Жаңалықтар

Құқықтық келбет мектепте қалыптасады

Халық Конституциясын мектеп оқушылары да оқиды. 2026-2027 оқу жылынан бастап, ел мектептерінде 5-7-сынып «Конституция негіздері», ал, 8-11-сынып шәкірттері «Заң және тәртіп» курсын меңгеру үстінде. Тамыз конференциясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы міндеттің мәнін анық ашып айтты.

Сурет Ақордадан

– Заңға немқұрайлы қарайтын, заң ережелерін бұзып жүрген жастар қылмыстық жазасын алып, өміріне балта шабуда. Өкінішке қарай бұл қарапайым ақиқатты көптеген жас азаматтар білмейді, түсінбейді. Біздің міндетіміз оларға өмірдің осы шындығын түсіндіру, айту, – деді Мемлекет басшысы.

Қажетті оқулықты жаңа Ата Заңның идеясына сәйкестендіруге Үкімет пен бейінді министрлік тікелей жауапты екенін де Мемлекет басшысы сол жиында нақтылады. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова атаулы курсты Халық Конституциясын жүзеге асырудың білім саласындағы нақты бір тетігі ретінде түсіндірді. Үкімет отырысында министр білім берудің басты міндеті сыни тұрғыдан ойлана алатын, өзгеріске бейім, үздіксіз оқуға даяр, технологияны орнымен қолданатын, заңға бағынатын және ел дамуына жауапкершілікпен қарайтын азамат тәрбиелеу екендігін еске салды. Яғни,  5-7-сыныпта оқушы Қазақстан Республикасының  конституциялық құрылысын, азаматтың құқығы мен міндетін, мемлекеттік басқару қағидаттарын және құқықтық мәдениетті жүйелі түрде бойына сіңіреді, ойына тоқиды.  8-11-сынып оқитын шәкірт «Заң және тәртіп» идеологемасы аясында құқықтық санасын нығайтып, құқық бұзушылыққа әсте төзбейтін мінез қалыптастырады. «Жеке қауіпсіздік» тақырыбы бойынша  кибергигиена мен төтенше жағдайдағы әрекетті практикалық дағдыға айналдырады. Бұған дейін таңдау пәні болған «Құқық негіздері» ендігіде барлық оқушыға міндетті және  Конституция қағидаттарына сәйкестендірілді.

– Білім беру жүйесіне «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасының құндылықтары, «Заң мен тәртіп» қағидаты, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы және Жаңа Конституцияның негізгі идеялары мен құндылықтары толық енгізіледі. Осылайша мектеп тек білім беретін ұйым ғана емес, заңға құрметпен қарайтын, еңбекті бағалайтын, мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінетін азаматтарды қалыптастыратын ортаға айналады, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Осы орайда Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы әзірлеген әдістемелік ұсыным бойынша «Конституция негіздерінің» жүктемесі 5-7-сыныпта аптасына 0,25 сағат, яғни, айына бір рет, жылына тоғыз сағатты құрайды. Сабақ айына бір рет, шамамен 40 минут. Мемлекеттік рәмізге арналған тақырыпта бала «Мен мектеп сап түзеуіндемін» тапсырмасында әнұран кезіндегі дұрыс әрекетті белгілейді, сосын бір рәмізді таңдап, экскурсовод болып қысқа әңгіме жоспарын құрады. Оқушылар Конституция мен заң нормаларын жаттап қана қоймай, заң баптарын күнделікті өмірде қолдануды, өз әрекеттерінің салдарын бағалауды және заңға сай шешім қабылдауды үйренуі маңызды. Әдістеме де соны талап етеді. Мұғалім дайын бапты жаттатпайды, өмірлік жағдаятты талдатады, қауіпсіз әрі заңды әрекетті баланың өзі ұсынуына жол ашады.

Елімізде 8 мыңнан астам мектепте 4,1 миллион оқушы бар. Стандарт біреу. Қарағанды мектептері де сол үлгілік бағдарламамен жұмыс істеп жатыр.

Аймақта өткен педагогтердің тамыз конференциясына облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова және мектеп басшылары қатысқаны мәлім. Педагогтер алдында сөз сөйлеген Конституциялық Соттың судьясы Айжан Жатқанбаева Ата Заңды оқылатын пәнмен шектемеу керек деген пікір қосты. 

– Бала – құқықтары мен мүдделерін қорғауға бүкіл мемлекет жұмылдырылатын жоғары конституциялық құндылықтардың бірі. Мемлекет шешім қабылдау кезінде баланың ең үздік мүдделерін басшылыққа алуға тиіс. Конституция бізге азаматтың жеткілікті дәрежеде айқын бейнесін береді. Ол – өз құқықтары мен міндеттерін білетін, өзгенің бостандығын құрметтей отырып, өз бостандығын пайдалана алатын және қабылдаған шешімдерінің салдары үшін жауапкершілікті өз мойнына алатын заманауи адам, – деді спикер.

Келелі жиында «Заң және тәртіп» қағидаты, сыни ойлау, цифрлық мәдениет, қауіпсіздік және дербес деректерді қорғау жеке назарға алынды. Конституция қуаты заңды білетін, құқығын қорғайтын, өзгенің еркіндігін құрметтейтін азаматтың бойынан көрінбегі терең мәнге ие. Мұндай азамат бір күнде қалыптаспайтыны және шындық. Оның танымы мектеп партасынан басталып, өмірлік ұстанымына ұласады. Өз құқығын білетін, өзгенің құқығына қол сұқпайтын, сөзі мен ісіне жауап бере алатын ұрпақ – құқықтық мемлекеттің басты капиталы.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ, 
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button