Ауыл медицинасы қолжетімді болуы керек
Ауыл тұрғынының сапалы медициналық көмек алу үшін аудан орталығына немесе облысқа сабылуы – денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелердің бірі. Шалғай елдімекендерде дәрігер тапшылығы, медициналық жабдықтың жеткіліксіздігі мен жолдың алыстығы науқастың уақытылы ем алуына кедергі келтіреді. Сондықтан, ауыл медицинасының сапасын арттыру жаңа ғимараттар салумен шектелмей, әр тұрғынға дәрігер көмегін қолжетімді етуді көздеуі тиіс.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуда өңірлердің нақты қажеттілігін ескеруді тапсырды. Бұл талап денсаулық сақтау саласына да тікелей қатысты. Өйткені, медициналық көмектің қолжетімділігі – ауыл халқының өмір сапасын айқындайтын маңызды көрсеткіш.
Алғашқы кезеңде елімізде 70-ке жуық денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланған. Бұл бастама медициналық қызмет сапасын арттырумен қатар, шалғай елдімекендердегі инфрақұрылым тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді.
Облыста бұл бағытта бірқатар жұмыс атқарылып келеді. Балқаш қаласында жаңа қабылдау бөлімшесі, екі операциялық залы бар корпус ашылып, ангиографиялық орталық іске қосылды. Орталық шілдеден бері 148 зерттеу мен эндоваскулярлық емдеу шарасын жүргізген. Оның ішінде, 70 стенттеу және баллондық ангиопластика жасалған. Ең бастысы, жаңа орталық Балқаш, Приозерск қалалары мен Шет, Ақтоғай аудандарының 150 мыңға жуық тұрғынына мамандандырылған медициналық көмек алуға мүмкіндік беріп отыр.
Сонымен қатар, облысыта инфрақұрылымды жақсарту мақсатында жүзге жуық медициналық нысан пайдалануға берілген. Олардың қатарында дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттер бар. Мәселен, Бұқар жырау ауданындағы Гагарино ауылында ашылған амбулатория 1500-ден астам тұрғынға қызмет көрсетеді. Мұнда диагностикалық көмекпен қатар, телемедицина және оңалту қызметтері де қарастырылған.
Дегенмен, ауылдық жерлер үшін мәселе аурухана құрылысы ғана емес. Мұнда дәрігердің қолжетімділігі, медициналық жабдықтың жеткіліктілігі және науқастың емханаға жету мүмкіндігі де маңызды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өңірдің мемлекеттік медициналық ұйымдарында 144 штаттық бірлік тапшылығы бар. Оның 95-і – дәрігерлер. Демек, жаңа нысандарды білікті мамандармен қамтамасыз ету де күн тәртібінен түспеуі керек.
Осы ретте телемедицина ауыл тұрғындары үшін тиімді шешімдердің біріне айналуда. Облыс бойынша 117 медициналық нысан қашықтан кеңес беру жүйесіне қосылған. Жобаға 264 миллион теңге бөлініп, 170 мыңнан астам тұрғынды қамту мүмкіндігі жасалған. Бүгінге дейін телемедицина арқылы 1648 адам тексеріліп, 14 мыңнан астам зерттеу жүргізілген. Нәтижесінде 66 адам алғаш рет диспансерлік есепке алынып, 76 науқасқа ем тағайындалған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Самат Кенжибаевтың айтуынша, телемедицина жүйесі алдымен Шет ауданында сынақтан өткізіліп, кейін облыстың барлық ауылдық аумағына тараған. Бұл бастама аудандық дәрігерлердің облыстық деңгейдегі мамандармен тікелей байланысуына жол ашты.
Шет аудандық ауруханасының жалпы тәжірибелі дәрігерлер бөлімшесінің меңгерушісі, жоба жетекшісі Меруерт Әбішева телемедицина нүктелері ауданның 18 елдімекенін қамтығанын айтады. Оның құрамына аудандық аурухана, Ақадырдағы ауылдық аурухана, алты дәрігерлік амбулатория мен он фельдшерлік-акушерлік пункт кіреді. Осылайша, шалғай ауыл тұрғындары кейбір мамандардың кеңесін өз елді мекенінен шықпай-ақ ала алады.
Бұқар жырау ауданындағы көрсеткіштер де жүйенің тиімділігін аңғартады. Мұнда телемедицина қызметін 436 адам пайдаланған. Олардың 34-і диспансерлік есепке алынып, 29 науқас ем қабылдаған, 275 адам қосымша тексеруге жіберілген. Алдын ала есеп бойынша, тұрғындардың жол шығынынан шамамен 4,36 миллион теңге үнемделген.
Әрине, телемедицина дәрігердің тікелей қабылдауын немесе күрделі медициналық көмекті толық алмастыра алмайды. Бірақ маман кеңесіне уақытылы қол жеткізуге, ауруды ерте анықтауға және қажетсіз жол шығынын азайтуға көмектеседі.
Түптеп келгенде, ауыл медицинасын дамыту – әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртудың маңызды бөлігі. Жаңа ғимарат пен заманауи жабдықтың нәтижесі тұрғынның дер кезінде ем алуынан көрінуі керек. Ал шалғайдағы науқас үшін сапалы медициналық көмекке жету жолдың ұзақтығына немесе тұрғылықты жеріне тәуелді болмауға тиіс. Жолдауда айтылған нақты қажеттілікті ескеру талабының мәні де осында.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



