«Көзкөрген» салған ән қандай!
Халық әндерін насихаттап, ұлттық өнер мен мәдени мұраны дәріптеп, рухани құндылықтардың ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуді мақсат тұтқан Кеншілер мәдениет сарайының халықтық «Көзкөргендер» ардагерлер ансамблінің құрылғанына биыл – 15 жыл. Осыған орай Кеншілер мәдениет сарайында ансамбльдің концерті өтті.

Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
79 жастағы Хамит Көрікбаев ғұмырының 50 жылын ұстаздыққа арнаған. 30 жыл мектеп директоры қызметін атқарған. Мектеп қабырғасындағы әнге талапты таланттардың талабын ұштаған, ән өнерінің әліппесін үйреткен. Зейнетке шыққаннан кейін Кеншілер мәдениет сарайында ансамбль құрылып жатқанын естіп, өзін көңілі қалаған өнерге арнауды құп көрген.
– Ансамбльге келгеніме 13 жыл болыпты. Ансамбль құрамындағы өнерпаздар бүгінде бір отбасына айналғандай. Бір-бірінің қызық-қуанышынан қалмайды. Өте жақын араласып кеттік. Ансамбльдің дайындығына біреуі келмей қалса, бәрі алаңдап, соны іздейді. Ұзақ уақыт бойы көріспесек, сағынатын жағдайға жеттік. Мұнда мұңдасың да, сырласың да бар. Үйде отырған адамның көңілі жабырқай береді. Еңбек етіп, ұжыммен аралас-құралас болуға үйреніп қалған адамға үйде отырып қалу қиын екен. Осы ұжымда жанымыз жадырап жүр. Бір жағынан, өнер де көңілге көп-көрім медеу. Мұнда өнерді жүрегімен сүйген нағыз өнерпаздар жүр, – деді Хамит Көрікбаев.
Ансамбльді осыдан 15 жыл бұрын Қарлығаш Құспанова құрған екен. Бүгінде ол Астана қаласына қоныс аударған. Бірақ мерейтойлық концертке дайындық кезінде келіп, тәжірибесімен бөлісіп, өзінің жақындығы мен жанашырлығын білдіріпті. Бүгінгі жетекшісі – Сара Кочанова. Ол ансамбль әуелдегі мақсатынан айнымағанын айтты.
– Ансамбльде халық әндеріне басымдық беріледі. Зейнет жасындағы адамдардың дауысында ерекшелік көп. Дауыстарынан мейірімнің, даналықтың лебі естетіндей. Жаныңды баурап алады. Тұтас бір ұрпақ құрақ құрап отырып ән салатын әжелердің мейіріміне шомылып өсті. Міне, ансамбльдің орындауындағы әндер сол шуақты сәттерді жадыңызда жаңғыртады. Ансамбльдің ерекшелігі – осы. Мұнда зейнет жасындағылар болғанымен, олардың өнерге деген сүйіспеншілігі, ынтасы, жауапкершілігі жастардан қалыспайды. Олармен жұмыс істеген өте оңай, – деді Сара Кочанова.
Ансамбльде бүгінде қырыққа жуық өнерпаз бар. Ұжым ұлттық мерекелерде облыс аумағындағы қалалар мен аудандарды аралап, өнер көрсетеді. Жетекшінің сөзінше, облыс аумағынан әрі асуға да мүмкіндік бар. Бірақ зейнет жасындағы адамдардың денсаулығына алаңдағаннан облыс аумағынан тыс жерлерге тәуекел ету мүмкіндіктері шектеулі екенін айтады.
Концертте халық әндері шырқалды. Өнерпаздар жекелей де, дуэт, трио болып та өнер көрсетті. Ән шырқалып жатқанда сахнадағы үлкен экранда дүниеден өткен ансамбль мүшелерінің суреттері көрсетілді. Бұл – әріптеске деген, сырласқа, мұңдасқа деген, құрдас, замандасқа деген сағыныш һәм тағзым.
Ерік НАРЫН
«Ortalyq Qazaqstan»



