ҚарқаралыТұлға

Ағамыздың орны бөлек еді

   Қазақ журналистикасында өзіндік ойып тұрып алар орны бар өзім пір тұтатын асқар тау ағам Әбікен аға Бақтыбаевтың да өмірден озғанына 10 жылдай уақыт болып қалыпты. Ортамызда жүргенде бүгінгі күні 90 жасқа келер еді. Зымырап өтіп жатқан уақыт-ай десеңізші. Жұмыс кабинетіме «Ркенге сәлем берейінші» деп күлімсіреп кіріп келе жататын Әбікен аға күні кешегідей көз алдымда. Әбікен ағамен қызметтес болмасамда «Орталық Қазақстан» газетінің Қарқаралы ауданындағы меншікті тілшісі болып жүргеннен танитын едім. Ол кісінің түрлі жанрдағы мақалалары облыстық газетте номер сайын бұрқырап шығып жататын.

Кейінде, яғни 2000 жылы «Қарқаралы» газетіне редактор болып жұмысқа ауысқаннан кейін ертесінде редакцияға келіп құттықтап кеткені әлі есімде. Сол уақыттан бастап Әбікен ағамен өмірінің соңына дейін ағалы-інідей араластық. 1990 жылдардың басында Рамазан Сағымбеков ағамыз шығарған «Қарқаралы» журналы біраз уақыт шықпай үзіліп қалған еді. Сол журналды қайта қолға алып шығара бастағанымда Әбікен аға балаша қуанып еді. Ағамыз осы журналдың шығарушылар алқасының мүшесі ретінде журнал жұмысына белсене араласты. Журналдың әр санында Әбікен ағамыздың танымдық тәлім-тәрбие құрылған керемет мазмұнды мақалалары үнемі жарияланып тұрды.

Әбікен ағамыз қазақ журналистикасының дамуына зор үлес қосқан әділ де айбатты қаламгерлердің бірі болған. Ол кісі қиянатқа, әділетсіздікке жаны қас еді. Ағамыз адамшылық, кісілік тұрғысынан өз қатарластарынан әлде қайда биік тұрған үлкен тұлға еді.

Кейін зейнеткерлікке шығып қадірменді қария атанғанда да бірбеткей қайсар мінезінен тайған жоқ. Айтам деген ойын кімге болсада, қай жерде болсын бетке ашық айтатын. Әбікен ағамыздың сондай бір өткір пікіріне куә болған едім. Осыдан біраз жыл бұрын қаламыздың кезекті бір мерейтойын өткізуге дайындық жүріп жатқан кездегі бір мәжілісте Әбікен ағамыз орталық Ленин атындағы көшеге Қаздауысты Қазыбек би бабамыздың атын берейік деп керемет ұсыныс тастағанда кеудесі орденге толы бір ақсақалымыз «Ленин тұрғанда Қазыбегің кім еді» деп өзеуреп айғайлағанда бәріміз жерге қараған едік. Сондағы Әбікен ағамыздың жан күйзелісін ешкімнің басына бермесін дейміз. Кейіннен бұл көшенің бәрі бір аты өзгерді.

Осындай қандай нәрсені болмасын бетке айтатын Әбікен ағамыздың көзі тірісінде көптеген кітап жинақтары жарық көрді.

Әбікен аға Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақ ССР Жоғары Советінің, Қарағанды облыстық Советінің, ҚР Журналистер Одағының Құрмет грамоталарымен, одан басқа оншақты мемлекеттік орден, медальдарымен марапатталған ардақты аға.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, Әбікен аға туралы айтар әңгіме көп. Ағамыздың үйінде талай болып салиқалы әңгімесіне куә болып Зүпи шешеміздің қолынан дәм татып едік. Өмірде туғанымыздай болып кеткен Әбікен ағамыз, Зүпи шешеміздің жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын демекпін.

Әбікен аға үйден шыққанда ең бірінші редакцияға соғам деуші еді. Әлі күнге кей күндері күлімсіреп Әбікен ағам кіріп келетіндей болып тұрады. Бұның өзі жақсы ағаға деген сағыныштан туған әсер болар деп ойлаймын.

Ағамыз біздің жүрегімізде мәңгілік қала бермек.

Рымбек СМАҒҰЛОВ,

«Қарқаралы газетінің бас редакторы, ҚР Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан мәслихаттарының

Құрметті депутаты.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button