Облыс әкімі Ақтоғай ауданының тұрғындарымен кездесті
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Ақтоғай ауданына жұмыс сапарымен барып, тұрғындармен кездесті. Жиында елді мекендердегі инфрақұрылым, жолдардың жай-күйі, газдандыру және ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу секілді түйткілді мәселелер талқыланды. Ал, аудан әкімі Абылай Аманжолов өңір экономикасын әртараптандыру бағытындағы жобаларды таныстырды.

Ауданда инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бүгінде аудан халқы ауызсумен 100 пайыз қамтылған. Қазір аудан орталығында су құбырының төртінші кезегі аяқталуға жақын. Жоба іске қосылғаннан кейін тағы 128 тұрғын үй орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылады деп күтілуде. Сонымен қатар, Ақтоғай ауылында кәріз жүйесінің құрылысы жүріп жатыр. Ал, Шашубай кентінде жаңа қазандықтың құрылысы басталды. Бұл қазандық 2027 жылы пайдалануға берілмек. Өңір басшысы өз сөзінде ауданда тұрғын үй құрылысының да қарқын алғанын тілге тиек етті.

– Электр желілерінің тозуы әлі де өзекті. Оны шешу үшін желілерді арнайы жауапты ұйымның қарауына беру жұмыстары басталды. Қазір 315 нысанның құжаттары толық әзірленді. Жыл соңына дейін олар «ЖезРЭК» АҚ меншігіне өтеді, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Аудан тұрғындарын көгілдір отын тарту мәселесі де күн тәртібінде. Өңір басшысы өз сөзінде елді мекендерді «Сарыарқа» магистральдық газ құбырына қосу мүмкіндігі қарастырылып жатқанын баса айтты.

Кездесу барысында тұрғындар «Ақтоғай-Балқаш» тасжолының жағдайына шағымданды. Биыл басталған бұл жолдың жөндеу жұмыстары 2028 жылға дейін кезең-кезеңімен аяқталады. Бұдан бөлек, «Ақтоғай-Шылым-Ақжарық» бағытындағы автожол да жөнделіп жатыр. Тұрғындар жаңадан төселген асфальтты ауыр жүк көліктері бүлдіріп жатқанына алаңдаушылық білдірді. Осыған орай облыс әкімі жол бойындағы салмақ өлшеу бақылауын күшейтіп, талаптардың сақталуын қатаң қадағалауды тапсырды.

Аудан әкімі Абылай Аманжолов өз сөзінде 2029 жылға дейін қара және түсті металдарды өңдеуді қоса алғанда, бес ірі индустриялық жобаны іске асыруды жоспарланғанын жеткізді. Ал, оның екеуі биыл пайдалануға беріледі екен. Сонымен қатар, туризм саласын дамыту аясында Шашубай кентінде жаңа этнокешеннің құрылысының жүріп жатқандығын да баса айтты.
Өңірде төтенше жағдайларға жедел әрекет ету үшін жаңа өрт сөндіру бекеттері ашылуда. Ветеринариялық қауіпсіздікті нығайту мақсатында биыл мал қамайтын орындары бар жеті модульдік ветеринариялық пункт салынды. 2027 жылы тағы жеті ауылдық округте осындай нысандар ашылады деген жоспар бар. Жиында жергілікті шаруалар өнім өткізу нарығын кеңейту мәселесін көтерді. Ал, облыс әкімі аудандағы ірі кәсіпорындар қажетті тауарларды бірінші кезекте жергілікті өндірушілерден сатып алуы тиіс екенін айтып, оларға тұрақты сұраныс қалыптастыруды тапсырды.
– Әсіресе ауданда жұмыс істейтін ірі кәсіпорындар қажетті тауарлар мен өнімдерді алдымен жергілікті өндірушілерден сатып алу мүмкіндігін қарастыруы маңызды. Оларға өз кәсібін дамытуға, өнім өткізетін нарық табуға және тұрақты сұраныс қалыптастыруға мүмкіндік беруіміз керек, – деді облыс әкімі.
Тұрғындар медициналық қызмет сапасы мен маман тапшылығын, интернет байланысының әлсіздігін сөз етті. Аудан әкімдігінің мәліметінше, жақын арада өңірге жаңа дәрігерлер келеді деп күтілуде. Аудандық аурухананың емдеу корпусының бірінші қабатына күрделі жөндеу жүргізілмек. Қазіргі таңда шалғайдағы тұрғындарға бейінді мамандардан қашықтан кеңес алуға мүмкіндік беретін сегіз телемедицина станциясы жұмыс істеп тұр. Интернет сапасын жақсарту бойынша байланыс операторларымен тиісті жұмыстар жүргізілетін болды. Осы және өзге де көтерілген мәселені өңір басшысы өз бақылауында ұстайтынын жеткізді. Әрі аудан азаматтарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



