Бас тақырыпБілімЖаңалықтар

Өңірдің үздік студенттері анықталды

Өңірде «Үздік студент – 2026» байқауының қорытындысы шығарылды. Аймақтағы жоғары оқу орындарынан түскен 124 өтінімнің ішінен түрлі бағытта үздік нәтиже көрсеткен жеті студент жеңімпаз атанып, арнайы марапаттарға ие болды. Байқаудың бас жүлдесі – «Жылдың үздік студенті» атағы Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің IV курс студенті Самат Әсенбаевқа табысталды.

Самат Әсенбаев «Тау-кен ісі» мамандығы бойынша білім алып жүр. Өзі Президенттік стипендия иегері. Оқуда озат студент ғылыми ізденістермен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады екен.

– Еңбегімнің осылай жоғары бағаланғанына шын жүректен қуаныштымын. Бұл – менің жеке жетістігім ғана емес, тұтас университеттің ортақ жеңісі. Мұның артында тынымсыз еңбек пен табандылық жатыр. Алдағы уақытта тау-кен өндірісі саласында бұдан да үлкен жетістіктерге жетуді мақсат етіп отырмын. Мұндай байқаулар студенттерге жаңа белестерді бағындыруға, өз мүмкіндіктерін шыңдап, алға ұмтылуға жігер береді, – дейді Самат.

«Үздік спортшы» аталымында Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің студенті Аида Тойшыбекова топ жарды. Он жылдан астам уақыттан бері дзюдо және самбомен шұғылданатын спортшы биыл XX жазғы Азия ойындарында дзюдодан аралас командалық сайыста күміс медаль еншілеген болатын.

– Еңбегімнің еленіп, жоғары бағаланғанына ризамын. Осы жолда жұмсаған күш-жігерімнің ақталғаны қуантады. Мен үшін ең күрделі жарыс Азия ойындары болды. Онда командамыз күміс жүлдегер атанды. Дзюдо менің өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды. Бұл – жай ғана спорттық күрес емес, күн сайын өзіңді жетілдіруді, шеберлігіңді шыңдауды талап ететін үлкен еңбек, – дейді спортшы.

Шығармашылық бағытта Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің тағы бір студенті – Айшабибі Қырықбаева үздік шықты. «Сот және құқық қорғау қызметі» мамандығында оқитын ару биыл «Мисс Қарағанды – 2026» тәжін киіп, алдағы «Мисс Қазақстан – 2026» ұлттық байқауында өңір намысын қорғауға дайындалып жатыр.

– «Жылдың үздік шығармашыл студенті» атануым бір нәрсеге тағы көз жеткізді: адам бір нәрсені шын жүректен қаласа және сол мақсатына жету үшін аянбай еңбек етсе, міндетті түрде нәтижеге қол жеткізеді. Мұндай байқаулар жаңа белестерге ұмтылуға шабыт береді. Ал марапатты өзім білім алып жатқан университетімде иелену мен үшін екі есе қуанышты, – дейді Айшабибі.

Жеңімпаздар қатарында ғылым мен білім саласындағы үздік студенттер және белсенді ұйымдар да бар. Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің білім алушысы Жәдігер Садық «Жылдың үздік жас ғалымы» атағына лайық деп танылса, «Bolashaq» академиясының студенті Жансұлу Дәулетханқызы «Үздік зияткер» атанды. Ал, ұжымдық бәсекеде Академик Е. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің «Жарқын» халық би ансамблі – «Жылдың үздік студенттік клубы», П.Поспелов атындағы Қарағанды медицина университетінің «Next Generation» бірлестігі – «Жылдың үздік волонтерлік клубы» номинацияларында топ жарды.

Қарағанды облысының Жастар ресурстық орталығының бастамасымен екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған байқауда жеңімпаздарға қаржылай сыйақылар табысталды.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button