Бірлік бар жерде реформа ілгерілейді
Қоғамның тұтастығы мен ел ішіндегі тұрақтылық – мемлекеттің орнықты дамуының басты кепілі. Қай кезеңде де ауқымды өзгерістердің нәтижелі жүзеге асуы азаматтардың ортақ мақсат төңірегінде топтасуына, өзара сенім мен жауапкершіліктің нығаюына байланысты. Өйткені, реформаның табысты болуы қоғамның оны қолдауына, әр азаматтың ортақ іске атсалысуына тәуелді. Осы тұрғыдан алғанда, қоғамдық келісім мен бірлікті сақтау ел болашағын айқындайтын маңызды құндылық.

Қазақстан үшін қоғамдық келісімнің мәні ерекше. Себебі, еліміз түрлі этнос пен мәдениеттің өкілдері бір шаңырақ астында өмір сүретін ортақ Отан. Мұндай қоғамда тұрақтылықты сақтау өзара құрметке, тең мүмкіндікке, заң үстемдігіне және азаматтық жауапкершілікке негізделуі керек. Бірліктің шынайы өлшемі де осы – әр азаматтың ұлтына, тіліне немесе әлеуметтік жағдайына қарамастан, ел дамуына өз үлесін қоса алуы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық келісім мен ішкі тұрақтылықты мемлекеттілікті нығайтудың маңызды шарты ретінде үнемі атап келеді. Мемлекет басшысының пайымдауынша, ел ішіндегі татулық пен қоғамдық келісім сақталмайынша, саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғырудың нәтижелі болуы қиын. Сондықтан, реформалардың мазмұны мен қарқынына қоса, қоғамның бірлігі мен азаматтардың өзара сенімін нығайтуға да басымдық берілуі қажет.
Бұл ойды Мемлекет басшысының 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауы да нақтылай түседі. Президент ел дамуының жаңа кезеңінде қоғамның ауызбіршілігін сақтауға айрықша назар аударды. «Бірлік пен келісім болмаса, ешқандай реформа және ілгерілеу болмайтыны айдан анық», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы міндеттерді жүзеге асыруда өңірлердегі қоғамдық келісім институттарының рөлі айрықша. Қарағанды облысы – этностық және мәдени әралуандығы қалыптасқан аймақтардың бірі. Мұнда жүзден астам этнос өкілі тұрады. Өңірлік деңгейде жиырмадан астам этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олардың қызметі әртүрлі мәдениеттің ерекшелігін сақтаумен ғана шектелмейді. Ортақ қоғамдық бастамаларға қатысу, әлеуметтік мәселелерді бірлесіп шешу, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу және қайырымдылық шараларын ұйымдастыру да осы жұмыстың маңызды бөлігіне айналған. Мұндай өзара іс-қимылдың негізгі алаңының бірі – Қарағандыдағы Достық үйі. Мұнда этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қоғамдық ұйымдар, ардагерлер, жастар мен белсенді азаматтар бас қосып, өңірдің қоғамдық өміріне қатысты мәселелерді талқылайды. Бұл алаң түрлі көзқарастағы адамдардың ортақ шешімге келуіне, қоғамдағы өзара түсіністік пен сенімді нығайтуға мүмкіндік береді. Ең маңыздысы, қоғамдық келісім ұғымы нақты істермен толығып, күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналған.
Қоғамдық келісімнің нақты нәтижесі ең алдымен адамдардың бір-біріне деген жанашырлығынан, ортақ іске жұмыла білуінен көрінеді. Мәселен, 2025 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында Қарағанды облысында 80 мыңнан астам адамды қамтыған 1 500-ден астам іс-шара өткізілді. Оның аясында мәдени-ағартушылық кездесулермен қатар, қайырымдылық, жастар тәрбиесі және әлеуметтік қолдау бағытындағы бастамалар жүзеге асырылды. «Жомарт Жан» қайырымдылық орталығының 113 игі шара ұйымдастыруы да осының айқын дәлелі. Әсіресе, әлеуметтік қолдау мен қайырымдылық бағытындағы жұмыстардың маңызы зор. Өйткені, қоғамның тұтастығы қиын сәтте бір-біріне қол ұшын соза білуден басталады. Бұған өңірде су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға көмек көрсету мақсатында ұйымдастырылған «Жүректен жүрекке» акциясын мысал етуге болады. Сол кезде бастамаға кәсіпкерлер, қоғамдық ұйымдар, этномәдени бірлестіктер мен белсенді тұрғындар атсалысып, 60 миллион теңге қаржы және 128 тонна гуманитарлық көмек жиналған.
Қоғамдық келісімді нығайтуда отбасы институтының да орны бөлек. Осы бағытта Қарағанды облыстық Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңестері отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ұрпақ тәрбиесі, тұрмыстық мәселелердің алдын алу бағытында жұмыс істейді. «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» және «Салауатты сана» жобалары аясында түрлі кездесулер, тренингтер мен тәрбиелік іс-шаралар өткізіліп келеді. Ал, Ақсақалдар кеңесі аға буынның өмірлік тәжірибесін жастарға жеткізіп, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға үлес қосуда.
Өзара түсіністік пен келісімнің тағы бір маңызды тетігі – тіл мен мәдениетке деген құрмет. Қарағандыдағы Достық үйінде жұмыс істейтін «Мәміле» қазақ тілінде сөйлесу клубы осы бағыттағы нәтижелі жобалардың бірі. Мұнда әртүрлі этнос өкілдері мемлекеттік тілді меңгеріп, өзара еркін қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік алады. Өткен жылы клубта 200-ден астам адам білім алған. Айта кету керек, бұдан бөлек, Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін жетілдіруге бағытталған «Smart Assembly» цифрлық жобасы іске қосылған. Ал, этномәдени бірлестіктер мен жергілікті өкілді органдар арасындағы байланысты нығайту үшін облыстық мәслихат жанынан «Бірлік» депутаттық тобы құрылған.
Биыл да қоғамдық келісімді нығайту мен елдегі өзгерістерге азаматтардың қатысуын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасын тапты. Қарағанды облысының этномәдени бірлестіктері конституциялық реформаларды талқылауға қатысып, ел болашағына қатысты бастамаларға қолдау білдірді. Достық үйінде өткен кездесулер мен «Алғысым саған шексіз!» акциясы да ортақ құндылықтар төңірегінде топтасудың жарқын көрінісіне айналды.
Президент Жолдауында айтылғандай, «елдің бірлігі мен қоғамның әлеуметтік тұғырын барынша нығайта түсуіміз қажет». Бұл міндетті орындау тек мемлекеттік органдарға жүктелмейді. Оған қоғамдық ұйымдар, кәсіпкерлер, еңбек ұжымдары, білім беру мекемелері, жастар мен әрбір тұрғын атсалысуы тиіс. Өйткені, реформаның түпкі мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттырып, әр азаматқа лайықты өмір сүруге мүмкіндік жасау. Ал, мұндай мақсатқа қоғамның ауызбіршілігі мен ортақ жауапкершілігі арқылы ғана қол жеткізуге болады. Бірлік бар жерде сенім бар, сенім бар жерде тұрақтылық бар. Ендеше, ел дамуының жаңа кезеңінде ынтымақты сақтау – баршамызға ортақ міндет.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq Qazaqstan



