Бас тақырып

Тәуелсіздіктің бір тірегі – теңге

1993 жылдың шілдесінде Ресейде қаржы реформасы іске асты. Кеңестік рубльдің орнын жаңа рубль басты. Мәңгілік көрінген Одақтың күні батып, экономиканың құлдыраған шағы. Бұрынғы одақтас республикалардың барлығы өлместің күнін көріп отыр. Қазақстанның да кісіге күлер халі жоқ. Ал, көрші елдегі реформа «жығылғанға жұдырық» болды. «Сабан ақша» қазақ жеріне қарай ағылды…

Тәуелсіздіктің бір тірегі - теңге
Коллажды жасаған Шынар Адамбекова

1990 жылдың наурызынан Литва бастап, өзгесі қоштап, Балтық бойы, Қап тауы елдері бірінен соң бірі КСРО-мен қош айтысатынын мәлімдеді. Тоқсан бірдің қысы түскенше басқасы да еншісін алып үлгерді. Ақырын күткен біз едік…

Әртүрлі деңгейдегі сараптама түйіні «КСРО-ның ыдырауына жалған цифрге түзілген жоспарлы экономика, коррупция, мұнай бағасының төмендеуі және этникалық алауыздық негізгі себеп болды» дегенге саяды. Әлеуметтік саладағы қиындыққа қарамай, Ауғанстандағы соғысқа кіріскенде тіпті шатқаяқтап қалды. Жағдайдың ушыққаны сонша, қызыл әскердің соңғы солдаты ауған тауларын тастап шығардан үш ай бұрын Эстония тәуелсіздігін жариялады. Сөйтіп, ондаған жылдарға созылған әлеуметтік дағдарыс азуын айға білеген супердержаваның түбіне жетті.

Одақ құласа да, бір күнде шеке шылқып шыға келмейтіні белгілі. Посткеңестік кеңістіктегі ахуал қиындай түсті. Оңаша жүріп, жол іздеуге кедергі көп. Бұрынғы одақтастар әлі де экономикалық тұрғыда матасып жатқан. Әсіресе, қаржы жүйесінің ортақтығы аяққа тұсау болды. Осы шақта әр ел өз валютасын жеделдетіп жолға қоюға асыққан-ды. Дербес ақшаң болмаса, тәуелсіздіктің құны көк тиын екені түсінікті еді.

Қазақстан да қарап отырған жоқ. Азаттықтың алғашқы жылынан-ақ қамданды. Дегенмен, Ресей рублінің айналымға бұрын шығуы ел экономикасын тұңғиыққа батыра түсті. Бұл кезде кеңестік рубль Қазақстанмен қатар Тәжікстан мен Арменияда соңғы күндерін сүріп жатқан.

Ресейдегі реформадан соң «сабан ақша» ағысы бері бұрылды. Ауыздықтау мүмкін емес. Гиперинфляцияға әкелді. 1991 жылы 147, 1 пайыз деңгейінде тіркелген инфляция 1993 жылы 2165 пайызға жетті. Билік «тығырықтан шығар төте жол – ұлттық валютаны тездетіп енгізу» деп білді.

Тауық жылының қарашасында жаһандық қаржы жүйесінде жаңа валюта – теңге атауы таңбаланды. Және келесі жылғы экономикалық қорытындыдан биліктің болжамы дәл келгенін көреміз – 1994 жылы инфляция сәл төмендеп, 1158, 3 пайызды көрсетті. Ал, 1995 жылы 60, 3 пайызда тұрақтады.

15-18 қараша күндері айырбастау шаралары жүрді. 1 теңге – 500 рубльге бағаланды. Ал, АҚШ-тың 1 доллары 4,75 теңгеге тең болды.

Теңгенің айналымға ену тарихы туралы баспасөз құралдары 29 жыл үзбей бүге-шігесін қалдырмай баяндап келеді. Біздің газетте де бірнеше мәрте тәптіштеп жаздық. Қосарымыз, Ұлттық банктің сол кездегі бірінші төрағасы Ғалым Байназаров бір естелігінде валюта атауы ұзақ талқыға түскенін еске алады.

– «Алтын», «ақша», «теңге» нұсқалары ұсынылды. «Сом» да қарастырылды. Өйткені, кеңестік рубль банкноттарында қазақшасы «сом» деп жазылатын. Бірақ, бізден бұрын Қырғыз Республикасы өз валюталарын солай атады. Қазақстандық валютаға «теңге» таңдалды, – дейді қаржыгер. Бұл атауды академик Сауық Тәкежанов ұсынған. Қаржыгердің айтуынша, теңге – көне түркі сөзі. Қазақ жеріндегі ортағасырлық қалаларда алтын мен күмістен құйылған монеталарды «танга» деп атаған.

Қалай десек те, жаңа теңгенің есеңгіреген экономиканы аяғына тік қойғаны – балталап өшіре алмас ақиқат.

Қазір теңгені төрткүл дүние таниды. Теңгенің артындағы экономиканың әлемде орны бар. Қазақстан тұрғанда теңге тұрады. Ал, теңге барда төрт құбыламыз түгел. Себебі, мемлекеттік қауіпсіздіктің қақырамас қалқаны – теңге. Тәуелсіздіктің бір тірегі – теңге.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button