Бөлтіріктерге жақын келіп, ілгері қарап жалпақ аяқтарын созды да, басын салып:

“Ау-ау-ау-ауу-уау!” — деп үре бастады.

Бөлтіріктер түк ұқпады, алайда құйрықтарын бұлғап-бұлғап қойды. Сонан соң күшік тұрып, аяғымен бөлтіріктердің біреуін үлкен маубасынан салып жіберді. Күшік бір бүйірін беріп жанап келді де, құйрығын бұлғаған күйі бір мұрттап бөлтірікке қарады. Сонан соң тұрған жерінен кенет ырғып кетті де, қатты қардың үстімен бірнеше рет айналып шықты. Бөлтіріктер қуа жөнелді, күшік шалқасынан жата қалды да, төрт аяғын жоғары тарбита қойды, бөлтіріктер жабылып, қуанғаннан ыр-ыр етіп, тістей бастады, бірақ ауыртпай, ойнап қана тістейді. Биік қарағайда отырған қарғалар бұлардың күресіне жоғарыдан қарап отырып өте тиышсызданды. У-шу, бір түрлі көңілді-ақ. Күн көктемдегідей жылытып тұр. Дауыл соғып, құлап жатқан қарағайдан әлсін әлсін ұшып өтіп жатқан құр қоразданып күннің нұрына шағылысқаннан жауһар секілді болып көрінді.

Қасқыр бөлтіріктерін аңға үйреткенде қолға түскен нәрсемен ойнатып барып үйретеді. Сондықтан бөлтіріктерінің қатты қалың қармен күшікті қуалап, алысып жүргендеріне қарап отырып: “Мейлі, үйренсе үйренсін” деп ойлады қасқыр.

Ойнап болғаннан кейін бөлтіріктер шұқырға қайтып барып, ұйықтауға жатты. Аштықтан біраз ұлып-ұлып қойып, кейін күшік те керіліп күнеске жата кетті. Оянғаннан кейін тағы да ойнай бастады.

Қасқыр күні бойы, кеш бойы өткен түні қорадағы қозының маңырағанын есіне алумен болды, қой сүтінің иісінің аңқып тұрғанын есіне түсірді. Шабыты өте өршеленеді, содан тістерін сарт-сарт еткізіп, ескі сүйекті аузының суы құрып, кемірумен болды. Ойынша оны қозы деп кеміріп жатты. Бөлтіріктер сорып еміп қояды, ал тамақ жегісі келген күшік айнала жүріп, қарды иіскелейді.

“Осы күшіктің өзін жеп қойсам ба екен…” деп ойлады қасқыр.

Қасқыр күшікке келеді, сол-ақ екен күшік оның тұмсығын жалап жіберді де, өзіммен ойнайын деп тұрған шығар деген оймен дүрдиіп тұра қалды. Өткен уақыттарда ол иттерді жейтінді, ал күшіктен ит иісі қатты мүңкіп тұрған еді, сондықтан денсаулығының нашарлығынан ол қазір де бұл иісті жақтырмайтын. Жиреніп кетті де, сырт айналып жүріп берді.

Түнге қарай суық болды. Кешеден өзінің жылы орнын сағынған күшік ауылға қарай сапар шекті.

Бөлтіріктері әбден ұйқыға кірген кезде, қасқыр тағы да аңға жөнелді. Өткен түндегідей, ол болар-болмас дыбыстан тиышсызданып елең қақты, ағаш түбірлерінен, отындардан қорықты, алыстан адам секілді болып көрінетін, жеке-қара тұрған қара баран, арша шоқтары да оны қорқытып отырды. Жолдан сырт, қатты қармен жорытып отырды. Кенет алдынан алыста жол үстінде бірдеңе қараңдады.. Көзін тігіп, құлағын түріп тыңдай қалады: шынында да алдында бірдеңе кетіп бара жатқан еді. Тіпті бір қалыппен маң-маң басқан дыбысы да естіліп тұрды. Борсық емес пе екен? Қасқыр өте сақтанды, демінің өзін әрең-мәрең алған күйі бірден-бірге сырттай отырып, озып алдына түсті. Содан соң қарап жіберіп еді, тани кетті. Бұл — жай-бәзір аяңдап, қыстаққа қайтып келе жатқан Аққасқа күшік екен.

“Ол тағы да маған кедергі болып, кесір қылмаса игі еді” деп қасқыр ойлады да, тездете басып, ілгері жорытып жөнелді.

Қыстақ жақын еді. Тағы да ол жота қарды басып, қораның төбесіне шықты. Кешегі тесік сабанмен бітелген еді де, төбесіне жаңадан екі сырғауыл бастырылғанды.

Күшік келе жатпады ма екен деп қарап қойып, қасқыр тұмсығы мен аяқтарын салып, бората бастады. Содан жылы бу мен мал қиының иісі жаңа ғана аңқи бастаған кезде, артынан өршеленген иттің қуанышты үруі естілді. Бұл келген күшік еді, төбеге қарғып қасқырға келеді, сонан соң ырғып тесіктен түсті де, өзінің үйіне келіп жылынып, қойларын таныған соң бұрынғыдан да әрі қатты үріп қоя берді. Сарай артынан Арапка оянды да, қасқырды сезініп, қыңсылап қоя берді, тауықтар шақырды. Содан қолында мылтығы бар Игнат басқыштан көрінген кезде, шошынып қорыққан қасқыр қыстақтан алыстап кеткен еді.

Жөнел! — деп Игнат ысқырды. – Жөнел! Пәрмендете қу!

Серіппені басып жіберді, бірақ мылтық атылмады және басты — тағы атылмады. Сонан соң үшінші рет басты, сонан барып мылтықтың аузынан үлкен бір будақ от ұшып шықты да, адамның құлағын жарып, “бу-бу!” деген дауыс естілді. Иығына өте қатты тепті. Содан бір қолына мылтық, екінші қолына балта алып, айғай-шудың неден екенін көруге жөнелді…

Аздан кейін үйіне қайта оралды.

Осы түні үйінде қонып жатқан жолаушы айғайдан оянып кеткен күйі:

Немене? — деп сұрады қарлыққан дауыспен.

Түк емес… — деп Игнат жауап берді. — Ешнәрсе емес. Біздің Аққасқа қойлармен бірге, жылыда ұйықтайтын болып алды. Жалғыз-ақ, есіктен жүрудің орнына, үнемі төбеден, шатырдан шығуға аңсары ауып тұрады. Өткен түні төбені бұзып шығып, серуендеп кетті, антұрған қазір қайтып келіп, тағы да төбені талқандап тастапты.

— Ақымақ.

— Иә, миындағы пружина үзіліп кеткен ақымақтарды өмірі сүймеймін! — деп Игнат пешке шыға беріп, күрсінді де: — Әу, құдайы мейман, тұруға әлі ерте, кел мықтап тұрып ұйықтайық… — деді.

Таңертең Аққасқаны шақырып алып, екі құлағынан қатты жұлқып-жұлқып жіберді де, кейін шыбықпен зекіп отырып:

— Есіктен кіріп жүр! — деп үш рет қайталап айтты.

Басқа материалдар

Back to top button