Бас тақырыпЖаңалықтар

Қарағандыда такси жүргізушісі алаяқтықтың алдын алды

Қарағандыда 68 жастағы зейнеткер телефон алаяқтарының құрбаны бола жаздады. Алаяқтардың арбауына түскен әйелдің 3 миллион теңгесін такси жүргізушісі мен полиция қызметкерлерінің көмегі сақтап қалды, деп хабарлайды Ortalyq.kz Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

Сурет ЖИ арқылы жасалды

Оқиға белгісіз адамдардың зейнеткерге телефон соғуынан басталды. Олар өздерін бұрынғы әріптестері ретінде таныстырып, банк шоттарын шұғыл тексеру қажеттігін айтқан.

Кейін WhatsApp мессенджері арқылы «Марат» есімді адам байланысқа шығып, өзін банктердің бірінің қауіпсіздік қызметінің қызметкері ретінде таныстырды.Алаяқ әйелді депозитіндегі 3 миллион теңгені шешіп алып, қалааралық такси арқылы Алматыға жіберуге көндіруге тырысты.

Зейнеткер сауда үйіне қарай бет алған кезде такси жүргізушісі оның әрекетінен күмәнді жағдайды байқап, полицияға хабар берген. Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары мән-жайды анықтап, әйелдің қомақты қаржысынан айырылуына жол бермеді.

Осы жағдайға байланысты Қарағанды облысының полиция департаменті тұрғындарға сақтық шараларын тағы бір мәрте еске салды. Құқық қорғау органдарының, банктердің немесе жұмыс берушілердің өкілдері мессенджер арқылы хабарласып, ақша аударуды не қолма-қол беруді талап етпейді.

Полиция қызметкерлері банк шоттары мен депозиттер туралы мәліметтерді, сондай-ақ SMS арқылы келетін кодтарды ешкімге бермеу керектігін ескертті. Мұндай ақпарат құпия сақталуы тиіс.

Сонымен қатар полиция тұрғындарды егде жастағы туыстарымен профилактикалық әңгіме өткізіп, телефон және интернет арқылы жасалатын алаяқтықтан қорғану жолдарын түсіндіруге шақырды.

Материалды әзірлеген Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button